30.09.2021, 16:13
Оқылды: 15

Өкпесінің 95 пайызы зақымданған науқас сауықты

Бөкей ордасы ауданы Орда ауылының тұрғыны Бибігүл Сабирова облыстық көпбейінді  ауруханаға  өте ауыр хәлде түскен. Компьютерлік томографияға түскенде өкпесінің 95 пайызы зақымданғаны анықталып, реанимацияға жатқызылыпты.

679B242B-550E-4C83-8A6C-9FE271640DA6

-Жасым 52-де. Орда ауылындағы жалпы орта білім беретін мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін. Отыз жылдық еңбек тәжірибем бар. Коронавирусқа қарсы вакцинаның екі компонентімен де егілдім. Өкінішке орай, иммунитетім әлсіз болғандықтан шығар, індет жұқтырдым. Жұқпалы аурулар ауруханасына денсаулығым мүшкіл күйде түстім. Терең тыныс алудың өзі мұң болды. Алланың, екінші осы ауруханадағы дәрігерлердің арқасында ажал аузынан қалдым. Аман қалуыма екпенің де пайдасы тиді деп ойлаймын. Осы сәтті пайдалана отырып, бөлім меңгерушісі Бибігүл Айтбаеваға, дәрігер Жанат Хабиеваға алғыс айтқым келеді.  Отбасыма коронавирус жұққан жоқ. Қазір денсаулық жағдайым едәуір жақсарып келеді,- деді Бибігүл Сабирова.

Облыстық көпбейінді аурухананың дәрігер-инфекционисі Бибігүл Айтбаеваның айтуынша, өңірімізде коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Індет жұқтырғандар саны азаюда. Десе де қауіп әлі де жоқ емес. Өйткені тұрғындардың 60-80 пайызы вакцина қабылдағаннан кейін ғана ұжымдық иммунитет қалыптасады.

-Коронавирусқа қарсы екпе алғаннан кейін де індет жұқтыратындар бар. Кейбіреулер «Вакцина алсам да коронавирусқа шалдықтым» деп өкпе-реніштерін білдіріп жатады. Осы орайда індет жұқтыру адам ағзасының иммундық жүйесіне байланысты екенін айтқым келеді. Күйзеліске ұшырасаңыз, физикалық жүктеме артылса адамның иммунитеті әлсірейді. Сол кезде кез келген індетті жұқтыру қаупі артады. Бірақ вакцина салдырған науқас коронавирусты жұқтырса, тез сауығады. Айта кетсем, Бөкей ордасы ауданынан түскен Бибігүл Сабированың өкпесі 95 пайыз қабынған. Ол екпенің екі компонентін де салдырған. Реанимацияда 5 күн жатты. Одан кейін тез сауыға  бастады. Екі апта емделіп, бүгін ауруханадан шығуда. Үйде қабылдайтын ем-домдарын жазып бердік. Өкпе фиброзы алты айға дейін емделеді, - деді Бибігүл Жәкенқызы.

79F901E1-C917-4DE1-AD5D-CD285730051E

Тәжікстан азаматы Қыдыратолла Қадыров көпбейінді облыстық ауруханасына өкпесінің 75 пайызы зақымданған күйде түскен. Теректі ауданында жұмыс істеп жүрген ол тамыз айында коронавирус жұқтырыпты.

332D1AC9-456C-4056-97A0-45E94BA165B8

-Қызуым көтеріліп, ентіге бастағанда дәрігерге қаралдым. Содан облыстық көпбейінді ауруханаға алып  келді. Өкпемді компьютерлі томографияға түсіргенде, 75 пайыз зақымданғанын айтты. Реанимацияда және интенсивті терапия бөлімінде ем қабылдадым. Жиырма күн емделдім. Шынын айтайын, өзге елдің азаматы болған соң ауруханаға кіргізбей қала ма, дәрігерлер емдемесе не істеймін деп уайымдадым.  Өйткені жұмыс барысымен Теректі ауданына келіп, еңбек етіп жүрмін. Дәрігерлердің ем-домының, күтімінің арқасында сауығып шығудамын. Тоғыз миллион тәжіктердің атынан қазақстандық дәрігерлердің алдында басымды иіп, алғысымды айтамын,- дейді Қыдыратолла Қадыров.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале