Батыс Қазақстан облысында 220 164 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентімен егілді, деп хабарлайды ҚазАқпараттың өңірдегі тілшісі. БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, бұл – облыс бойынша егілуге жататын тұрғындардың 61,2 пайызы.
Өткен тәулікте өңірде 560 адам вакцинаның І компонентін қабылдады. Соның ішінде 10 педагог, 7 медицина қызметкері, 7 студент, басқа да сала өкілдері бар. Сондай-ақ созылмалы сырқаты бар 28 адам егілді. Тұрғындарды вакцинациялау қаладағы емханалар мен аудандардағы ауруханаларда, оған қоса жылжымалы кешендерде жүргізілуде. Облыста вакцинация мәселелері бойынша 24-00-06 call-орталығы жұмыс істейді.
Сонымен қатар қажетті ақпаратты stopcovid.kz сайты арқылы табуға болады. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда коронавирус жұқтырған 40-қа жуық науқастың ауыр халде жатқанын жазған болатынбыз.