1976 жылы оныншы сыныпты бітіріп, жоғары оқу орнына түсе алмаған соң, ауылдағы орта мектеп жанындағы интернатқа тәрбиеші болып орналастым. Ол уақытта ауылда «вечер» ұйымдастырылып тұратын. Сондай кештің бірінде Жәнібектегі орыс мектебінде қатар оқыған кластасым Ағила жазда Орал қаласына барғанда «Храни свою звезду» атты кино көргенін, онда қарапайым шопанның шаңырағына жүрегі мейірімді, жібек мінезді Салтанат деген қыздың келін болып түсетінін, оған ата-енесі дән разы болғанымен, тік мінез күйеуінің қатал, қатты қарайтынын, фильм соңында жұбайына назаланған Салтанаттың ауыр дертке ұшырайтынын қысқаша баяндап берді.
Ағила фильмді әңгімелеп отырғанда оқиғасы жадыма жақын көрінді. Кластасымнан: «Киноның соңында Салтанат қайтыс бола ма?» деп сұрағанда, «Жоқ» деді ол. «Ал күйеуінің аты Ыбыш па?» деп едім, «Тастан» деді. Осы азын-шоғын айырмашылық қана болмаса, фильмнің жазушы Дулат Исабековтың хикаятының желісімен түсірілгенін сездім. Өйткені бұл хикаятты 1970 жылы «Жұлдыз» журналынан оқып едім.
Бірер айдан соң, ауылға әлгі айтқан кино келді. Туынды 1975 жылы «Қазақфильм» студиясында түсіріліпті. Дулат Исабековтың хикаятында Ыбыш – дөрекілеу келген, оғаш, ірі денелі болып суреттелсе, фильмде талдырмаш, мұртты, әдеміше жігіт. Ағиланың айтқанындай, Ыбыштың атын кинода Тастан деп өзгертіп жіберіпті. Хикаяттағы Ыбыш қандай болса, картинадағы Тастан да дәл солай шыққан. Бұл, әрине, марқұм Әнуар Боранбаевтың актерлік шеберлігі. Тастан демекші, режиссер Шәріп Бейсенбаев оның рөлінде ойнайтын зор денелі, тұрпайы мінезді актерді таба алмай, біраз уақыт қиналып жүргенде, бір күні түсірілім алаңына Әнуар келе қалады. Жерден жеті қоян тапқандай болған режиссер оған бірден Тастанның бейнесін сомдауға ұсыныс жасайды. Жазушының хикаятын оқыған көзі қарақты көрермен режиссердің актер таңдауда қателеспегенін бірден біледі. Әнуар Боранбаев шеберлігімен Тастанның бейнесін шығармадағыдай сомдап, көрерменін сендірді. Мұны жазушы Дулат Исабеков өзі мойындап: «Енді Боранбаевсыз «Гауһартасты» елестете алмаймын» дегенін теледидардан естігенмін. Теледидарда айтқанындай, жазушы «Гауһартас» хикаятын әскерде жазыпты.
– Алматыдағы жоғары оқу орнында оқып жүргенімде, әскерге алды. Мәскеу түбіндегі Кубинка деген жерде болдым. Қалың орман ішінде 2 сағат қарауылда тұрамыз. Ауылдық жер болған соң жергілікті жердің адамдарын көріп қаламыз. Бір күні «Маяк» радиосында Бибігүл Төлегенова «Гауһартасты» шырқап жатты. Сол сәтте көзімнен жас сорғалап кетті. Өзім орманның арасында тұрмын, үйге деген сағынышым тағы бар. «Қай орыс екен Бибігүлді тыңдап бара жатқан?» деп ойладым. Алматыда қанша тыңдағаныммен, сол жерде тыңдағаным ерекше. Не деген сұлулық?! Не деген мәдениет?! Сөзі мен әні қандай қабысып тұр?! Осы жайында мен неге ештеңе жазбаймын? деп ойладым. Әңгіме, мақала болсын жазу керек деп санадым. Әсемдік пен нәзіктікті түсінбеу, адам жанын түсінбеу, әнді түсінбеу кез келген ортада болатын. Соған жиынтық образ етіп Ыбышты алдым. Ал сұлулықтың есімі бірден ойыма келді. Салтанат болуы керек дедім. Хикаятты қарауылда тұрып жаздым. Екі қарап, бір шоқып жүріп, екі сағат демалысты пайдаланып, жазып жүрдім. Қазақ жігіттеріне оқып беріп едім: «Бітірдің бе?» деп қыр соңымнан қалмай қойды. Дәптерді етіктің қонышына тығып жүріп, бітірдім повесті. «Гауһартас» – сұлулық пен нәзіктіктің дөрекілікпен бетпе-бет келуі, тоғысуы, – дейді Дулат ағамыз.
Ұлттық тәрбиеге тұнып тұрған қазақ қызының белгілері көз жанарынан байқалатын Салтанаттың рөлін сомдаған Жанна Қуанышева – біздің замандасымыз, құрдасымыз. Ибалы жүзінен иманы үйіріліп тұрған әдемі қызды режиссер Ш. Бейсенбаев кинобайқаудан соң басты рөлге бекітеді. Бірақ Жанна сол кезде мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына сынақ тапсыруға әзірленіп жүргендіктен, басты кейіпкерді сомдауға келіспейді. Балауса қызға режиссер ассистентерін қайта-қайта хабарластырып, өтініш айтып болмаған соң Жанна келіседі. Оның Салтанаттың рөлін тамаша сомдағанын көрермендер көзімен көрді, айғақ болды. Салтанаттың «Ерке бала» деп еркелететін қайын інісі Қайыркеннің рөлінде ойнаған актер Сапарғали Жәкішев «Гауһартас» туындысынан кейін, 1977, 1979, 1981 жыл-дары тиісінше «Возвращение сына», «Погоня в степи», «Родные степи» фильмдеріне түсті де, кинодағы қызметін басқа салаға ауыстырды. Өкініштісі сол, бүгінде фильм режиссері Шәріп Бейсенбаев, туындыға түскен Кәукен Кенжетаев, Кененбай Қожабеков, Әмина Өмірзақова сынды қазақ киносының саңлақтары арамызда жоқ. Ал фильмде шопырдың рөлін ойнаған Досхан Жолжақсынов Жанна Қуанышева сияқты қазақ киносының шын мәніндегі шеберлері кино мен театр әлемінде жемісті еңбек етуде.
Осы жазбаны қағазға түсіру барысында «Гауһартас» фильмі хақында Күйгенкөл ауылының тұрғыны, кластасым Зейнолла Рахмушевпен пікір алысқанымызда, ол фильмнің 46 жыл бойы экраннан түспей келе жатқаны рухани құндылығында екенін, актриса Жанна Қуанышеваның рөлді сомдауы, қарапайымдылығы ұнағанын айта келіп:
– Актрисаны теледидардан көргенімде, қазақшасы орашолақ, орысша ортада өскен жанның әсерін қалдырды. Ал «Гауһартаста» нағыз қазақы келінді бейнелеген. Бұл туындыдан оқырман мен көрермен өз бақытын қадірлеу керектігін түсінеді. Салтанат – Тастанның адал жары. Сондықтан жарына көбірек мейірімділік таныту керек еді. Қол көтергені – қателік болды. Өзің туып-өскен шаңырақ, содан кейін өзің құрған отбасының өмірде алатын орны ең маңызды болып саналады, – деді.
Сол сияқты ұзынкөлдік Біржан Мұхтаров жазушы Дулат Исабековтың «Гауһартас» хикаятын оқығанда, Салтанаттың қайтыс болатынына көңілі жабырқағанымен, фильмнің сюжетінде келіншектің тірі қалғанына қуанғанын білдірді.
– Ол ауруханаға түсіп, сауығып шықса, Тастанға да ойланып, ағаттықтарынан сабақ алуға мүмкіндік берілетін сықылды көрінеді де тұрады. Бибігүл Төлегенова орындаған «Гауһартас» әнінің шедевр екені өз алдына, экрандағы Досхан Жолжақсынов домбырамен шырқайтын «Келші, айым» әнін тыңдау, нақ сол кадрды қарау үшін өз басым картинаны интернеттен бірнеше қайталап көрдім, – дейді жас жігіт. Осы іспеттес пікірді бізбен сөйлескен бірнеше көрермен сөзіне арқау етті.
«Гауһартас» картинасымен бірге 1975 жылы экранға жол тартқан Ресейдің «Ирония судьбы, или С легким паром!» фильмі 2007 жылы заманауи технологиялармен әрлендіріліп, сюжеті жаңартылып қайта түсірілді. Өз басым мұндай өзгеріс енгізуді мүлдем қаламаймын. «Гауһартас» фильмі тап осы шынайы, бастапқы табиғи қалпында қала берсе екен...
Нұрымбек Жапақов,
zhaikpress.kz