17.03.2015, 12:51
Оқылды: 63

Бір тәулікте 10 ұрлық, 5 АЛАЯҚТЫҚ ТІРКЕЛДІ

media146256


Көктем шыға, шамасы, алаяқтар мен ұрылардың да белсенділігі артатынға ұқсайды. Бұл сөзімізге Орал қалалық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметінен түскен мына мәлімет дәлел: биылғы 9 наурыздан 10 наурызға қараған бір тәулік ішінде Орал қаласы бойынша 10 ұрлық, 1 тонау, 5 алаяқтық  фактісі  тіркелген.


Ағымдағы айдың тоғызы күні түнгі сағат 23.00-де ұрлық фактісі тіркелген. Яғни  белгісіз біреу Әбілқайыр хан даңғылындағы  «Погребок» кафесінде болып, 1969 жылғы С. есімді азаматшаның қымбат тонын ашықтан-ашық қолды қылған. Бағалы сырт киімінен айырылған әйел адам  шыңғыра айқайлап, көмек сұрайды. Полицияға телефон шалады. Оқиға орнына жедел жеткен Орал қалалық ІІБ-ға қарасты жол-патрульдік полиция батальонының тәртіп сақшылары көп ұзамай 1993 жылғы С. есімді  суыққолды  қолға  түсірді.

1972 жылғы А. есімді азамат танысынан қарызға 220 мың теңге алады. Ақшаны жойып тынады. Өзі еш жерде жұмыс жасамайды. Тексеру барысында Орал қаласына жақын орналасқан Зеленов ауданына қарасты Дариян ауылының тұрғыны екені анықталды. Үйіндегі бар жиып-тергенінен айырылған әлгі танысы полицияға шағымданды. Осы факті бойынша бүгіндері тергеу амалдарын Орал қалалық ІІБ  жүргізуде.

Ал сегізінші наурыз күні пәтер ұрлығы да орын алды. Күндізгі сағат 14.00 мен  түнгі сағат 23.00 аралығында белгісіз біреу Алмазов көшесіндегі №73 үйдің бір пәтеріне кілттерді үйлестіре ашып, емін-еркін енген. Көзіне түскен мұнтаздай жарқыраған «Индезит» газплитасын пәтерден шығаруға ыңғайланған. Онымен қоймай, үйді қопара ақша іздеген. Ақыры 90 000 теңгені жымқырып, түк болмағандай үйді кілттеп, ізін жасырған. Бүгіндері пәтер иесіне келген шығын нақтыланып, үшбу қылмыстық істі тергеп-тексерумен Абай полиция бөлімі айналысуда.

Мына бір оқиға да мереке, яғни 8 наурыз күні орын алған. Белгісіз біреу Пугачев көшесінің бойындағы №5 үйде болып, «Пистолетіңді сатып беремін, ақшасын аяқтай әкеліп беремін» деген желеумен иесінен 4,5 мм калибрлі  «ПМ ультра» пневматикалық тапаншасын алып кетеді. Көп ұзамай тапанша сатуға талпынған 1993 жылғы еркеккіндік қолға түсіп, әлгі тапанша тәркіленді.

Әлдебір әумесер қожайынмен келісіп, пәтерді 2 тәулікке 4000 мың теңгеге жалдап тұрады. Бірақ есептесер кез жеткенде қожайынға көк тиын да татырмай, тайып тұрады. Көп ұзамай әлгі пысықай қолға түсіп, тергеуге ілікті.

Жұрт кір-қоңынан арылатын моншадағы су құяр ыдысқа да көз тігетіндер бар екен. Көп ұзамай қолға түскен әлгі әумесер Круглоозерный ауылындағы бір үйдің  моншасынан әрқайсысының сыйымдылығы 40 литр 2 алюминий фляганы қолды қылып, жалма-жан сатып үлгерген. «Тек жүрсең, тоқ жүресің» деген қағиданы ескермеген ол енді мүлік иесіне келген зиян-залалдың  орнын  жабуы  тиіс.


Орал қ. ІІБ баспасөз қызметі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале