«Руымды сұраса, қалқаман тана деймін». Әзірбайжан қызы Тамара Кафарова осылай дейді. Жәнібек ауылының жұртшылығы оны қазақтың келіні, мәдениет майталманы ретінде жақсы таниды. Аудандық мәдениет үйінде әдіскер боп қызмет атқаратын ол – «Жәнібек сазы» халықтық-фольклорлық ансамблінің белді мүшесі. Жуырда Тамара Джурышқызы Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.
Тамараның әкесі Касумов Джурыш Ырзаоглы мен анасы Кафарова Джейран Азгемқызы Әзірбайжан астанасы Баку қаласында туып-өскен, 1959 жылы шаңырақ көтеріп, 1964 жылы Қазақстанға өз еріктерімен жұмыс істеуге келеді. Алғашында жас отбасы Жаңақала ауданының Мәстексай ауылына ат басын тірейді. Көп кешікпей Жалпақтал ауылына қоныс аударады. Туған өлкесін қазақтың шексіз даласына ауыстырып, ауылдан пана тапқан ұлт үшін бұл өңір олардың екінші Отанына айналады.
– Жат жерде еңбек етіп, өмір сүруге тура келген ата-анамды ауылдағы ҰОС-ның ардагері Қуаныш Өтегенов пен зайыбы Жаңыл мама отбасына қабылдайды. Өздерінің келін-балаларынан кем көрмей, барлығы бір шаңырақтың астында өмір сүрді. Әзірбайжан және орыс тілінде сөйлейтін ата-анам қазақ тілін тез меңгерген екен. Сөйтіп, апам Таня, Қажымұрат, Шахмұрат, Баймұрат, Мұрат есімді інілерім қазақ жерінде дүниеге келдік. Тіліміз қазақ тілінде шықты, қазақтың салт-дәстүрін бойымызға сіңіріп өстік. Қуаныш ата мен Жаңыл мамамыз ата-әжеміздей жақын жандар болды. Қуаныш атаның руы қалқаман тана еді. Біздің руымыз жоқ қой. Бала кезімізден руымызды сұраса, қалқаман тана дейтінбіз. Әлі күнге солай. Отбасында бала саны көбейгесін атам мен әжем ата-анамды еншісін беріп, бөлек шығарды, – дейді Тамара.
Осылайша Кафаровтар Жалпақталда оқып, өсіп-өнеді. Әкесі Джурыштың аккардион тартып, ән салатын өнері болған. Осы өнер Тамараға берілсе керек, өнерге бір табан жақын өседі. Содан 8-сынып бітірген соң Орал қаласындағы мәдени және ағарту училищесіне оқуға түседі.
1983 жылы оқуын аяқтап, дипломмен Фурманов ауылына оралған 19 жастағы Тамараны аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Ғилым Ерекешов Сарықұдық селолық мәдениет үйінің директоры етіп жібереді. Кейін Қараөзен мәдениет үйінің директоры, Фурманов аудандық мәдениет үйінің нұсқаушысы боп 20 жылдан астам уақыт жемісті еңбек етеді. Сол жылдары сахна өнеріне баулып, қазақтың ұлттық құндылықтарына сүйіспеншілігін қалыптастырған Мұхамбетжан Ғұмаров атындағы театрдың режиссері Нұрлан Шаканаевты, әріптестері Зәуреш Ахмурзина, Самат Ерғалиев, Қайрат Төлешевті сағынышпен еске алады.
Бір өкініштісі, әкесі мен Қажымұрат, Шахмұрат, Мұрат есімді бауырлары өмірден озды. Ал жуырда 85-ке толған анасы бала-келіні Баймұрат пен Жаңылсынның қолында тұрады. Апасы Таня көршілес Ресейдің Хайдар атты жігітімен шаңырақ көтеріп, ұл-қыз, немере-жиен сүйіп, өз алдарына бақытты ғұмыр кешуде. Тамара үшін 2005 жыл елеулі жыл болды. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін сырттай аяқтап, жоғары кәсіби білімді мәдени ұйымдастырушы мамандығын иемденеді. Сол жылы жәнібектік Нұрболат есімді қазақ жігітіне тұрмысқа шығады. Бүгінде қазақ отбасының үлкен келіні Тамара жұбайы екеуі Риза есімді қыздарын тәрбиелеуде. Ол ұлты бөлек болса да, өзін «қазақпын» деп есептейді. «Әрбір қазақтың бойынан табылатын қасиет менің де бойымда бар» деп санайды.
Әсемгүл Қуанғалиева,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz