Спорт – тұлғаның дамуына септігін тигізер маңызды саланың бірі. Бұл салада бокс спорты түрінің кең таралғаны белгілі. Казталов ауданында да былғары қолғаппен жұдырықтасуға машықтанған жеткіншектер мен жасөспірімдер жетіп артылады. Қатарында қайратты, қайсарлығымен, батылдығымен танылған нəзік жандылар да бар. Бүгінгі кейіпкеріміз аудандық, облыстық турнирлерде топ жарып жүрген былғары қолғапты ару – Баянсұлу Айдынғалиева.
– Баянсұлу Айбекқызы, қазіргі таңда əйелдер айналыспайтын спорт түрі қалмаған секілді. Алғашқыда нəзік жандылар үшін арнайы көркем гимнастика, жүгіру сынды спорт түрлері болған болса, кейінгі ғасырларда аруларымыз ауыр спорт түрлерімен де айналыса бастады. Сіздің де машықтанған спорт түрі ауыр санатқа жатады. Сіздей қаршадай қарындасымыз неліктен боксты таңдады? Не түрткі болды?
– Жалпы, спорт жыныс талғамайды. Иə, сіз айтып отырғандай, əйелдердің де ауыр спорт түрімен айналысып жүргені ақиқат. Бұған заман талабы деп баға берсек те болатын шығар. Əлемде гендерлік саясатты дамыту мақсатында бірқатар жұмыс атқарылып, конвенциялар қабылданды. Қазіргі таңда ер-азаматтарымыздың атқаратын жұмысы əйелдердің де қолынан келетінін аңғарып отырмыз. Бұл тарихтағы қазақ əйелдері осал болды деген сөз емес. Жоғарыда атап өткен заман талабы дегенім де – сол. Əйел затының ермен теңдікке ұмтылуынан қоғамда сан түрлі өзгеріс орын алуда. Ол спорт саласында да бүгін емес, кеше орын алған жайт.
Менің боксты, шаршы алаңды таңдауыма себеп болған – қызығушылық. Ауылда жыл сайын оқушылар арасында турнирлер ұйымдастырылып тұратын. Күнделікті ауыл тіршілігіне машықтанып алған маған да шаршы алаңда бақ сынау қызық еді. Содан өзімді рингте жүргендей елестететінмін. Кейін қызығушылығым арманыма ұласып, арманым шынайылыққа жетеледі. Ауылдағы бокс үйірмесінің есігін қағып, Асланбек Сармалаев ұстазыммен танысып, жаттыға бастадым. Ол кезде 10 жаста екенмін. Басында қиын болып көрінгенімен, кейін етім үйреніп кетті.
– Демек балалықтан туған арман дейсіз ғой. Түсінікті. Бірақ бұл таңдауыңызға ата-анаңыз, қоғамның көзқарасы қандай болды?
– Ауылда қыз баланың ауыр жұмыс істеуі көз үйренген дүние болғанымен, ауыр спортпен айналысуына қоғамның көзқарасы бейімделе қоймады. Ата-анам да алғашында сескене қарағанымен, кейін таңдауыма қарсы болмады. Олардың ойы мен «Жарақаттанып қалмай ма?» деген үрей ғой. Бірақ «келісіп пішкен тон келте болмас» деп, алдымен ата-анаммен кеңесіп, ризашылығын алдым. Ал қоғам сұқтана қарағанымен, жеткен жетістігімді көріп, қолдау көрсетті. Əуелде өзімде де «Бокспен айналысатынымды ешкім білмесе екен» деген ой болып еді. «Уақыт – бəріне емші» деген осы болса керек.
– Əрине, ата-ананың разылығы бəрінен маңызды. Хош. Шаршы алаңда бəсекеге түсуге не түрткі болғанын білдік. Енді Баянның жетістіктеріне тоқталсақ?
– Жетістік деген нəрсе оңайлықпен келмейді ғой. Ол қажыр мен шыдамды, төзім мен сабырды қажет етеді. Ауылдағы турнирлерде де, аудандық турнирлерде де топ жарып жүрдім. Ал облыстық, ауданаралық турнирлерден үш бəсекеде бағым жаныпты. Олар: Ақжайық ауданында өткен Ақжайық ауданы əкімінің жүлдесіне арналған бокстан жасөспірім қыздар арасындағы турнир, Бөрлі ауданындағы бокс спорты түрінің құрылуына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған ашық турнир, Ерғали Аязбаевты еске алуға арналған бокстан жастар жəне жасөспірімдер арасындағы ашық турнир. Бұл үштіктің бəрінде де мен І орынды иелендім.
– Керемет! Ауданымыздың намысын қолдан бермей жүрген арудың бірі екенсіз. Есіңізде болса, 2020 жылы өтуге тиіс болған «Tokyo – 2020» жазғы олимпиадасы биыл өткен болатын. Сол олимпиадада Қазақстан 8 қола медальмен 83 орыннан көрінді. Үміт боксшыларымызда болды. Тек Қамшыбек Қоңқабаев пен Сəкен Бибосынов қана қоржынымызға қола жүлде салып, мерейімізді үстем етті. Кейін бұл мəселе депутаттарымыздың назарына алынды. Жалпы, еліміздегі бокс спорты түріне жас спортшы ретінде беретін бағаңыз қандай?
– Жапония астанасында өткен олимпиада ойындарын үздіксіз тамашалап, еліміздің спортшыларына жанкүйер болып, тақымымды қысып отырдым. Əсіресе, бокс бəсекелерін үзбей көрдім. Дегенмен мен жас болғандықтан, анау айтқандай пікір білдіру қиын. Əйтсе де өз көзқарасыма сүйенсем, дайындық жеткіліксіз болған болуы мүмкін. Бұл тақырып төңірегінде сан түрлі сауал мен жауап бар. Сондықтан ештеңе дей алмаймын.
Жалпы, боксқа елімізде көп көңіл бөлінген. Əр өңірде түрлі спорт ғимараттарында бокс секциясы қарастырылған. Əріге бармай-ақ, Бостандық ауылындағы «Бокс залын» атап өтсек болады. Сондай-ақ Жалпақтал ауылындағы дене шынықтыру кешенінде де түрлі спорт үйірмесі бар. Бұл – мемлекет тарапынан, қала берді аудан атқамінерлерінің ықпалымен жасалып жатқан спортқа деген қолдау. Ауыл жастарының саламатты өмір салтын насихаттап, спортпен шұғылдануына үлкен мүмкіндік бар. Тек соны тиімді пайдалана білсек, нұр үстіне нұр. Барға – бар деп, жоққа – жоқ деп баға беру керек, менің ойымша.
– Пікіріңіз орынды. Сөз саптауыңыз бен пайымыңызға қарап, спорттан өзге де дүниені аңғаруға болады. Боксшы Баян кімге еліктейді жəне өмір мен рингтегі арудың арасында нендей айырмашылық бар?
– Мен еліктейтін бір ғана тұлға бар. Ол – жаны жəннатта болғай Бекзат Саттарханов ағам. Оған еліктеуімнің себебі – оның рухтылығы еді. Жас болса да, елі үшін тер төкті. Бірақ ғұмыры қысқа болды. Мен оның жекпе-жектері туралы ақпаратты, өмірбаянын оқып өстім. Оның рухына бағыштап түсірген көркем фильмді де тамашаладым. Өзін көрмесем де, білгенімді көз алдымда елестететінмін. Кітаптарды оқып отырып, ағамыздың жан дүниесі мен тұлға ретіндегі болмысына сүйсіндім. Еліктейтін адам – осы кісі.
Ал өмір мен рингтегі Баянның аса қатты айырмашылығы жоқ. Өмірде де рингтегідей мықты, қажырлы болуға тырысамын. Рингте есеңді жібермеу үшін психологиялық, физиологиялық жаттығулар жасауға тура келеді. Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» деген өлең жолы өмірлік ұстанымыма айналды. Сол себепті қолым бос кезде жан азығы – кітап оқығанды əдетке айналдырдым. Одан бөлек, дүниеден өткен тұлғалардың өмірі мен еңбектерін зерттегенді ұнататыным бар.
– Биыл еліміздің Тəуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Өткеніміз бен бүгінімізге зер салсақ, айырмашылық жер мен көктей. 30 жылда жасампаз мемлекетке айналдық десек, артық болмас. Сіздің Тəуелсіздік хақында пікіріңіз қандай? Қазіргі жастарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
– Тəуелсіздік – қанмен келген жеңіс. Өр Алтай мен қарт Каспийге дейінгі аралықты қорғау үшін ата-бабамыз талай нəубетті бастан кешті. Керей мен Жəнібек хандық құрғаннан бастап елімізге көз алартқандар көп болды. Кескілескен ұрыстар болып, Аңырақайда жоңғарларды ойсырата жеңдік. Кейінірек Ресей патшалығына отар болып, көрмегеніміз қалмады. Тарихымыз сол уақытта талай ұлтазаттық көтерілістің болғанын ашып берді. Содан соң Кеңес үкіметі орнап, талай ұлт зиялысы тоталитарлық жүйенің құрбанына айналды. Ұлы Отан соғысы да қазақ даласын шарпып өтті. Кешегі «Желтоқсан оқиғасы» ата-бабамыз аңсаған Тəуелсіздігімізге қол жеткізуге түрткі болды. 1991 жылы еліміз аңсаған Тəуелсіздікке қол жеткізді. Бұл Тəуелсіздік – атабаба мұрасы. Оны қастерлеу – бізге міндет. Мен өзімнің жəне замандастарымның жеткен жетістіктерін Тəуелсіздіктің сыйы деп бағамдар едім. Жастарды білімге құштар болуға, алдына мақсат қойып, рухани жəне ұлттық құндылықтар арқылы мақсатына жетуге шақырамын. Біз – Тəуелсіз елдің ұрпақтары, болашақтың іргесін қалаушымыз. Сондықтан өткенге көз тастап, болашаққа ұмтылып, тарихымызды жаңартып, ел мүддесін асқақтатуға тиіспіз.
-Əңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы