Өмірде әр адамның өз ұстазы болады. Ұстаздарыма еліктеп, осы мамандықты қаладым. Жоғары оқу орнына түсуді армандап, оқушылық кезден-ақ сол мақсат жолында жұмыстануға тырысып бақтым. Вожатый болу (жетекшінің көмекшісі) - сол ұстаздықтың баспалдағы секілді еді. Төменгі сынып оқушыларының тәрбие ісіне араласу – арман жолына бір табан жақындатқандай болатын.
Еңбек жолым С.Меңдешев мектебінен бастау алады. Тұңғыш мектепке келгенім, сол күні қобалжығаннан абдырап, оны білдіртпеуге күш салып, сынып журналын алып, оқушылармен танысуды бастағаным әлі есімде...
Күні кеше сияқты болғанымен сол шәкірттерім бұл күнде ата-әже боп, немере-жиен сүйіп отыр. Кездесе қалсақ, әлі күнге тік тұрып, ізет көрсетуден танған емес. Ең жақын бауырымды көргендей боп мәз боп қалам. Осындайда бір қызық жай еске түседі. Ол уақытта сыныптан-сыныпқа көшу емтиханында әр сынып оқушылары билет суырып, сол билеттегі сұраққа жауап береді. Билеттер бағдарламаға сәйкес жасалып, бірлестік отырысында талқыланып, бекітіледі. Әр билетте үш сұрақтан болады. Сондай бір емтихан кезінде, ең соңынан отыз төртінші боп кірген оқушымнан билетінің тақырыбын сұрадым. «Абай Құнанбаев» деді де кідіріңкіреп қалды. «Өмірбаяны ма?» деген сұрағыма ол басын изеді. Өзінің сабақ үлгерімі орташа ғана еді. Ол бастап кетті. Әдеттегіден басқаша, тез және жақсы айтып тұр. Өмірбаянынан соң екінші сұрағымен таныстыру керек еді, ол бірақ Абайдың табиғат лирикаларын талдап айтып кетті. Жақсы дайындалғасын айтқысы кеп тұр-ау деген ойда болдым. Әйтпесе Абайдың шығармаларын бір билетке сыйғызу мүмкін емес еді. Оқушым енді поэмаларына ойысып, айта бастады. Таң қалған мен билетін сұрап алдым да, аңырып тұрып қалдым. Билетте Абай туралы сұрақ мүлде жоқ екен! Мен оған қарадым, ол көзін төмен түсірді... Жалпы қазақ әдебиеті бойынша берілетін барлық сұрақтарды оқи алмасын білген оқушы, емтиханнан сүрінбей өту үшін, тек Абайды түгел оқып дайындалғаны белгілі болды. Қазір шәкіртімнің сол әрекетін тапқырлық деп есептеймін.
Бағыма қарай еңбек жолымда көбіне жақсы адамдармен бірге жүрген екем. Ауданда әдістемелік кабинет басшысы Светлана Сатыбалдықызымен бірге жұмыс істеген кездерім ең сәулелі, шығармашылыққа толы уақыт болған екен. Аудандық шығармашылық топтың ішінде Бекен ағай Ерұлымен, Орынбай ағаймен, Сара Ұшырқызымен іссапарда жүргенімді зор ризалық сезіммен, ықыласпен еске аламын. Аудан мұғалімдері арасында тәжірибе алмасуды жақсы жүргізетін Светлана Сатыбалдықызы «сіздер білім беру десантысыздар» дейтін. Айтылған мектепке барып, сол сыныптың бағдарламадағы тақырыбы бойынша сабақ өткізетінбіз, өзімізді солай шыңдау, сондай сынақтан өту маған қатты ұнайтын. Жас кезімнен жақсы маман боп қалыптасуыма көп еңбек сіңірген, күнде сабағыма қатысып, тас-талқанын шығарып талдайтын Сара Ұшырқызы, марқұм Аққалам Кәрімқызы сияқты ұстаздарға алғысым шексіз.
Зейнет жолына ерекше жұмыстанып, «Дара жолға» қонаққа шақырып, шығарып салған Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінің ұжымына, сүйікті әріптестеріме айтар алғысым шексіз. Өз ұжымымның әр мүшесін бауырымдай жақсы көремін. Оларға қашанда ақ жол тілеймін.
8-наурыз – нәзік жандар үшін мерейлі мереке. Әр сынып ашық тәрбие сағатына қонақ ретінде шақырады. Өз өнерлерін көрсетеді. Шәкірттеріміздің өнерлі болғаны қандай жақсы! Мерекеде бағалы сыйлықты ешқашан қабылдамадым, шәкірттерім сыйлаған кітаптар бүгінде сөремде тұр
Ақмарал Аманқызы,
зейнеткер ұстаз