29.03.2021, 11:05
Оқылды: 60

Жымпитылықтар Жаңыл ақынын ардақтайды

Жымпитылықтардың айтыскер ақын Жаңыл Жұрмағамбетоваға деген құрметі ерекше. «Айтыстың алғашқы қарлығашы» атты көрмеге қойылған оның өмір-өлең тарихы, алуан түрлі марапаттары, ақындардың еске алған арнаулары тереңнен сыр шертеді.

жан2

1972 жылы өткен айтыста Чапаев ауданынан келген ақын Жанғали Қаратаев былай деп бастапты:

Кемелге келген апай кезіңізге,

Кезекте беріп едім өзіңізге.

Орынсыз тартынасыз амал қанша,

Болғаны шамдамбасаң сөзімізге.

Ақыны Жымпитының ардақтаған,

Сүйсініп өнеріңді ел мақтаған

Дауысың көптен бері естілмеуші еді

Оң болсын талаптанып басқан қадам...

Жаңыл апайдың өмірі қиыншылық кезеңде 1941-1945 жылдарында екінші дүниежүзілік соғыс жылдарымен қатарлас тар жол, тайғақ күндерінде өтті.

1925 жылы 7 сәуірде Бұлан ауылдық кеңесінің Қосағал деген жерінде дүниеге келді. Талай боздақтардың жанын қиған. Гитлерлік соғыс басталғанда Жаңыл Жұрмағамбетова 16 жастағы балауса қыз еді. Ер адамдар жаппай Отанын қорғауға аттанып жатқанда ол қолына айырын, күрегін алып, шаруашылық жұмысына араласты. Тракторлар жүргізетін курсты тәмамдап, темір тұлпарға отырды. Ақын апа өмір туралы толғауында:

Қиялым қыран көкте еді,

Гүл атып бұла көктедім.

Соғыстың өрті шарпыды,

Жастықтың асау көктемін.

Жанары жас боп ананың,

Ойыны қалды баланың.

Тракторға отырдық,

Жоқтатпай орнын ағаның.

Көңілдің таппай шарасын,

Жоқтады ана баласын.

Еңбекпен, жырмен емдедік,

Соғыстың салған жарасын, - еске алады өткен өмір дариясын.

Жаңыл апай осылайша еңбекке ерте араласады. Соғыстан кейін тұтынушылар одағында жұмыс жасайды. 1946 жылы Серғали деген азаматпен отбасылық шаңырағын көтереді. Жастайынан өлең шығарумен айналысып, жиын-тойларда домбырасын шертіп, 1958 жылы облыстық ақындар айтысына қатысады. Бұл жыр-думанда қаратөбелік Хамит Әбіловпен айтысып, екінші орын алса, бір жылдан кейін болған айтыста бірінші орынды иемденеді. Жалпы айтыс деген қазақ халқының ежелден келе жатқан әдеби өнері ғой. Біздер өткен тарихтан Сара, Біржан, Жамбыл, Нұрпейіс, Кенен айтыстарын оқып білеміз. Осы қазақтың халық өнерін жалғастырып, бүгінге дейін жеткізген айтыскер ақын Жаңыл Жұрмағамбетова жас ақындарды үлкен өнерге баулып, өзіне бірнеше шәкірттер даярлады десек, асыра айтқандық емес. Олар бүгінде сол апасының өнерін жалғастырып жүрген ардагер ақындар Қатимолла Бердіғалиев, Шолпан Қадырниязова, Дариға Мұштанова, Махмет Қажиахметов, марқұм Асқар Сұлтанов тағы басқаларын атаған жөн.

Жаңыл апай екі ұл, төрт қыз өсіріп, ұлын үйлендіріп, қызын тұрмысқа шығарған ардақты ана. Бүгінде немере, шөберелері әжесін еске алып, оның өткен өмірін, тәрбиесін, айтқан өсиет-сөздерін ұмытпай, өнеге-үлгі тұтады, ақын әжесімен мақтанады. Қызы Меңдігүлге анасының ақындық өнері дарып, жанынан өлең шығарады. Мендігүлдің еске алу кешіне арнауында былай деп жыр толғайды:

Жан едің-ау анашым тауың биік,

Тыңдаушы еді жырыңды қауым сүйіп.

Естігенде күмбірін домбыраның,

Жанарымнан тұрады жауын құйып.

Өнерден жастайынан жасқанбаған,

Әуені самғап биік аспандаған.

Той түгіл, Жымпитының қонақтығы,

Жаңылдың жырлауынсыз басталмаған.

Мен бүгін бақыт бағын араладым,

Өнерін анамыздың бағаладық.

Бәріңе шын жүректен алғыс айтам,

Еске алған анамызды ағаларым.

Сайрап тұр бүгін әнің, бақта құсын,

Бір аунап түсетіндей шақтамысын,

Мәңгіге топырағың торқа болсын,

Аяулым, жаным ана, мақтанышым.

Міне, осылайша бір кезде айтысымен ауданның, облыстың намысын қорғаған тыл және еңбек ардагері, айтыс өнерінің қарлығашы Жаңыл Жұрмағамбетова тірі болса, биыл 95 жасқа толар еді?! 2003 жылы қайтыс болған айтыскер ақынды елі, оның өлеңін естіп, айтысын тыңдаған аналар, әкелер, қариялар әліде ұмытқан жоқ. «Өнер өлмейді» деген сөз шындық болса, Жаңылдың екінші екінші өмірі басталды. Өйткені артында «Жыр дария» және «Айтыстың алғашқы қарлығашы» атты жыр жинақтары қалды. Еске алар, жұма сайын шелпек нан пісіріп, дұға оқытар балалары, қыздары, немере, шөберелері бар, осығанда шүкіршілік етейік, ағайын!

 

Қуанышқали Ғұсманов,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

тыл және еңбек ардагері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале