9.04.2021, 10:54
Оқылды: 28

Медициналық сақтандыруға салғырт  қарамайық

 Құрметті оқырман!  Әр  апта сайын заң  саласындағы маңызды деген  жаңалықтарды  өздеріңізге  ұсынудамыз. Бұл жолғы айтарымыз да сіз  үшін өте  маңызды ақпарат деп есептейміз. Себебі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап  міндетті  әлеуметтік медициналық  сақтандыру жүйесі толығымен іске  қосылған болатын. Бұл  –  еліміздің әр азаматына қатысы  бар реформа. Сондықтан міндетті медициналық сақтандыру туралы  біз ұсынған осы ақпаратпен міндетті  түрде танысып шығыңыз.  Сұрақтарыңыз болса, редакцияға жолдаңыз, жауап береміз.

2C7F2681-812C-4B07-8242-DBE755397ABC

Жалпы, тақырыпқа кіріспес бұрын медициналық сақтандыру дегеніміз  не, оның  түсінігі,  идеясы туралы қысқаша мәлімет келтіре кетейік.

Медициналық сақтандыру – жұмыс берушілердің, азаматтардың сақтық жарналары мен бюджеттік қаражаттар есебінен сақтандырылған адамдарға зиянның орнын өтеу үшін және медицина мекемелерінің шығындарының өтемақысын төлеу үшін ауырған, жарақат алған жағдайда денсаулықты қаржыландыру жөніндегі қатынастар. Ол әлеуметтік бағдарланған экономикасы бар елдердің сақтық қорғауы тұтас жүйесінің міндетті атрибуттарының бірі болып табылады. Медициналық сақтандырудың екі түрі бар: міндетті және ерікті.

Міндетті медициналық сақтандыру кезінде заңнамамен барлық азамат үшін бюджетке төленетін аударымдардың бірдей мөлшерлемесі белгіленеді. Соның есебінен денсаулық сақтауға жұмсалатын ақшалай қор қалыптасады. Мұндай жүйе халықтың барлық жігі үшін медициналық және дәрі-дәрмектік көмектің тең көлемі мен сапасын қамтамасыз етеді.  Міндетті медициналық сақтандыру әлемдегі дамыған елдердің көпшілігінде бар және азаматтардың денсаулығын қорғауға арналған конституциялық құқығын іске асыруға бағытталған.

Міндетті медициналық сақтандырудың құндылығы – келісімшарт тәртібінің болуы. Келісімшарт орындалмаған жағдайда сақтандырушы өз қаржысын кері қайтарып алуға болады. Медициналық жәрдем жақсы болса, бұл мекемеге аурулар көп келетіндіктен, медициналық жәрдемнің сапасын арттыруға мүмкіндік те мол. Дәрігерлер ауруды емдеуге ынталы болады. Сөйтіп, медицинаға қалыпты нарықтық қатынастар  енгізіледі.

Енді ерікті медициналық сақтандыруға тоқталып кетсек, ол міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне толықтыру болып табылады. Ол сақтық төлемақыларды, яғни медициналық қызмет көрсетуге жұмсалатын өтемді жүзеге асыруды қарастыратын жеке басты сақтандыру түрлерінің жиынтығы болып келеді. Сақтық полисінің құны қызметтердің ассортиментіне, емдеуге жататын сырқаттардың түріне, сақтандырылған ауруға қызмет көрсетілетін емдеу мекемелеріне байланысты болады. Ерікті медициналық сақтандырудың негізгі құндылығы қазіргі құрал-жабдықпен жарақталған және жоғары сыныптық мамандары бар клиникаларда сапалы медициналық жәрдем алу мүмкіндігі болып табылады.

Дамыған елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, ең дұрысы міндетті және ерікті медициналық сақтандырудың үйлесімі болып табылады. Мысалы, АҚШ-та «Медикор» жүйесі егде адамдар үшін, «Медикэйд» жүйесі кедейлер, жұмыссыздар мен мүгедек-
тер үшін сырқатты сақтандыру. Медициналық сақтандырудың шетелдік жүйелері, әдеттегідей өзін-өзі сақтандыру қағидатында (жұмыс берушілердің, жұмыскерлердің және мемлекеттің негізінен төменгі әкімшілік буынның қатысуы) жұмыс істейді және нысандары мен әдістерінің сан алуандығымен ерекшеленеді. Медициналық сақтық қорғаудың ұжымдық (сапалық), қоғамдық (мемлекеттік) және жеке (жекеше) жүйелері бар. Медициналық сақтандыру қорларына сақтық жарналарын төлеуде жұмыс берушілердің міндетті қатысуы заңнамада қарастырылған. Сақтық қорларын қалыптастыру, қызметтер көрсету сияқты сақтаушылардың табыстарына, қор мекемесі-
нің мәртебесіне, кейде сақтандырылғандардың жасына қарай сараланған.

Сонымен, жоғарыда атап өткеніміздей, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толығымен іске қосылды. Оны қайдан, қалай білеміз? Егер сіз мемлекеттік мекемеде немесе жеке кәсіпорында қызмет ететін болсаңыз, айлық жалақыңыздан міндетті медициналық сақтандыруға қашаннан және қандай көлемде қаражат ұсталып жатқандығы туралы мәліметті мекемеңіздің есепшісінен барып білсеңіз болады. Яғни өз жалақыңыз есебінен ай сайын алда болып қалуы мүмкін әр түрлі жағдайға байланысты арнайы қорға ақша аударып жатырсыз. Бұны біліп, сезініп жүрген өте маңызды.
Сонымен қатар «Қыстың қамын жазда ойла» деген қазақ мақалын басшылыққа алып, еш жеріңіз ауырмаса да, денсаулығыңыз темірдей болса да, алда болуы мүмкін әр түрлі оқыс жағдайларды ескере отырып, міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘМС) ұсынған тәртіпте төмендегідей әрекеттерді жасап қойғаныңыз дұрыс.  

Алдымен  мәртебеңізді анықтаңыз

Әлеуметтік мәртебені egov.kz порталы арқылы білуге болады. Еgov.kz порталы, оның маңызы туралы газеттің алдыңғы сандарында егжей-тегжейлі жазған болатынбыз. Еgov.kz сілтемесі арқылы порталға кіргеннен кейін ЖСН енгізесіз. Содан кейін төмендегі статустың бірін таңдайсыз: «Жұмыс істейді», «Әлеуметтік төлем алушы», «18 жасқа толмаған балалар», «Өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде тіркелген» және «Мәртебесі анықталмағандар». Жұмыссыз болсаңыз, халыққа қызмет көрсету орны (ХҚКО), жұмыспен қамту орталығына немесе әкімдікке барып тіркелуіңіз керек. Егер экономиканың бейресми саласында еңбек етсеңіз, онда жеке кәсіп-
кер (ЖК) ретінде ақша аударасыз немесе бірыңғай жиынтық төлем төлеуіңіз қажет.

«Емханаға тіркелу»

Емханаға тұрғылықты жері бойынша тіркелуге болады. Сіз ауыл, елді мекен, қала, аудан, облыстық немесе республикалық маңызы бар қаладағы немесе елордадағы бір ғана емхананы таңдай аласыз. Сондай-ақ жалпы практика дәрігерін немесе тіркелген емханадағы учаскелік дәрігерді таңдайсыз. Бастапқы медициналық-санитарлық көмекті медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт бекіткен мемлекеттік немесе жекеменшік емханалар көрсетеді. Медициналық мекемелердің тізімімен https://fms.kz/ru/select-medical-inst сілтемесі арқылы танысуға болады.

Мен жұмыс берушімін

Жұмыс берушілер 2017 жылдың шілде айынан бастап қарамағындағы қызметкерлер үшін жалақының 1 пайызы мөлшерінде жарна аудара бастады. Жарна жұмыс берушінің қаражаты есебінен аударылады. 2019 жылы аударым мөлшері – 1,5 пайызды, 2020 жылы – 2 пайызды, 2022 жылдан бастап 3 пайызды құрайды. Қарамағында жалдамалы жұмысшылары бар жеке кәсіпкерлер (ЖК) мен шаруа қожалығы (ШҚ) иелері де жарнаны осы тәртіп бойынша аударады.

«Мен жалдамалы жұмысшымын»

Егер сіз жалдамалы жұмысшы болсаңыз, онда жұмыс беруші 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық табысыңыздың 1 пайызын, 2022 жылдан бастап 2 пайызын қорға аударып отырады.

«Мен  өзін-өзі  жұмыспен қамтушымын/ БЖТ төлеушілер

Фрилансер, жеке кәсіпкер (ЖК), жалдамалы қызметкер санатына жатпайтындар немесе сүт сатушы, бала қараушы сынды тағы басқа жұмыстарды еш келісімшартсыз атқаратындар бірыңғай жинақтық төлем төлейді.

Бірыңғай жинақтық төлемнің

– 10 %-ы – жеке табыс салығы;

– 20 %-ы – мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына;

– 30 %-ы – бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына;

– 40 %-ы – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылады.

Республикалық маңызы бар қалалар, елорда мен облыстық деңгейдегі шаһарларда БЖТ 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе
2 525 теңге, ал басқа елді мекендерде жарты (0,5) АЕК немесе
1 263 теңгені құрайды. МӘМС пакетін пайдалану үшін БЖТ 3 ай қатарынан төленуі тиіс.

 «Мен фрилансер
немесе ЖК»

Егер сіз фрилансер, яғни азаматтық-құқықтық келісім негізінде қызмет көрсететін жеке тұлға немесе жеке кәсіпкер болсаңыз, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзіңіз үшін жарна аударасыз. Заң бойынша тапсырыс беруші (салық агенті) жеке тұлғаның табысынан 2020 жылы – 1 пайыз, 2021 жылы – 2 пайыз, 2022 жылы 3 пайыз ұстап, МСҚ-ға аударады. ЖК 1,4 ең төменгі жалақының (ЕТЖ)  5 пайызын төлейді.

Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар табысы мен төлеген жарнасының көлеміне қарамастан, мемлекет кепілдік берген барлық медициналық қызмет түрлерін  пайдалана  алады.

Консультациялық-диагностикалық қызмет:

• ересектерді профилактикалық тексеруден өткізу;

• балаларды мамандандырылған тексеруден өткізу;

• қымбат диагностикалық қызметтер, оның ішінде зертханалық (КТ, МРТ, ПЦР және ИФА, т.б.) тегін көрсетіледі.

 МӘМС бойынша (ТМККК кіретін қызметтен бөлек) қосымша мынадай қызмет түрлерін алуға болады:

– амбулатория деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамту;

– стационарлық көмек, жоспарлы стационарлық көмек;

– балалар мен ересектерді медициналық оңалту: кардиология, кардиохирургия, неврология, ней-
рохирургия, травматология және ортопедия.

 Аударымдар мен жарналар деректемелері

KZ92009MEDS368609103

БСН 160440007161

БСК GCVPKZ2A

Жұмыскерлер үшін төлем тағайындау коды (КНП) – 121;

ЖК мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде жұмыс істейтін жеке тұлғалар үшін төлем тағайындау коды – 122;

Бірыңғай жиынтық төлем үшін төлем тағайындау коды – 183.

 Егер медициналық сақтандыруға байланысты сұрақтар пайда болса, онда редакцияға сауал жолдауға немесе өзіңіздің емханаңызға жолығып, білуіңізге болады.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале