Биыл Ұлы Отан соғысының басталғанына 80 жыл толады. Бір кезде Қазақстан СССР деп аталған алып империяның құрамында болды. Отан ортақ болған соң, дос та ортақ, дұшпан да ортақ болуы заңды ғой. Қазақ елі, қазақ халқы ортақ жаумен күресте ерен еңбек пен жанқиярлықтың небір үлгілерін көрсетті. Мұның бәрі тарих болып хатталып қалды. Қазақ қаламгерлері соғыс тақырыбындағы кітаптарды дүниеге әкелді. Осы орайда Бауыржан Момышұлы бастаған майдангер жазушылар ерен еңбек сіңірді. Бұл тақырып ескірмек емес. Себебі соғыс әкелген қайғы-қасірет, сондай-ақ елдік-ерлік тәлімі халық жадында ұзақ сақталары хақ. Төрт жылға созылған сұрапыл соғысқа қатысып, қан кешкен қайсар буын өмір сахнасынан кетіп жатыр. Қазір аудандарда ғұмыр кешіп жатқан соғыс ардагерлерінің саны саусақпен санарлықтай деуге болады. Иә, соғыс, жеңіс тақырыбында қалам тарту майдангерлердің ұрпақтары үлесіне тигендей. Оралдық белгілі қаламгер Айтқали Нәріков ұзақ жыл бойына бұқаралық ақпарат құралдарында жемісті еңбек етті. Зерттеп-зерделеу, талпыныс – ізденіс нәтижесінде «Тасқала тарланы», «Барлаушы», «Жайықтың жарық жұлдыздары», «Мен – майдангер ұлымын» деп аталған очерктер кітаптары жарық көрді.
Толығырақ облыстық «Орал өңірі» газетінің 2021 жылғы 7 мамыр күнгі №37 санындағы Нұр-Сұлтан қаласынан хат жолдаған ұстаз-тарихшы Сайлау Сүлейменовтің «Ерен ерлер туралы сыр шертетін елеулі еңбек» атты мақаласынан оқып біле аласыздар!
zhaikpress