17.11.2021, 10:57
Оқылды: 151

«Зияткерлік спорт табандылықты талап етеді»

Зияткерлік спорт түрлері оқушылардың таным көкжиегін кеңейтеді. Мектебімізде шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ бөлімдері жұмыс жасайды. Бүгінгі таңда  307 спортшы аталған зияткерлік спорт түрлерімен айналысып жүр.

20211029_101736

2021 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша зияткерлік спорт түрлері мектеп қоржынын 47 алтын, 7 күміс, 9 қола медальмен толықтырды. Дойбышыларымыз жас ерекшеліктері бойынша 5 рет ҚР чемпионатына қатысып, 44 алтын, 4 күміс, 6 қола медальға ие болды. Әлем, Азия және ҚР чемпионатының жеңімпаздары Әнел Дәулетова мен Тоғжан Тәжібекова жақсы нәтиже көрсетті.

Тоғызқұмалақ ойыны бойынша жылдың басында мектебіміздің шәкірті Дархан Әнуарбеков ҚР спорт шебері атағына ие болды. 17, 19, 21 жастағы спортшылар арасында өткен республикалық чемпионатта Дархан Әнуарбеков пен Самира Оразмұханбет қола медальға қол жеткізді. 25-31 шілде күндері Семей қаласында өткен 9, 11, 13, 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы жекелей ҚР чемпионатында Самира Оразмұханбет күміс және Айдана Аманғали қола жүлдегер атанды. 4-6 қазан күндері Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Ұлы дала рухы» атты республикалық фестивальде шәкірттеріміз жеңіс тұғырынан көрінді.

Тоғызқұмалақ бөлімінің жаттықтырушыларының да жетістіктері аз емес. Жоғары санатты жаттықтырушылар – Данияр Орынбасаров және Бауыржан Шурин өңірімізде тоғызқұмалақты дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР тоғызқұмалақ федерациясының алғысхаттарымен марапатталды.

IMG-20211028-WA0088 (1)

Шахмат ойыны бойынша Лаура Әбділдаева 2021 жылы республикалық чемпионатта 18 жасқа дейінгі қыздар арасында қола, 20-30 шілде аралығында Шымкент қаласында өткен чемпионатта (рапид және блиц бойынша) күміс жүлдеге ие болды. Ал Мария Федотова Шымкент қаласында өткен 16 жасқа дейінгі ҚР чемпионатында үздік ондыққа кіріп, өз рейтингін көтерді. Зияткерлік спорт түрлері бойынша биыл облыс қоржынына 63 медаль түсті. Бұны үлкен жетістік деп білеміз.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен мектебімізде зияткерлік спорт түрлерін кеңінен насихаттауға арналған апталық өтті. Шахматтан оқушылар арасында әлем және Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы, жаттықтырушы Жанат Сайын мен тоғызқұмалақтан жоғары санатты жаттықтырушы Данияр Орынбасаров ашық сабақ өткізді. Түрлі жарыстар ұйымдастырылып, үздіктер анықталды. Мектебіміздегі білікті жаттықтырушылар қала мектептеріндегі талантты оқушыларды зияткерлік спорт түрлерін дамытуға шақырды. «Батыс Қазақстан облысындағы тоғызқұмалақтың дамуы және мәселелері» атты мұғалімдерге арналған семинар ұйымдастырылды.

Апталықтың қорытынды іс-шарасына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бұқаралық спортты дамыту бөлімінің басшысы Дәурен Мұқанов, облыстық жоғары спорттық шеберлігі мектебінің директоры Асхат Шайхиев, №4 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қайырбек Оңдағанов қатысты.

Дойбыдан 6 дүркін әлем чемпионы, халықаралық гроссмейстер, жаттықтырушы Алтынай Жұмагелдиева, шахмат бөлімінің жаттықтырушылары – Жанат Сайын мен Вера Каширина, тоғызқұмалақ бөлімінің жаттықтырушысы Бауыржан Ахметқалиев, дойбы бөлімінің 1-санатты жаттықтырушысы Бекбол Жанғалиев облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының алғысхатымен марапатталды.

Ерден Жанғалиев,

Орал қаласындағы №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале