Сырым ауданы орталығындағы жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық ғимаратында аудан әкімі Төлеген Төреғалиевтің қатысуымен жылдағы дәстүрге сай «Жомарт жүрек» және «Жыл үздігі – 2021» жастар премиясының салтанатты кеші өтті.
«Жылуы жоқ жүрек – құр кеуде» демекші, ауданымыздың бірқатар жомарт жүрек иелері аталмыш премияға лайық деп танылды.
Атап айтар болсақ, Бұлан ауылына құны 400 мың теңгені құрайтын хоккей алаңын тарту еткен жеке кәсіпкер Әділбек Қайрлиев, аталмыш ауылдық округке ұялы байланыс мұнарасын орнатқан Оралбай Жақсымбеков, ауылдастарының қолдауымен Бұлдырты ауылына балалар ойын алаңын, STREET WORK OUT дене шынықтыруға арналған қондырғысын орнатып, ауыл мешітін ағымдағы жөндеуден өткізген жеке кәсіпкер Лесбек Нұрсейсовке аталмыш премияны аудан әкімі табыстады.
Одан бөлек, Талдыбұлақ ауылының кіре берісіне аялдама қойған ауылдың 2001 жылғы мектеп бітіруші түлектері, жазғы сахна салып, түрлі мерекелік шараларға мұрындық болып жүрген Өлеңті ауылының жастары да осы үздіктер сапында.
Сырым мектеп-бөбекжай-балабақша кешеніне Сырым батырдың бюстін орнатқан 2001 жылғы мектеп бітіруші түлектер мен ауылға STREET WORK OUT алаңын салып берген 2006 жылғы мектеп бітіруші түлектерге де «Жомарт жүрек» премиясы мен дипломдар табысталды.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz