Талантымен және белсенділігімен көзге түскен жастар мен түрлі сала мамандарының басын біріктірген жастар керуені Шыңғырлау ауданында қонақта болды. Әр жыл сайын жалынды жастарды жинап, түрлі қызықты әрі танымдық ақпараттармен бөлісіп, шеберлік сағаттарын өткізетін жастар керуені биыл ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аталмыш шараға «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты тақырыпты алып отыр.
БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Әділгерей Зұлхаров Шыңғырлау ауданының табиғаты тамсандырар, Ресеймен шекаралас белсенді аудан екенін атап өтті.
Керуен бағдарламасы аудандық мәдениет үйінде аудан жастары мен қонақтардың кездесуінен басталды.
Кездесу барысында Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның ақпарат бөлімінің жетекшісі, Тәуелсіздік құрдасы Олжас Сейтімов, БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Әділгерей Зұлхаров, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының теолог маманы Марат Балхашұлы және аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Нұрлыбек Қайырбекұлы жастармен танысып әңгімелесті.
Ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілген соң ауданымызда тәуелсіздік жылдары еңбек етіп, сол жылдардағы аудан ахуалын көзбен көрген ардагерлермен сұқбат жүргізілу үшін кездесуге ауданымызға еңбегі сіңген ардагерлер Сабыр Самиұлы мен Адақ Шотпанов шақырылды.
Өткен мен бүгінді жалғап, ескі мен жаңаны әңгімесі арқылы ұштастыра білген аудан ардагерлерінің әңгімесі жастарға рухани азық бола білді деген үміттеміз.
Аталмыш кездесуден жастар рухани байлық, азық жинады. Осы кездесумен қатар аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде Қазақстан чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Даниял Сәбит бокстан шеберлік сағатын өткізген болатын. Спорттан ерекше көзге түсіп, оның ішінде бокстан жақсы жетістіктерге жетіп жүрген аудандардың біріміз. Сол себепті жастар үшін чемпионмен әңгімелесіп, мотвация алып, жігерлену маңызды факторлардың бірі деп айтсақ қателеспейміз. Осы орайда жастар керуенінің жастар арасында осындай сұранысқа ие шеберлік сағатын өткізуі өте орынды, сол себепті алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Түстен кейін шаралар легі ауданымыздың түрлі мекемелерінде оздырылды. Атап өтер болсақ аудандық кітапханада «Жас отбасы және отбасылық құндылықтар» тақырыбында семинар-тренинг, «Nur Otan» партиясының залында ХХІ ғасыр көшбасшысы интелектуалдық ойыны өткізілді. Музыка мектебінде қазіргі заман талабына байланысты ерекше сұранысқа ие мамандықтардың бірі мобилография курсы бойынша шеберлік сағаты өткізілді.
Әдемі шара Шыңғырлау мектебі стадионындағы футбол ойынымен қорытындыланды. Футболдан жарысқа аудан бойынша 6 команда қатысып, ойын нәтижесі бойынша 3 орынды «Шыңғырлау жастары» командасы, 2 орынды «Шыңғырлау спорт клубы» иеленді. Жүлделі 1 орын «Ауданық білім беру» командасына бұйырды. Ойын барысында шапшаңдық пен әдемі ойын өрнегін көрсеткен Тасқалиев Серікжан «Үздік қорғаушы» номинациясын, Ерлан Сағындықов «Үздік шабуылшы», Мейрман Меңдалиев «Үздік ойыншы» номинациясын жеңіп алды. Барша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Аудан жастары мамандарға мазалаған сұрақтарын қойып, семинар-тренингтерден, шеберлік сағаттарынан пайдалы ақпараттар алды.
Сымбат Талғатқызы,
облыстық жастармен жұмыс жөніндегі
ресурстық орталықтың ақпарат бөлімінің маманы:
- Бізді жылы күтіп алып, кең құшақпен қарсы алған аудан жастарына алғысымды білдіргім келеді. Көздерінде оты бар, жалынды жастарды көріп, бір қуанып қалдық. Негізі өзім де Шыңғырлаудың тумасымын. Туған жерге келіп, осындай белсенді жастарды көріп бір марқайдым десем, өтірік емес. Жастарды дамыту бағытындағы осындай шаралар көп болсын деген ниетіміз бар.
Эрик Сағындықов,
футбол жарысынан жүлдегер:
- Керуеннің жұмысына дән ризамыз. Әр жылы келген сайын қызықты сайыстар, түрлі шеберлік сағаттарын ұйымдастырады. Биыл міне спорттық шараға қатысып, жүлдегер атанып отырмын. Ұйымдастырушыларға үлкен рахмет. Осындай игі шаралар жалғасын таба берсін!
Айбарша Лекерова,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz