Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында биыл ауылдардың, ауыл округтерінің, кенттердің және аудандық маңызға ие қала әкімдерінің сайлауы өтетіні айтылған. Қазіргі таңда елдің барлық аймағында саяси науқанға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Маңызды кезеңге әзірлік барысы Жаңақала ауданында қалай өтуде? Сайлау учаскелері сақадай сай ма? Осы жөнінде аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Айдар Қаресовтен сұрап білген едік.
- Президент Қ.Тоқаев бұл жолғы сайлаудың өзгеше болатынын, яғни, тұрғындар әкімді тікелей және төте дауыс беру арқылы сайлайтынын атап өтті. Мұндай дауыс берудің артықшылығы қандай?
- Биылғы сайлаудың ең басты ерекшелігі халық тікелей әкімдерді өздері сайлайды. Бұрынғы сайлауда әкімдердің кандидатуралары өздеріңізге мәлім, жергілікті қауымдастықтар жиналыстарында талқыланып, аудан әкімінің ұсынбасы негізінде депутаттар сайлайтын еді. Ал екінші ерекшелігі – әкімдікке ұсынылатын кандидаттарды саяси партиялар, екіншіден коммерциялық емес ұйымдар, сонымен қатар өзін-өзі ұсыну қосылды. Өзін-өзі ұсынған кезде сол округтегі сайлаушылардың бір пайызының қолдауына ие болып, қол қою парағы арқылы сайлаушылардың қолдарын жинау керек болады. Егер бір ауылдық округ әкіміне ұсынылған кандидаттардың саны екіден кем болса, аудан әкімінің өзі әкімдікке кандидатын ұсынады. Сондай-ақ сайлау бюллетенінде кандидаттарға қарсымын деген графа енгізілді.
- Ал біздің ауданда жауапкершілігі үлкен саяси науқанға дайындық қалай?
- Ауданда сайлауға дайындық тиісті деңгейде жүргізіліп жатыр. Сайлауды тағайындау туралы шешімді қабылдап, қаулы шығаратын аудандық аумақтық сайлау комиссиясы. Бұл жөнінде тиісті хабарламаларды жергілікті «Жаңарған өңір» газетінің бетіне және аудан әкімінің ресми сайтындағы «Сайлау» интернеттік парақшасында жариялап отыратын боламыз. Барлық учаскелік сайлау комиссиялармен семинар кеңес өткізілді. Биыл бес ауылдық округте сайлау өткізу жоспарлануда. Атап өтетін болсам, Жаңақазан, Жаңажол, Көпжасар, Бірлік, Жаңақала ауылдық округі. Оның төртеуі шілде айында өтеді деген жоспарымыз бар. Жаңақала ауылдық округі әкімінің өкілеттік мерзімі күз айында бітетіндіктен сол кезде өтеді. Өтетін мерзімі ақпараттық құралдарында жарияланатын болады.
- Сайлауда дауыс беру қай уақытта басталып, қай уақытта аяқталады?
- Сайлаушылар таңертеңгі 7:00-ден кешкі 20:00-ге дейін сайлауда дауыс бере алады. Сайлаушылардың саны 100-ден аспайтын учаскелік сайлау комиссияларының заңнамаға сәйкес кез келген уақытта дауыс беруді аяқтауға мүмкіндігі бар.
- Ауыл әкімдерін төте сайлау қалай өтеді? Сайлау учаскелері жұмыс жасай ма? Комиссия мүшелері бола ма?
- Сайлау өтетін төрт ауылдық округте 11 сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады. Барлық сайлау учаскесі тиісті дәрежеде өздеріне жүктелген қызметтерін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңына сәйкес атқарады. Әрбір учаскелік сайлау комиссиясы төрағасынан, төраға орынбасарынан, хатшыларынан және мүшелерінен құралған. Барлық сайлау комиссияларының мүшелері аудандық мәслихатпен сайланып, бекітілген.
- Ауыл әкімі лауазымына кандидаттарға қандай талап қойылады? Сайлаушылар қалай дауыс береді?
- Кандидаттарға қойылатын талаптар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңында қарастырылған. Кандидаттарды тіркеу, тексерістен өткізу аудандық аумақтық сайлау комиссияның міндеті. Бұл жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіледі. Әртүрлі деңгейдегі тексерулерден өтеді. Жалпы, аудан әкімінің ресми сайтының «Сайлау» парақшасында жарияланатын Бірлік, Жаңажол, Жаңақазан, Көпжасар ауылдық округі әкімдерінің сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі Жаңақала аудандық аумақтық сайлау комиссиясының негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспарына сай жүргізіледі.
- Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп рақмет!
Сұхбатты жүргізген Жаннұр Берікқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz