12.10.2021, 11:11
Оқылды: 118

Етік тігу де бір өнер

Көнекөздер «Ертеде өзіміздің шеберлер тіккен хром етік қандай еді? Әрі жеңіл, әрі мықты, әрі іші жылы жүнмен қапталғасын қыс айларында аяғымыз бір суықты сезбейтін» деуші еді. Бұдан кейін заман өзгеріп, аяғымызға керзі етік киген немесе көрші ағайындар «Валенький, влаленький» деп әнге қосатын оларша пима, біздерше байпақ деп аталатын аяқ киімді де осы кезге дейін пайдаландық. Дұрысын айтсақ, бұл аяқ киімдер бүгінгі күнде қолданыстан қалып, сирек пайдаланылса, қазіргі күнде базарды Қытайдан не басқа да елдерден келіп жатқан арзанқол аяқ киімдер қаптап кетті. Бағасын көргенде ішін удай ашиды. Тіпті кейбір аяқ киімдердің құны - 100 000 теңгеге барады.

WhatsApp Image 2021-10-12 at 11.09.47

Бүгінде не қымбаттамады дейсіз? Бірақ сол 80-100 000 теңгеге алған аяқ киім аяғында бір-екі жыл жүрсе ештеңе емес, үш айдан кейін пайдаға жарамай, сарайдың бір бұрышында жатады. Әсіресе балалары көп отбасыларға аяқ киім тауып берудің өзі бұл күнде үлкен шаруа. Себебі жоғарыда айтқанымыздай, балалар аяқ киімдерінің де бағасы удай. Біз бұны неге айтып отырмыз? Аяқ киімсіз қай-қайсымызда аяқ баса алмайтынымыз айдан анық. Осындайда аяқ киім тігетін бұрынғылардың шеберлерін іздейсің. Әрине, ондай шеберлер азайып кеткенмен, әлі де болса арамызда аяқ киім тігудің шеберлері бар екенін айтуға тиіспіз. Қолында икемі бар жандарға мемлекет те қолдау көрсетіп, қайтарымсыз грант беру бағдарламаларын іске асырып келеді. Нәтижесінде ауылдық жердерде түрлі кәсіпті дөңгелетіп отырған кәсіп иелері көптеп шығуда. Біз әңгімелегелі отырған кейіпкер соның бірі. Етік тігудің шебері Биғазы Жанғалиевке арнайы барып жолыққанда былай деп әңгімелеп берді.

- Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант ұтып, ауылда тапшы етік жөндеу кәсібін ашуды мақсат тұттым. Қаражатқа аяқ киім тігуге қажетті барлық құралдарды сатып алдым.

Тері тігетін іс машина, етік шегелейтін темір қалып, етіктің өлшемін алатын ағаш қалыптар және пластмасса қалып. Аяқ киім тігу ісі өзіме ұнайды, жұмысымды құлшыныспен бастап, азын-аулақ тапсырыстар қабылдап жатырмын. Әзірге ауладағы бір орында жұмысымды жүргізіп отырмын, болашақта арнайы орын алып, кәсібімді кеңейту жоспарда бар, -деді Биғазы аға.

Иә, ағамыздың сөзінің жаны бар. Қолда өнер болса барлығын да пайдаға асырып, табыс табуға болады. Әрі кәсібіңді жүргізесің, тек өзіңнің ғана емес, айналадағы адамдардың да қажетін өтейсін. Шындығы керек, мектеп жасындағы балаларға, жасөспірімдерге аяқ киім шақ келе бермейді. Қайта-қайта жаңасын алып беру отбасына қиындық туғызары сөзсіз. Осындайда аяқ киім жөндейтін шебердің ауылда болғаны қандай жақсы. Бұл өзгеге де, өзіне де қуаныш сыйлайтын кәсіп деп білеміз.

Әсем Халиуллина,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале