Бүгінде Жаңақала ауданына қарасты тоғыз ауылдық округте 518 шаруа қожалықтары жұмыс жасауда. Аудан бойынша 81,9 мың бас ірі қара, 180,5 мың бас қой мен ешкі, 31,8 мың бас жылқы, 600-ден астам түйе малы өсірілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин мәлімдеді.
– Ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз. Ауданымызда мал шаруашылығын дамытудың аға толқын қалыптастырған қалыпты тәжірибесі бар. Олар жергілікті тұқымдық малдарды ғана емес, шет елдерден асыл тұқымды малдар әкеліп, аудан экономикасының дамуына қарқынды үлес қосуда және аға буын алдын көрген шаруаларымыздың қатары жыл өткен сайын толығып келеді. Төрт түлік мал басы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда еселеп өсіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағытына айналды, – деді Н.Қарағойшин.
Спикердің мәлімдеуінше, екі мыңыншы жылдардың басында ауданда небәрі бес асыл тұқымды шаруашылық болса, күні бүгін олардың саны 50-ден асқан. Бүгінде ауданда асыл тұқымды Еділбай қойының бірліктік типі, Көшім жылқы, қазақтың ақбас сиыры, қырдың қызыл сиыры, әулиекөл және шетелдік селекциялық абердин-ангус, герефорд, голштин малдары өсірілуде.
Сондай-ақ Жаңақала ауданы асыл тұқымды еділбай қойының отаны болып саналады. «Бірлік мал зауыты» еділбай қойын өсірумен айналысатын бірден-бір ірі шаруашылық болып табылады. Республика бойынша етті-майлы, құйрықты қойларды асылдандыратын тұқымдық генофонды осы шаруашылықта сақталған.
Аудан тауарөндірушілері малдарын асылдандыру мақсатында соңғы он жылда отандық және Канададан, Польшадан, Ресей Федерациясынан, Беларусь республикаларынан асыл тұқымды 10 мың басқа жуық бас ірі қара малдарын сатып алған.
Нұрбек Оразаев,
zhaikpress.kz