8.09.2021, 16:30
Оқылды: 41

Елімізде тұмауға қарсы вакцинация басталады

Қазақстанда 15 қыркүйек күні тұмауға қарсы вакцинация басталады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

тт

«Жақындап қалған ЖРВИ, яғни тұмау маусымына айрықша тоқталып өткім келеді. Биыл бюджет қаражаты есебінен Ресейде шығарылған «Гриппол+» вакцинасының 2,5 млн дозасы сатып алынды. Вакцина құрамында алдағы маусымға қарсы штамм бар. Бұл республиканың жалпы тұрғындарының 13 пайызын қамтуға мүмкіндік береді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы – 10 пайыз. ЖРВИ мен тұмауға қарсы вакцинация 15 қыркүйекте басталады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Бірінші вице-министрдің атап өтуінше, осыған орай еліміздің Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысы қабылданған.

«Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен халықтың ең әлсіз тобы вакцинацияланатындығын атап өткім келеді.

Олар: медицина қызметкерлері, медициналық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және басқалары. Бұған қоса, жұмыс берушілердің және халықтың жеке қаражаты есебінен де вакцинация жүргізіледі», - деді Марат Шоранов.

Оның айтуынша, ресейлік вакцинадан бөлек Қазақстан аумағында тағы 3 өндірушінің 4 вакцинасы тіркелген. Атап айтқанда, Санофи-Пастер (Франция) өндірген «Ваксигрип Тетра», Инфлювак (Нидерланды) мен Синовак Биотек (Китай) компаниялары өндірген вакциналарды да алуға болады.

inform.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале