Мәжіліске облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының БҚ филиалының төрағасы, «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің президенті Ақсерік Әйтімов, еліміздің және көршілес Ресейдің белгілі ғалымдары қатысты. Ресейден келген қонақтардың ішінде техника ғылымдарының докторы, М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің жағырапия факультетінің профессоры Сергей Кибальников, «Дубна» халықаралық табиғат, қоғам және адам университетіндегі Халықаралық бірқалыпты даму ғылыми мектебінің жетекшісі Борис Большаков, Самара мемлекеттік және муниципалдық басқару академиясының ректоры В. Семенычев, Самара мемлекеттік университетінің ректоры И. Андрончев, Владимир бизнес институтынан экономика ғылымдарының докторы Ольга Звягинцева, Сан-Мари-но Республикасындағы елші Юрий Алексеев және өзгелері қатысты.
Алқалы жиынды ашқан Ақсерік Әйтімов «Нұр Отан» партиясының ХVІ сиезі делегаттарының Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты ҚР Президенттігіне үміткер ретінде ұсынуды бірауыздан қолдағанын, конференцияға қатысушы ғалымдардың да бұл ұсынысқа бірауыздан қосылатынын мәлімдеді. Ақсерік Сарыұлы халықаралық шараға қатысушыларға қош келдіңіздер дей келе, осыдан бір ай бұрын ҚР Ұлттық инженерлік академиясының Батыс Қазақстан филиалының кеңейтілген ғылыми-техникалық кеңесінің өткенін, енді бір айдан кейін кезекті халықаралық Еуразиялық өзенаралығы академиялық ұтқырлық пен трансшекаралық форумының 5-конгресін өткізу жоспарланғанын айтып өтті. Мұндай шаралар тектен-тек өткізілмейді. Шараларды өткізудің маңыздылығы көрші елдерде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздық жағдайында елдер арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуда, шекара және ұлттың қауіпсіздігіне жағдай жасауда, Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер арасындағы интеграциялық үрдістерді күшейтуде болып табылады. «Бұл мәселелердің Еуразиялық экономикалық одақ құрамына енген елдердің күн тәртібінде тұрған ең маңызды мәселелері екенін ескере отырып, өткізіліп жатқан халықаралық ғылыми шараларға көршілес елдердің ғалымдары мен білім, ғылыми мекемелердің өкілдері шақырылады. Бүгінгі шараға оралдық қатысушыларды қоспағанда, ресейлік 35 ғалым қатысуда», - деп атап көрсетті Ақсерік Сарыұлы. Айта кетерлігі, конференцияға қатысуға келген ғалымдар академиялық оралымдық шеңберінде аталмыш ғылыми-білім кешенінің магистранттары мен студенттері арасында оқу бағдарламаларына сәйкес дәрістер оқиды деп жоспарланған.
Облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде халықаралық конференцияның өткізілуін өңірдің білім мен ғылым саласындағы ерекше оқиғалардың бірі дей келе, Еуразиялық экономикалық кеңістік шең-беріндегі халықаралық ынтымақтастық шарасына көршілес елдерден ғалымдардың көптеп қатысуы жақсы бастаманы қолдауы деп түсінуге болатынын айтты.
- Бүгінгі шара еліміздегі саяси оқиға «Нұр Отан» партиясының ХVІ сиезімен тұспа-тұс өтуде. Сиездің күн тәртібіне Президент сайлауын өткізу мәселесі қойылды. «Нұр Отан» еліміздің жетекші партиясы ретінде Президент сайлауын өткізу жөнінде бастама көтерді, - дей келе Бақтияр Мәкен облыс әкімдігі атынан конференцияға қатысушыларға жемісті еңбек, сәттілік тіледі.Сонымен қатар «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің ректоры Сайранбек Ахметовтің мерейтойына орай облыс әкімдігі атынан алғысхат табыс етті.
Мәжілісте оралдық, атыраулық, ресейлік ғалымдардың баяндамалары тыңдалды.