2015 жылғы 30 қаңтарда бұл азамат «дәнденген қарсақ құлағымен ін қазадының» кебін киіп, тағы бір рет әрекет жасап, түнгі сағат 02.00-де саяжайға келеді. Содан күндізгі сағат 12.00-ге дейін дәл осы саяжайда болып, бағана басына еппен өрмелеп шығады. «Еңбегі» еш кетпей, төртке бөлінген, 35 өрімнен тұратын жуан алюминий сымды топырлатып жерге түсіреді. Олжаның ұзындығы – 660 метр, салмағы 35 келіні құрады, сымды сатқанда қалтасы тап-таза 7 мың теңгемен томпайған.
Келесі сым ұрлау фактісі 2015 жылғы 1 ақпанда тіркелді. Ел ұйқыға кеткенде үйреншікті мекенге барып, жасырын түрде ұзындығы 960 метр болатын сымды тағы ұрлайды. Сөйтіп, ол саяжай қоғамына 115 мың 200 теңге шығын келтірген.
Алдын ала тергеу амалдары көрсеткеніндей, электр бағанына электр-монтер секілді оп-оңай өрмелеп шығатын епті сымқиғыш жігіттің кім екені анықталып отыр. Ол Орал қаласының тұрғыны, еш жерде жұмыс жасамайтын, «Ет комбинаты» ауданындағы Физкультурная көшесінде тұратын 1987 жылғы И. есімді азамат екен.
Қазіргі таңда тергеу-тексеру амалдарын Орал қалалық ІІБ тергеу бөлімі жүргізуде. Қылмыстық іске қатысы бар бұлтартпас айғақтардың барлығы тәркіленді.