Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 21 қазанда өткен Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысында «Қазақстандағы тұрақтылық пен татулық қоғамдағы ынтымақ пен теңдіктен, өзара сенім мен құрметтен бастау алады. Қастерлі Отанымызда түрлі мәдениеттердің үйлесім тапқаны – соның айқын көрінісі. Бұл – біртұтас ұлт болып ұйысуымыздың басты қағидаты әрі айнымас стратегиялық бағдарымыз» деп қадап айтқан болатын.
2021 жылдың 23 қарашасында өткен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы жаңа дәуірдегі қазақ-стандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынған еді. Соның бірі һәм бірегейі, бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры екендігі жария етілді. Этникалық әр алуандық – біртұтас ұлт ретінде қалыптасқан халқымыздың артықшылығы екендігін Елбасы кезекті мәрте атап өтті.
Дамыған, өркениетті қоғам құру, құқықтық мемлекет пен толыққанды азаматтық қоғам қалыптастыру қай елде болмасын сол мемлекеттегі ұлттар мен халықтардың татулығына сүйенеді. Қазіргі кезде әлемде 3000-ға жуық ұлт пен ұлыс өмір сүріп отыр. Олар екі жүзден астам мемлекетке біріккен. Әлемдегі мемлекеттердің басым көпшілігі бірыңғай бір ұлтты емес, көп ұлтты. Әлемнің аймақтарының халқы барған сайын этностық құрамы, мәдениеті мен өмір салты бойынша әркелкілене түсуде.
Бұл экономикалық даму, шаруашылық пен қоғамдық өмірдің интернационалдандырылуының, халықаралық және ішкі мемлекеттік көші-қонның өсуі мен неке санының артуының нәтижесі. Бұл заңды процесс болып табылғанымен, өкінішке орай, көп жағдайда этносаралық шиеленістің күшеюіне, кейде тіпті қантөгіске әкелетін ашық дау-жанжалдарға да алып келіп ұрындыруда. Соған байланысты ұлтаралық келісім мен татулық қазіргі таңда қоғамдағы көкейтесті мәселенің біріне айналып отыр.
Қазақстан мемлекетінің әлемге бейбіт, ашық және төзімді ел ретінде танылуының үш маңызды негізін атауға болады. Ұлтаралық диалог пен толеранттылықтың қазақстандық үлгісінің ұлттық дүниетанымдық бі-рінші негізі ретінде қазақ халқының бейбіт мінезін, даналығын, ашықтығын, кең-дігін атап өту қажет. Қазақ хандығы құрылғаннан бері қазақ халқы сыртқы жауларынан қорғанумен болып, бөтен елдің жеріне ешқашан көз тікпеді, ешбір ұлтқа арамдық, қастандық, әділетсіздік жасамады, үнемі құдай қосқан ұлы көршілерінің қас-қабағына қарады, тіпті ешбір мәселеде ешкімнің көңіліне қаяу түсіргісі келмеді. Бұл жөнінен қалай алып қарасаңыз да, қазақ халқының адамзат алдындағы ары таза. Міне, сондықтан қазіргі Қазақстанның диалог пен толеранттылық мәдениетінің терең негізінің қазақ дүниетанымынан бастау алатыны туралы ешкімнен қымсынбай, ашық айтқан жөн. Қазақ халқы – барша қазақстандықтардың бірлігін нығайтатын негіз, елдің ұйытқысы. Бұл –терістеуге келмейтін тарихи шындық.
Қазақстанда қалыптасқан ұлтаралық диалог пен төзім-ділік моделінің екінші, тарихи, обьективтік, құрылымдық негізіне келсек, Кеңестік дәуірде орнаған ұлтаралық түсіністік пен бейбіт қатар өмір сүрудің жақсы дәстүрлерін атау қажет. ХХ ғасырда Еуразия кеңістігіндегі халықтар күшпен немесе саяси себептермен Қазақстан сияқты аймақтарға көшірілді. Кеңес одағының әр түрлі аймақтарынан Қазақстанға келген ұлттарды қазақ елі бауырына басып, олармен соңғы нанымен бөлісті. Кеңестік идеология Еуразия аймағындағы жүз миллиондаған әр түрлі ұлтты халықтар достығы идеясы арқылы ұйытып, КСРО қауымдастығын ұзақ уақыт бойы тиімді басқара білді. Қазір Қазақстанда жиі айтылып жүрген халықтар достығы идеясының негізі, міне, сол Кеңестік дәуірде қаланған еді. Тіпті қазір ұмыт қалған «Кеңестік ұлт» түсінігі де, заман өте келе «Қазақстандық ұлт» атауына өзгертіліп, қолданысқа енгізілген.
Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері, ұлт-аралық диалог пен мәдениет-аралық үнқатысудың жаңа моделін қалыптастыра алды. Бұл модельдің орнауында жоғарыда біз айтқан екі маңызды негізбен қатар, үшінші, басты, негізді ерекше атамауға болмайды. КСРО ыдырап, республикалары шашырап, халықтары бір-бірінен бөлектеніп, ұлтаралық қақтығыстар оты тұтанып тұрған аласапыран кезеңде Батыстың стратегтері Қазақстанның да өз ішінде ыдырап, бірнеше аймаққа бөлініп кететінін болжады. Осындай қысылтаяң да қауіпті кезеңде, еліміз, Қазақстандағы ұлтаралық жағдайды тыныштандырып, барлық этникалық топ өкілдерінің көңілін аулап, «Қазақстан халықтарын» экономика, ұлтаралық төзімділік және мәдениетаралық түсіністік сияқты жасампаз өмірдің салаларына аудара білетін күшті саяси көшбасшыға зәру болды. Нұрсұлтан Назарбаев тиісті уақытта тиісті жерден табыла білді. Өзінің кеңестік білімі мен мәдениеті, қазақы мінезі мен табиғаты, космополиттік жаңаша ойлау қабілетінің арқасында елбасы Н. Ә. Назарбаев Қазақстандағы ұлтаралық жағдайдың тұрақтап, ұлтаралық түсіністік және мәдениетаралық диалогтың нығаюында шешуші рөл атқарды және атқарып та келе жатыр.
Қазақстан этностарының бірлігі арқасында, елімізде жаңа мемлекеттіліктің қалыптасуы жолында кездескен көптеген қиыншылықтарды жеңе білдік. Қазіргі кезеңде Қазақстан үшін жаңа сын-қатерлер пайда болуда, мысалы, этностар мәдениеті мен ұлттық бірегейліктің жоғалуы және т. б. Қазіргі қауіп-қатерлердің нақты орналасуы, сыртқы келбеті жоқ және оны көру мүмкін емес. Қазіргі қауіп-қатерлерге қарсы күрестің негізгі құралдары – еліміздегі этностардың интеграциясы, ортақ мүдделердің болуы және жалпыұлттық мәдениет пен ұлттық бірегейлікті нығайту.
Мемлекеттер, өңірлер табысты ынтымақтаса алуы, неғұрлым тиімді ықпалдасуы үшін олардың аумақтарында бейбітшілік пен тәртіп орнауы қажет, ал бұл Қазақ-станға қатысты, ең бірінші кезекте, этносаралық және конфессияаралық келісімді білдіреді.
Қазақстанда осы келісімді қамтамасыз етуде Қазақстан халқы ассамблеясы қоғамдық- саяси институтына өте маңызды рөл берілген. ҚХА – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың саяси инновациясы, қоғамдық-саяси өмірде еліміздің түрлі этностық топтарының өкілдігін қамтамасыз ететін құрылым (олардың саны 130-дан асады). ҚХА этноұлттық саясат мәселелері бойынша орталық және жергілікті атқарушы билік құрылымдары жұмысының үйлестірушісі болып табылады. Бұл институтты Тұңғыш Президент қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту тұжырымдамасының негізгі орындаушысы ретінде айқындады.
ҚХА негізін этномәдени бірлестіктер құрайды. Олардың материалдық-техникалық базасын нығайту және жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау үшін еліміздің барлық облыс орталықтарында Тұңғыш Президенттің өкімімен Достық үйлері ашылды.
Ұлтаралық қатынастар саласындағы ағымдағы және болашақтағы саясаттың тиім-ділігінің аса маңызды шарты оны сенімді ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету болып табылады. Саяси шешімдер даярлау мен қабылдау барысында әр қилы ұлтаралық қатынастар үрдістері мен қатынастардың жағдайы туралы толық, ақиқат және жедел ақпараттарға иелік ету, яғни әр түрлі әлеуметтік фактілерді жүйелі түрде жинау мен талдап отыру қажет. Қазақстандағы этносаралық қатынастарды ғылыми-теориялық тұрғыда зерттеулермен ассамблея жанында құрылған ғылыми-сараптамалық топтар мен Қазақстан халқы ассамблеясы кафедралары айналысады.Этностарға қатысты саясат мемлекеттік саясаттың экономикалық, әлеуметтік, мәдени, білім беру, демографиялық және т. б. салаларымен ұштасып жатуы тиіс және ұлттық саясат жүйелі түрде іске асырылады. Ұлттық саясат тиімді әрекет жасауы үшін қажетті жағдай мен алғышарттар, оның ғылыми негізделуіне тікелей байланысты. Ұлттық саясаттың ғылымилығы ұлттар мен ұлттық қарым-қатынастар дамуының заңдылықтары мен ағымдарын қатал есептеуге негізделген.
Қазақстан халқы ассам-блеясының ғылыми-сарапшылық кеңесі 2009 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, ҚХА Төрағасы Н. Ә. Назарбаевтың ҚХА XIV сессиясында берген тапсырмасына сәйкес құрылды. Кейіннен, барлық облыстық ассамблеялар жанынан ғылыми-сараптамалық топтар құрыла бастады. БҚО ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының негізгі құрамын М. Өтемісов атындағы БҚУ ғалымдары құрайды. Ғылыми-сараптамалық топ төрағасы М. Өтемісов атындағы БҚУ ректоры міндетін атқарушы, профессор Н. Серғалиев. БҚО ҚХА ғылыми-сараптамалық тобы өңірдегі этносаралық қатынастарға қатысты өзекті мәселелерді, облыс аумағын мекендейтін этностар тарихы мен мәдениетін фундаменталды ғылыми-теориялық зерттеумен және өңір басшылығына ғылыми-сарапталған кеңестер берумен айналысады.
Егер Қазақстанда этномәдени бірлестіктер бұрыннан, тәуелсіздік алғанға дейін құрыла бастаса, соңғы жылдары қазақстандық этносаясаттың жаңа тетігі – еліміздің жоғары оқу орындарындағы ҚХА кафедралары ресімделе бастады. Мұндай алғашқы кафедра 2013 жылдың 28 маусымында профессор А. Башмаковтың бастамасымен Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ашылды. Қазіргі уақытта ҚХА кафедралары Қазақстанның көптеген жоғары оқу орындарында жұмыс істейді. Жақында олардың саны едәуір артады деп ойлаймыз, өйткені ҚР БҒМ мұндай бастаманы қолдауға шешім қабылдады және қазақстандық жоғары оқу орындарының ректорларына оқу орындарының құрылымында тиісті штаттық бірліктермен ҚХА кафедрасын құруды ұсынды.
М. Өтемісов атындағы БҚУ-да «Қазақстан халқы ассамблеясы» кафедрасы 2014 жылы 26 қарашада ашылды. БҚУ ҚХА кафедрасы – Қазақстанның батыс аймағындағы санаулы кафедралардың бірі.
Кафедраның мақсаты – университетте этносаясат саласында оқу-тәрбиелік және ғылыми-зерттеу үдерістерін үйлестіру, әдіснамалық және әдістемелік қамтамасыз ету, тікелей ЖОО-да және одан тыс жерлерде ҚР мемлекеттік этносаясатын іске асыруға жүйелі түрде жәрдемдесу.
Қазіргі нарықтық жағдайда Қазақстанда тұратын ұлттар, ұлыстар өмірдің, қоғамдық өндірістің қай саласында болмасын толық теңдікке, еркіндікке, бостандыққа қолы жетті. Ұлттар арасында сенім-ділік, ынтымақтастық, келісушілік, түсінушілік күшейе түсті. Осылардың негізінде республикада ұлт пен ұлыстар арасында жанжалдар, дау-дамайлар жоқ. Олардың арасындағы алуан түрлі қатынастар қоғам бірлігін, тұтастығын күн сайын дамытып жетілдіруде. Кездейсоқ жағдаймен кейбір ұлтаралық мәселе туа қалса, оны еліміздегідегі билік бейбіт түрде шешетініне күмән жоқ.
Тұрар Шайхиев,
саясаттанушы,
М. Өтемісов атындағы БҚУ ҚХА кафедрасының меңгерушісі,
«Қоғам және саясат» арнайы бетінің қоғамдық редакторы