31.12.2021, 9:39
Оқылды: 99

Жақсыдан қалған жарқын із

Қазақ танымында өте қадірлі  «тектілік» дейтін ұғым бар. Тектілік  –  адам­ға кездейсоқ берілмейтін кісілік  құндылық. Ол адамға ата-бабасының  жақсы қасиеттері, парасаттылық  үлгісі, ділі, дүниетанымы рухани  сабақтастықпен беріледі. Бұл  қасиеттер ұрпақтан ұрпаққа өтіп,  жалғаса беретінін де кей кездері  өмірдің өзі дәлелдеп отыр.

InShot_20211231_081345334

Ақ Жайық атырабы өз халқының асылы мен жасығын, жаманы мен жақсысын парықтауға мән беріп, ұлт тағдырына бей-жай қарамай, халық мүддесін көздеп, елінің ертеңі үшін бар қиындыққа төзе білген текті әулеттерден кенде емес. Есімі Шыңғырлау ауданына кеңінен танымал Манкеевтер отбасының бастауында тұрған, Ұлы Отан соғысына қатысып, қалған ғұмырын туған жерінің өркендеуіне арнаған Айтқали атамыз арамызда болса, жаңа жылдың басында 100 жасқа толар еді.

Жетімдік жанын жүдеткен

Артында қалған ұрпағының айтуынша, еселі еңбек етіп, елінің есінде қалған Айтқали Манкеевтің балалық шағы мен өмір жолы қиындықтарға толы болған. Ол 1922 жылдың 5 қаңтарында Тайпақ өңірінде өмірге келген бойда анасы өмірден озған. Жұбайынан ерте айырылған әкесі сол кездегі ашаршылықтан бас сауғалап, екі қызы мен бір ұлын ертіп, арып-аршып алғашында Ресейдің Орынбор облысына, кейін Ақтөбе өңіріне бағыт алады. Екі әпкесі және әкесі ұзақ жол мен аштыққа шыдай алмай, көз жұмады. Сол кездегі 7-8 жасар бала Айтқали өзі секілді жетім қалған қатарластарына ілесіп, әрлі-берлі жүрген пойыздарға мініп, жан бағады. Ата-анасыз қалып, бой сауғалап жүрген балаларды Ресейдің Тұзтөбе стансасына келген пойыздан тәртіп сақшылары түсіріп алып, Боран ауылындағы балалар үйіне өткізген. Кейін сол ауылға Шыңғырлау ауданының Қарабұлақ бөлімшесінен келген ерлі-зайыптылар кейіпкерімізді асырап алып, тұратын ауылдарында мектеп болмағандықтан, білім алу үшін аудан орталығына жібереді. Ол жерде бөлімшелерден келген балаларға арналған интернат болмағандықтан, балалар үйін мекендеуіне тура келген.

Соғыс шарпыған жастық шақ

Мектеп қабырғасынан енді түлеген бозбала 1942 жылдың жазында әскер қатарына алынады. Сұм соғыстың енді қызған шағында Орынбор қаласынан әскери дайындықтан өткен сарбаз армия генералы Н. Ватутин басшылық ететін №38 дивизия құ­рамымен ІІ Украина майданына кірген.

– Бала күнімізде соғыс туралы сұрай қалсақ, әкеміз басынан кешкен ауыртпалығын шынайы әңгімелеп беретін. Ол Украинаның астанасы Киев қаласы үшін бірнеше мәрте болған кескілес­кен ұрыстар туралы, сол қаланың басты көшелерінің бірі Крещатиктегі ұзақ та қанды шайқасты, қаза тапқан майдандастарын жиі еске алатын. Жан алып, жан беріскен сол шайқастар үшін әкемізге «Киевті азат еткені үшін» медалі табысталған. Кейін Днепр өзені үшін болған шайқаста көрсеткен ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған. Әкеміз барлаушылардың взвод командирі ретінде өз қаруластарымен бірге талай жау тылына өтіп, алдағы шайқастардың бағыт-бағдарын біліп отыру үшін «тіл» әкелген. Сол үшін оған «Соғыстағы ерлігі үшін» медалі берілген. Біздер әлі күнге дейін «Майдангердің ұрпағы» деген сөзге мақтана қарайтынымыз жасырын емес. Әкеміз де көзі тірісінде біраз құрмет көр­ді. 1990 жылы Киев қаласы атқару комитеті төрағасының атынан аталған қаланың құрылғанына 850 жыл толған мерейтойына арнайы шақырту келген болатын. Тек бір өкініштісі, әкеміздің өзі азат етуге қатысқан қаланың тойына отбасылық жағдайға орай апара алмадық, – дейді ұлы Наурызбай.

Майдангер атамыз кейін Украинаның Львов, Ужгород қалаларын неміс басқыншы ларынан азат етуге қатысқан. Сондай кескілескен шайқастардың бірінде бендеровшылардың Кеңес өкіметіне қарсы шығып, бейбіт тұрғындарды азаптап өлтіргендерін де көзбен көрген. Кейін Карпат тауынан асып, Ұлы Жеңіс күнін Австрияның астанасы Вена  қаласында  қарсылаған.

Еңбекпен өрілген өмір

1945 жылдың күзінде елге оралған кейіпкеріміз 7-8 кластық білімінің арқасында Шыңғырлау ауданына қарасты «Ағатан» ет совхозының №4 бөлімшесіне алғашында есепші, кейін мал маманы болып қызметке алынады. Ал 1950 жылы аталған бөлімшеге басқарушы қызметіне тағайындалған. 1954 жылы елде тың игеру басталып, «Ағатан» ет совхозы таратылып, «Шілік» кеңшарын құру жұмысы басталады. Жаңадан құрылған совхоздың бірінші бөлімшесін жасақтау Айтқали ағамызға жүктеледі. Аз уақыт ішінде бөлімшеден тұрғын үйлер салынып, ол маңға жергілікті жұрт тарапынан «Алматы» атауы берілген.

– Әкеміз қандай қызмет жасаса да, барлығын абыроймен атқаруға тырысатын. Қазақта «Ұлық болсаң, кішік бол» деген тамаша сөз

бар. Әкеміз өте қамқор, кішіпейіл, сөзге шешен, көпшіл жан еді. Қай жұмысты да ұтымды ұйымдастыратын. Перзенттерін де еңбекқорлыққа, адалдыққа, түзу жүріп, біреудің алажібін аттамауға тәрбиелейтін. Сол себепті де шығар, бүгінде әкеміздің көзін көрген замандастарынан ол кісінің тек жақсы жақтарын естиміз. Біздер де сол әкеміздің салған сара жолымен жүруге тырысып келеміз, – дейді Наурызбай ағамыз.

Тектіден текті туады 

Айтқали аға соғыстан оралған соң шаңырақ көтеріп, отбасында сегіз ұл-қыз тәрбиелеп өсірген бақытты әке. Көзі тірісінде ұрпағына сапалы білім, саналы тәрбие беруге тырысқан. Ата-анасының сенімін ақтаған ұл-қыздары түгелдей жоғары білім алып, әр салада жемісті еңбек атқарып, бүгінде зейнет жасына жеткен.

Шаңырақтың екінші қызы саналатын Жамал апамыз саналы ғұмырын қазақ тілі саласына арнап, филология ғылымдарының  докторы, профессор атағына ие болды. Отбасында өскен ең кенже қыз Рәзия зейнет жасына дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени мәселелер комитетінде абыройлы қызмет істеді.

Әкесінің 100 жасқа толуына орай естелік жазуымызды өтініп, редакциямызға арнайы келген Наурызбай ағамыз ұзақ жыл мемлекеттік қызмет саласында еңбек еткен. Немересі Мұхтар Наурызбайұлы да алғашқылардың бірі болып, еліміздегі «Болашақ» бағдарламасымен шет мемлекеттен білім алып, Финляндиядағы Оулу университетін «Бизнес әкімшілеу магистрі» мамандығы бойынша бітірген. Астана қаласындағы бірнеше компанияда жауапты қызметтер атқарды. Кейін 31 жасында Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, ал 2019 жылдың күзінде Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалған. Бүгінде Мұхтар Манкеев – Нұр-Сұлтан қаласындағы «Самұрық-Қазына» қорының басқарушы директоры.

Қазақ біреуге риза, ісіне тәнті болғанда «Текті атаның ұрпағы ғой» деп сүйсінеді. Сондай-ақ халық арасында «Әкеден ұл туса  игі, әкенің жолын қуса  игі» деген де қанатты сөз бар. Жоғарыда айтылған «тектілік» деген сөзді де осы әулетке қарата қолдансақ әбден орынды. Соңында өшпестей із қалдырған Айтқали ағамыздың жатқан жері жарық, топырағы торқа, ал ұрпағы аман болсын  деп  тілейік!

Асылжан Нұрдәулетов,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале