Иран делегациясы ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілдерімен және Әскери-теңіз күштерінің басшылығымен кездесті. Кездесу барысында Хабиболла Сайяри көрсетілген қонақжайлылық үшін алғысын білдірді. «Біздің елдеріміз – өз аймақтарының беделді және күшті мемлекеттері, - деді ол. - Қазақстан мен Иран – Каспий теңізі бойынша көршілес жатқан елдер. Еліміздің ынтымақтастығы ерекше маңызға ие. Біз өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, теңіз істерінің түрлі салаларындағы ынтымақтастыққа мүдделіміз».
Кездесуден кейін Иран қорғаныс ведомствосының өкілдері «Қазақстан Инжиниринг» АҚ-ның жұмысымен танысып, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы ұлттық қорғаныс университеті тыңдаушыларының алдында дәріс оқыды. Ал Ақтау қаласындағы сапары барысында №29011 әскери бөлімінде, «Сарыарқа» зымырандық-артиллериялық кемесінде болды. Кеме командирі, капитан-лейтенант Рүстем Жүнісов мәртебелі меймандарға кеменің жалаушасын сыйға тартты. Содан соң шетелдік қонақтар ҚР ҚК ӘТК әскери-теңіз базасын және кіші мамандар даярлайтын оқу орталығын аралады. Теңіз жаяу әскерлері бригадасына барып, қазақстандықтардың біліктіліктері мен шеберліктерін тамашалады. Осы сапар Қазақстан мен Иран Әскери-теңіз күштерінің арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға жасаған тағы бір қадам болғаны сөзсіз. Екі ел студенттерді, тыңдаушыларды және оқытушыларды оқыту, біліктілігін шыңдау, бірлескен тәжірибелік сабақтар өткізу, әскери техника жасау, жөндеу және басқа да бағыттар бойынша бірлесе жұмыс істеуді көздеп отыр.