Бәйтерек ауданына қарасты Макаров ауылының жастары өте белсенді. Осы кезге дейін бірнеше мәрте қайырымдылық шараларын ұйымдастырды. Әсіресе ауыл жастарын еңбекке баулу, салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортты дамыту бағытындағы бірқатар шаралары өз деңгейінде өтті.
Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білген Макаровтың белсенді жастары жуырда округтің учаскелік полиция қызметкерімен және төтенше жағдайлар бөлімінің мамандарымен бірігіп, ауыл маңындағы суға түсу орындарына рейд жүргізді.
Көбіне балалар мен ересектер шомылатын орындарға барған жастар ыстықтан қашып, өзен жағасын демалыс орнына айналдырғандарға үнпарақтар таратып, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертті.
Сондай-ақ «30 игі іс» акциясына да өзіндік үлестерін қосқан округке қарасты Садовое ауылының жастары елді мекендегі дүкен сөрелеріне тегін нан қойып, оны мұқтаждарға таратуда.
Шағын ғана ауыл жастарының ісі көпке үлгі. Басқа округ белсенділері де бұндай шараларды қолға алады деген үміттеміз.
Арал Болпышұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz