25.12.2021, 18:00
Оқылды: 30

Үздік палуандар анықталды

Жақында Бәйтерек ауданы Дариян ауылдық округінде жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен аудан чемпионаты өтті.

32

Бәйтерек ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұйытқы болуымен оздырылған турнирде ауданға қарасты округтерден келген 2011-2012 жылғы жасөспірімдер бақ сынады.

Жарыс мектеп жасындағы балалардың бос уақытын тиімді пайдаланып, жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын ұстануға шақыру мақсатында өтті.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Дариян ауылдық округінің әкімі Тілек Какенов жас спортшыларды алдағы мерекемен құттықтап, сәттілік тіледі.

33

-Спорт – елдің еңсесін тіктейтін өнер. Бүгінгі жарыста бағы мен бабы қатар шауып, шеберлігі шыңдалған шын мықты жеңіске жетсін. Жас палуандарымыздың алар асулары, бағындырар белестері көп болсын,-деді өз сөзінде ауыл әкімі Тілек Насырұлы.

Түрлі салмақ дәрежесінде өткен тегеурінді байқау тартысқа толы болды. Жас спортшылардың ептілігі мен шапшаңдығы шыңдалып, өздеріне мол тәжірибе жинағаны сөзсіз.

Жарыс қорытындысында 26 келі салмақ дәрежесінде Бекжан Жұма, 29 келі салмақта Әділжан Жұма, 32 келіде Әлижан Бекежан, 35 келіде Ибраһим Амантай, 38 және одан жоғары салмақ дәрежесінде жауырыны жерге тимеген Диас Мақсот чемпионат жеңімпаздары атанды.

Өз салмақ дәрежелерінде Ерали Көшекбаев, Ислам Мухамбеткали, Жігер Ерсайын, Аламгер Самат және Иман Мухамбеткали мен Фархат Батыровтар екінші орынға ие болса, Ұлан Сәлімғали, Абдрахман Джубанғалиев, Нұрым Серік, Мирлан Шамшитов, Саят Мұрат, Мақсат Бердигалиев, Маулет Асылбек, Степан Кириленко, Мадияр Джубанов, Аділ Курбан, Арон Құрақбай, Аркадий Тыныбаевтар үздік үштікті қорытындылады.

34

Барлық жүлдегерлер мен жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Назерке Сыйлыбаева,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале