13.01.2022, 17:14
Оқылды: 50

Қазақстанда 5 шетелдік жоғары оқу орнының филиалы ашылады

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов президент тапсырмаларын орындау үшін қандай жұмыстар жасалатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

30

«Мемлекет басшысы Қ.Қ. Тоқаев Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде Үкімет алдында бірқатар маңызды тапсырмалар жүктеді. Біздің министрлік алдына сапалы білім алуға қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған міндеттер қойылды. Біз осы тапсырмаларды орындауға кірістік, бұл туралы өткен Үкімет отырысында баяндадым. Қысқаша тоқталып өтейін. Президенттің тапсырмасына сәйкес қызметтерін орындау кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің балаларына, жоғары оқу орындары мен колледждерде оқуы үшін грант беру жөніндегі норманы қабылдау жоспарлануда. Мемлекет тарапынан мұндай қолдау қажетті шара болып табылатынына сенімдімін. Жақында болған қайғылы оқиғалар кезінде біз олардың ерлігінің куәсі болдық, азаматтарды өз өмірін аямай қорғады» деп жазды Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында.

Оның айтуынша, кадр тапшылығы байқалатын және білім сапасында үлкен алшақтық бар өңірлерге үздік педагогтерді тартуға қатысты біраз іс қолға алынады.

Президенттің тапсырмасы бойынша қолдау шараларының тиісті пакетімен осы өңірлерге үздік педагогтерді тарту жөнінде арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр.

«Педагогтердің осы салаларда жұмыс істеуіне мүдделі болуы үшін біз жалақының арттыру коэффициентін белгілеу, тұрғын үй беру немесе тұрғын үйді жалға алу құнын өтеу, коммуналдық қызметтерді төлеу өтемақысы және т.б. осы сияқты әлеуметтік қолдау шараларын ұсынамыз. Мұндай әлеуметтік пакет арнайы рәсімнен өтіп, белгілі бір өлшемдерге сәйкес келетін және белгілі бір мектептерге жұмысқа ауысатын мұғалімдерге беріледі. Нақты іске асыратын кейбір тетіктерін әлі де талқылыйтын боламыз. Мемлекет басшысының бірқатар тапсырмалары жоғары білім беруді дамытуға қатысты болды. Тағы бір бағыт – 5 шетелдік ЖОО филиалдарын ашу. Бұл шара отандық университеттер арасында бәсекелестікті арттыруға да мүмкіндік береді. Біз осы бағыттағы жұмысқа кіріскенімізді атап өткім келеді. 2021 жылдың қыркүйегінде Де Монтфорт Лестер Британ университетінің (De Montfort University Leicester) филиалы ашылды. Сонымен қатар, Қозыбаев атындағы университетті Аризона университетіне сенімгерлік басқаруға беру мәселесі пысықталуда. Еліміздің батыс өңірлеріндегі жастардың жоғары білімге қол жеткізуін арттыру үшін онда екі жетекші шетелдік техникалық университеттің филиалдары ашылатын болады. Сондай-ақ, Президенттің тапсырмасына сәйкес Ресейдің үздік техникалық университетінің филиалын ашу бойынша жұмыс жүргізілуде. Басқа да әлемдік деңгейдегі университеттердің филиалдарын ашу бойынша жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ, білім сапасында үлкен алшақтығы бар өңірлерден оқуға түсушілер үшін техникалық дайындық бағыттары бойынша қосымша гранттар бөлу жоспарлануда. Аталған мақсатты гранттар еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында білім алу үшін бөлінетін болады. Бұл ретте негізгі тұрғылықты жері бойынша бітірушілердің жұмыспен қамтуды шарттардың бірі ретінде бекіту ұсынылады. Ағымдағы жылдың өзінде техникалық дайындық бағыттары бойынша жоғары оқу орындарында оқу үшін гранттар саны айтарлықтай өсетін болады» деп атап өтті министр.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале