15.10.2021, 10:24
Оқылды: 41

Шалағай тапсырыс, салдыр-салақ жоба өңірді сумен жарылқай ма?

Биыл өңірімізде Жайық өзенінің сол жақ жағалауындағы елді мекендерді сумен қамтамасыз  ету, табиғи  жайылымдарды  суландыру, экологиялық жағдайды  тұрақтандыру мақсатында  3  бірдей күретамыр каналды жаңалап-жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл су арналарының  жалпы ұзындығы 185,6  шақырымды  құрайды. Үш кезеңнен тұратын ірі  жобаны жүзеге  асыруға  4,2  млрд. теңге қарастырылған.  Биыл  «Жұмыспен  қамтудың  2020-2021 жылдарға  арналған  жол  картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша республикалық  бюджеттен  1  млрд.  29  млн.  478  мың  теңге  бөлініп, мердігер «Павлодар өзен порты» АҚ жобаны  «жандандыруға»  кірісті. Жіліктеп  айтар  болсақ, Жайық-Шалқар каналын  (76,06  шақырым)  қайта  құруға  500  млн., Ақжайық ауданы аумағындағы  Ащы-Азнабай-Тайпақ  каналын  (66,4  шақырым)  жаңғыртуға  329  млн.,  Азнабай-Тайпақ  суландыру  жүйесін  (43,2  шақырым)  қалпына келтіруге 200  млн. теңге бөлінді. Үш кезеңнен тұратын ауқымды жобаның  іске  асырылуы өңір экономикасын, әсіресе етек жайған мал шаруашылығын дамытуға тың серпін бермек. 

4a618f39-7f26-48b2-a3ce-876f0ac9788b (1)

Қуатты станса қойылады

Жайық-Шалқар каналы 1975 жылы салынып, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы тоқырау кезеңіне дейін пайдаланылды. Бұл нысан кезінде егістікті суару, жайылымды суландыру, өңірдің інжу-маржаны саналатын Шалқар көлінің суын молайту мақсатында салынды. Теректі ауданы аумағындағы каналдың  жағасында бұрындары 2 мың гектардай суармалы жер болған. Суды жағалай қонған малшы қауым төрт түлігін  суарып, қыстық мал азығын қамдайтын. Одан бөлек су арнасы арқылы Шалқар көліне жылына 20 миллион текше метр су құйылатын. Еңбек ауылы тұсында Жайықтан каналға су айдайтын қалқымалы  сорғы қойылған-ды. Кейін тоқырау жылдарының салқынынан соның барлығы тоналды, сынды, ескірді, әйтеуір, жоққа айналды. Енді су арнасы жүйесін жаңғырту   жұмыстары басталды. Жобаның жалпы құны – 2 млрд 760 млн теңге. Мердігер Павлодар облысындағы «Павлодар өзен порты» АҚ-ның  жұмысты қаншалықты тиянақты, ыждағатты істейтіні алдағы бірер айда байқалып қалар. Әзірге қимыл-әрекеті әбжіл, шалымды  деу  қиын.

– Сәл бұрынырақ Теректі ауданындағылар секундына 1,5 текше метр су айдайтын қалқымалы станса орнатты.  Өткен жылы станса арқылы каналға 21 күн бойы 2 млн 800 текше метр шамасында су жіберілді. Бұған аудан бюджетінен 4 млн теңге қаржы бөлінді. Жақында соны тағы іске қоспақ. Каналды барып көрдік. Биылғы аптап ыстыққа қарамастан,  тереңдеу тұстарында былтырғы айдаған судан көлшіктер қалыпты. Негізі канал кеуіп, құрғап кеткен. Арна бойындағы 4-5 жерде, шаруашылықтар қоныс тепкен. Мал өсірген ағайынның су жағалайтыны белгілі. Бірақ бұл қалқымалы стансаның қуаты шөліркеген су арнасының шөлін қандыруға қауқары жетпейді. Каналды қайта құру жобасы аясында қуаты секундына 8 текше метрді құрайтын төрт сорғысы бар үлкен   станса салынбақ. Әрі бұрынғы стансаға қарағанда қуатты. Бұрынғы  стансаны да қажет болса, іске қосуға болады, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы су ресурстарын пайдалану бөлімінің басшысы Марат Мәшекенов.

Келіспеушіліктің мәнісі неде?

Мамандардың пікірінше, секундына жіберілетін 8 текше метр су толығымен каналдың аяғына дейін бармайды. Себебі су шөлі қанбаған арна табанына сіңеді, ыстықта буға айналады.  Жоба жүзеге асқан жағдайда канал бойындағы 50 мың гектар жер  суландырылады. Ол жерлерде мал ұстауға болады. Қазірдің өзінде бұқар бетте жайылыс болғанымен, малды ауылдар су тапшылығын сезінуде. Ал бұрынғы суармалы жерлерді қалпына келтіру болашақтың шаруасы деседі мамандар. Тапсырыс беруші мекеме өкілі жобаның суармалы жерлерді қалпына келтіруді, Шалқар көлін сумен толықтыруды мұрат тұтпайтынын,  алдымен   жайылымдарды суландыруды көздейтінін  ашық айтады. Станцияның жүйелі жұмыс істеуіне жеткілікті қаражат бөлініп тұрса ғана Шалқар көліне де су жіберуге мүмкіндік туады. Бірақ бұдан көлде қалыптасқан жағдайды түпкілікті шешеміз деу қиын.  «Мал азығын дайындауға, екпе шөп егуге пайдасы тимесе, онда каналды қайта жасақтаудың тиімділігі неде?» деп Теректі ауданының басшылығы жобаның мұрат-мақсатымен келіспейді.

Жайық-Шалқар су жүйесі арқылы көршілес Ақжайық ауданындағы Ащы-Азнабай-Тайпақ каналына су жеткізу көзделген.  Бұрынғы Тайпақ ауданы аумағына қарасты жерлерге су жетсе, малға су таппай қиналған шаруашылықтардың «қабағы ашылары» хақ. Әрі бұл жақта бос жатқан жайылымдық жер баршылық. Бұл канал бойынан 7 көбік салынса, Шалқар-Жайық каналы жобасында көбіктер салу мүлде қарастырылмаған. Сондықтан тапсырыс берушілер құрылыс жұмыстары барысында көбіктер-ді салу жағын ойластырмақ. Бірақ осы жобаны жасақтау барысында Шымкент қаласындағы «Синтез» ЖШС  неге ескермеген деген заңды сұрақ туады. Өңірдегі экологиялық жағдайға аса қанық емес серіктестіктің тарапынан жобаны жасақтауда   асығыстық, шалағайлық кетті деп ақтар  болсақ, тапсырыс беруші қайда қараған? Басында жобаны әзірлеу облыстық құрылыс басқармасына тапсырылады.  Одан кейін жобаны іске асыру облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына жүктеледі. Бар гәп жобаның бір мекемеден екіншісіне өтуінде жатса керек.

1ca5b171-be80-40d9-9b4f-a270f928fc3d

Құрғақшылық салдарынан канал маңындағы Қарабас өзені мүлдем кеуіп қалған. Білетіндердің сөзіне сүйенсек, онда соңғы рет 2016 жылы  су молырақ жиналған. Сол өзенге ерте көктемде немесе қара күзде су жіберуге болар ма еді. Бірақ бұл да жобада қарастырылмаған. Қарабас өзеніне екі жаққа айырғыш су торабын (гидроузел) орнату керек деген мамандардың ұсыныс-пікірлері есепке алынбаған. Оның бірінші бағытымен    Шалқар көліне, екінші бағытымен  Қарабас өзенінің арнасымен Ащы өзеніне құяр еді. Ащы өзеніндегі бұрын болған су қоймасын толтырып, одан әрі Азнабай-Тайпақ суландыру  жүйесіне су жіберуге болады. Бұл туралы жергілікті гидротехник мамандар   облыстық  «Орал өңірі» газеті беттерінде біраз мақала жариялады.   Бірақ жоба мүлдем басқаша жасалған.  Енді жаңа жоба бойынша баяғы арна ұмыт қалып, қабақтан жаңа арна қазылып, Азнабай-Тайпақ каналына су жеткізілмек.

Екпе шөпті екпесе...

Теректі ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Досмақов жобалаушылармен, жобаға тапсырыс берушілермен, мердігерлермен бірге үш мәрте су арнасының жай-күйімен танысқанын айтады. Әкім орынбасарының сөзінше, мердігер мекеме негізгі жұмыстарын әлі Ақжайық ауданы аумағында жалғастыруда. Биыл Теректі ауданы аумағындағы каналды тазалау жұмыстары басталмайтыны анық. Бірақ мердігер қуатты сорғы тансасын орнатуға күш салуда. Мердігердің біраз техникасы Көнеккеткен ауылы тұсындағы каналдың бөлігін қазуда. Алдағы жылы Шалқарайық каналының құрылысы  аяқталады деп жоспарланған.

Арна бойында Теректі ауданының  5 ауылдық округі орналасқан. Одан бөлек ірілі-ұсақты 50-ге тарта шаруашылық құрылымы қоныстанған. Осы аумақта 5 мыңның үстінде ірі қара,  4 мыңға тарта жылқы өсірілуде. Каналдың іске қосылуы  жерді суландыруға, мал азығы қорын молайтуға көмек болады. Су арнасы іске қосылса, 3 мың гектар жерге суармалы екпе шөп егеміз деп  құлшынып отырған инвесторлар бар. Жобаға тапсырыс берушіге  су арнасы бойынан төрт жерге су шығаратын тұрба қойыңыздар деген ұсыныс айттық.  Бұл, әрине, жобада қарастырылмаған. Егер су шығарылмайтын болса, жобаның экономикалық тиімділігі күрт төмендейді. Малға қыстық азық дайындайтын, мал азығы қорын қалыптастыратын екпе шөп егуге арналған суармалы жерлер болмаса, каналдан көретін пайдамыз қане? Жарайды, төрт түлік мал су ішсін. Соңғы екі-үш жыл қатарынан қуаңшылық белең алды.Ал тағы да солай жалғасар болса ше,  қыста малға азықты қайдан аламыз?  Осыны жобалаушыларға ескерткенімізде, олар бізге берілген тапсырыс солай деп бет бақтырмады. Бәлкім, облыс басшылығы аудан жұртшылығының ұсынысына бейжай қарамас деген ойдамыз, – деді аудан әкімінің орынбасары  Нұржан Досмақов.

Салдыр-салақ...

Теректі ауданы аумағындағы  жерлерді суландыратын жоба бұдан үш жыл бұрын жасалған. Сондықтан каналды қайта жасақтау жұмыстары барысында жобаға түзетулер енгізілері сөзсіз.  Сол үш жыл ішінде Жайық өзенінің деңгейі бұрынғыдан мүлдем төмендеп кетті.

Қазіргі кезде құрылысшылар Азнабай-Тайпақ каналын қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыра отырып, Ащы (Солянка) өзеніне дейін келген. Каналдың үстінен Көнеккеткен ауылы тұсынан Жұбан ауылына кететін жақта бұрыннан жұмыс істеп тұрған көпір бар. Шалқар көлінің жағасынан Сарыөмір ауылына қарай каналдың үстімен тартылған  тағы бір көпір кәдеге жарап тұр. Бұл екі көпір жол құрылысы жұмыстары барысында жөндеуден өткендіктен, қайта құруды қажет етпейді. Шалағай жобада осы көпірлерге жөндеу жұмыстары қарастырылған. Сонымен қатар каналдың бойында қазуды қажет етпейтін тұстар да баршылық. Міне, осындай жасалмайтын жұмыстар  есебінен  жобаға енгізілетін  өзгерістер іске асырылады.  Бірақ осының өзінен-ақ жобаның асығыс-үсігіс, салдыр-салақ жасалғаны айдан анық.

Ақ Жайық өңірінде бұрындары қазан айынан басталған жауын-шашын желтоқсан айының ортасына дейін тоқтамайтын. Қазір жағдай мүлдем өзгерді. Биыл жазда үш ай бойы аптап ыстық болды.  Сумен жарылқайтын Жайығымыздың ахуалы мүшкілденіп  барады. Құрылысшылар Жайық-Шалқар каналының түбін экскаватормен 3 метр тереңдікке дейін қазғанда, ылғал болмағанын әңгімеледі. Енді сол 3 метр тереңдікке дейін су сіңуі, ылғал жетуі  үшін жаңбыр айлап жаууы керек шығар. Су болмаған соң жерде тоң болмайды. Тоң болмаса, өзен-көлдер тасымайды.   Ғалымдар 2023 жылдан бастап су көп болатын кезеңге өтеміз деседі. Қалай болғанда да, ғаламдық климаттың жылыну жағдайында су тапшылығы мәселесі күн тәртібінен түспек емес.  Сондықтан каналдардың қағаз жүзінде «салынбай», елге шын пайдасы тиетіндей салынуына тапсырыс беруші де, техбақылаушы да, әкімдіктер де мүдделілік танытуы  шарт.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале