Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Бәйтерек ауданында «Жыл үздігі-2021» жастар сыйлығын салтанатты табыстау рәсімі өтті.
Спорт, білім мен өнер, ауыл шаруашылығы, волонтерлықта топтың алдына түсіп, аудан абыройын асқақтатып жүрген жастарды танытып, еңбектерін көпке үлгі ету мақсатында өткен кешке аудан әкімі Марат Тоқжанов қатысты.
Дәстүрлі түрде өткізілетін аталмыш байқау он аталым бойынша оздырылды. Оған 50-ге жуық өтініш келіп түскен. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар танылған үздіктерді мемлекеттік қызметкерлер мен қоғамдық ұйым өкілдерінен құрылған арнайы комиссия анықтаған.
Бір айдан астам уақытқа созылған байқау қорытындысында Баянсұлу Дүйсенғалиева «Үздік жас ұстаз», Кенесары Болғанбаев «Үздік жас өнерпаз», Толқын Разиолла «Үздік жас кәсіпкер», Ерлан Кужумов «Үздік волонтер», Алихан Берік «Үздік спортшы», Зейнұр Сақтай «Үздік студент», Владимир Землянов «Үздік жас өнеркәсіп қызметкері», Ілесбек Болатов «Үздік ветеринар», Андрей Ольховик «Үздік жас механизатор» аталымдарына ие болды.
Қызметке деген құрметі жоғары, адал еңбекпен жемісті күнге жеткен әр сала үздіктерінің марапатын аудан әкімі Марат Тоғжанов табыс етті.
Сонымен қатар белсенділігімен көзге түскен жастар, байрақты бәсекелерде аудан намысын қорғап жүрген жас спортшылар, озық ойлы оқушылар, сан өнерді бойға жиған өнерпаздар мен Тәуелсіздік құрдастарына да арнайы марапаттар табысталды.
Назерке Сыйлыбаева,
Бәйтерек ауданы