27.09.2021, 16:03
Оқылды: 57

Ақжайықта ұлттық спорт түрлерінен облыстық чемпионат өтті

Ақжайық ауданының Тайпақ ауылында 23-26 қыркүйек аралығында Батыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыстық Ұлттық спорт федерациясы және аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен  ересектер арасында ұлттық спорт түрлерінен  облыс чемпионаты және Тайпақ ауылынан шыққан спорт саңлақтарын еске алуға арналған Ақжайық ауданының ашық турнирі өтті.

A6AEF997-B97B-4817-A0DE-7DC082DD76E4

Облысымыздың аудандарынан келген 300-ге жуық спортшы аударыспақ, көкпар, жамбы ату, теңге ілу, асық ату мен тай және тазы жарысы, арқан тарту, асық атудан бақ сынады.

BE602A17-9343-4E7D-96BA-CB15E8E4E011

Чемпионаттың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов  барлық қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тілеп, енді қанат жайып келе жатқан ұлттық спорттың мән-маңызын баяндап, барлық ұйымдастырушыларға өз алғысын жеткізді.

37D42D5D-99C3-4DDB-B4E6-B77803351593

Ауа райының құбылып, дауылдатып тұрғанына қарамастан, жарысқа жан-жақтан ағылған  жанкүйерлер тай жарысын қиқу сала тамашалады 60 шақырымға созылған екі айналымдық аламанда  I  орынды Ақжайық ауданынан Еламан Жәрдемовтың «Қоянқасқасы» еншіледі. II  орында теректілік  Нұрболат Әдиетовтың «Тасқын» атты тұлпарымен. Мәре сызығын Ақжайық ауданынан Асхат Камешовтың «Жұлдыз» атты тайы үшінші болып кесті.

C46ABEF9-1A9E-450B-8E2E-9FE94466E876

Жиналған жұрттың делебесін тазылар жарысы да біраз қоздырды. Нәтижесінде I орын тасқалалық Дәулет Мажиков баптаған «Айқас» деген тазыға бұйырса. ІІ орында теректілік Алмас Қамаровтың «Айқасы». III орын қаратөбелік Ерлан Ермеғалидың  «Қарабайында».

E5C5E032-C956-47EB-A6BC-0F0D5E132B6B

Кең даланың төріне жайылған боз кілемнің шаңын қаққандар арасында  I орынды сырымдық палуан Мерей Бердіғалиев иеленсе, IІ орын  ақжайықтық Жақсы Дамирға бұйырды, ал жеңістің  соңғы сатысына Бөрлі ауданының намысын қорғаған Әділбек Сейсов көтерілді.

E6AFF5C3-B91D-4EA8-B609-28BCDEC2B5FE

Құрыш білекті жігіттердің шеберлігі сыналған аударыспақ 7 салмақ дәрежесінде өтті. Мұнда  I орынды жаңақалалық Эльдар Төлегенов, Қолқанат Серіков, Жәнібек ауданынан Оралхан Ғаббасов, Бейбіт Арон, бөрлілік Райымбек Сабырғалиев, Арданат Сабиров жеңіп алды. Өз салмақ дәрежесінде II  орынға ие болғандар: жәнібектік Нұрке Тұяқов, Асыланбек Төлегенов, Орал қаласынан Мағжан Мағзомов, Мұхаммед Айтқали, Жаңақаладан Жәнібек Уахитов пен Бәйтерек ауданынан Манарбек Кенжеғалиев, Бөрліден Берік Мұқашев. Қола жүлдегерлері атанғандар арасында Ақжайық ауданынан Эльдар Русланов, Қайнар Құсмағұлов, қаратөбелік Қайырбек Сағындықов, Мұратбек Табылдиев, Емқанат Қуанов, Бауыржан Қадырғалиев, Жәнібек ауданынан Дәулет Рахатов бар.

Жамбы ату сайысында Ақжайық ауданының намысын қорғаған Қайнар Құсмағұлов I орын алса, Орал қаласынан келген Мағжан Жеңісов жеңістің екінші тұғырына көтерілді. III орын сырымдық Абай Кенжебаевта. Теңге ілуде оралдық  Бекнұр Серіковтің шеберлігі өзгелерден басым түссе, II  орынды Жәнібек ауданынан Ерболсын Мақашев, III орынды Ақжайық ауданынан Жанәділ Ғазизов иеленді.

Көкпарда командалық есепте Шыңғырлау ауданының шабандоздарына тең келер ешкім болмады, II орын Ақжайық ауданы командасында, ал III орын Орал қаласына бұйырды. Асық атудан I орын Ақжайық ауданында, II орын Бөкей ордасында, III орын Бөрлі ауданы командасының еншісінде.

Шара аясында спорт дамуында қолтаңбасы зор тайпақтық спортшылар Қазбек Ибрашев, Ерлан Әлиев, Ерболат Иқсанов, Бейбіт Нәсіпқалиев, Ержан Тасқынбаев, Жұмажан Ескедіров, Қайыржан Саргелеков, Ғабдолла Ізімовтардың рухына арналып, ас берілді.

Әсет Бисенғалиев,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале