26.11.2021, 11:20
Оқылды: 46

Медқызметкерлерге үстемеақы жаңа әдіспен төленеді

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов коронавирус инфекциясымен күресте медицина қызметкерлеріне төленген үстемеақының неліктен тоқтатылғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

22

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 2020 жылдың наурызынан COVID-19 коронавирус инфекциясымен күрес аясындағы жұмысқа үстемеақы белгіленді. Ол жұқтыру тәуекелінің деңгейіне байланысты үш санатпен (1-санат «өте жоғары тәуекел» - 850 мың теңге, 2-санат «жоғары тәуекел» - 425 мың теңге, 3-санат «орташа тәуекел» - 215,5 мың теңге) төленді. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 2020-2021жылдарға 250,8 млрд теңге бөлінді Бүгінде осы жылдың қаңтар-қыркүйегі кезеңінде медицина ұйымы қызметкерлеріне үстемеақы толық көлемде төленді», - делінген Үкімет басшысы орынбасарының Мәжіліс депутаттары сауалына берген жауабында.

Оның атап өтуінше, дәрігерлерге үстемеақы Қазақстан, жалпы бүкіл әлемде медицина пандемиямен күреске дайын болмаған кезде енгізілді. Ол уақытта вирус зертелмеген, емдеу хаттамасы үнемі ауысып, медицина қызметкерлері арасында белгісіз вирустан қорқыныш бар болатын. Сондықтан оларды қосымша ынталандыру қажет болды.

«Бүгінде ахуал өзгерді. Қызметкерлердің вирус тәуекелдерін мүлдем жоятын тиімді қорғаныс құралдары қалыптасып, емдеу хаттамасы бекітілді. Инфекцияндан қорғайтын сенімді вакцинация пайда болды. Бұған қоса, медицина қызметкерлері алғашқылардың бірі болып вакцинацияға қол жеткізді. Қазіргі уақытта медицина қызметкерлерінің 99 пайызы екпе алды. Бүгінде ревакцинация жүргізіліп жатыр. Оны да медицина қызметкерлері алғашқылардың бірі болып алады», - деді Ералы Тоғжанов.

Вице-премьердің айтуынша, осыған байланысты 2021 жылдың 28 мамырында өткен Қазақстан аумағында COVID-19 коронавирус инфекциясының пайда болуына және таралуына жол бермеу жөніндегі ведмоствоаралық комиссия 2021 жылдың 1 тамызынан КВИ-ге байланысты төленетін үстемеақыны 50 пайызға төмендету, ал 1 қазаннан денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлері жалақысын көтерудің жаңа әдістерін айқындай отырып алып тастау туралы шешім қабылданған.

«Медицина қызметкерлерін қаржылай қолдау және ынталандыруды жалғастыру мақсатында осы жылдың 1 қазанынан тәуекел тобына байланысты белгілі бір мамандықтарға жалақыны арттыру іс-шаралары қабылданды. 2021 жылдың 1 қазанына дейін КВИ-ге байланысты бұған дейін төленіп келген үстемеақы уақытша төлем болатын. Ал жаңа әдісте көзделген үстемеақы қызметкер жалақысының негізгі бөлігіне қосылады және тұрақты түрде төленеді», - деді ол.

Сурет: bing.com

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале