Бәйтерек ауданы Дариян мәдениет үйінде аудан жастары бас қосты. Дариян, Рубежин, Трекин ауылдарының жастары бірлескен жиынға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр, "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ облыстық филиалының бас менеджері Нұрлан Байзақов, облыстық жастарға қызмет көрсету орталығының кеңесші маманы Бексанат Рахметолла, "ЖасДем" жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Мәуленов қатысты.
Жастарды қолдау, кәсіп ашу, білім алу, жұмысқа орналасу, қайтарымсыз гранттық жобаларға қатысу мәселелері сөз болған басқосуда "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ облыстық филиалының бас менеджері Нұрлан Байзақов, облыстық жастарға қызмет көрсету орталығының кеңесші маманы Бексанат Рахметолла, "ЖасДем" жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Мәуленов жастарға көрсетілетін қолдау, жасалатын жеңілдіктер жайын баяндап, түрлі таратпа материалдар ұсынды.
Жиында өз кәсібін бастауға ниетті жастар мемлекет тарапынан жасалатын мүмкіндіктер туралы сұрап, кейін мамандарға жеке жолықты.
Жиынды қорытындылаған Дариян ауылдық округінің әкімі Тілек Кәкенов жастарды жұмысқа орналастыруда ешқандай кедергі жоқтығын, ауылда іске асырылатын жобаларға жұмыс күші жетпейтінін айтып, жастарды бар жұмысқа орналасуда жауапкершілікке шақырды.
Арал Болпышұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz