Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен коронавирус індетінің алдын алу бойынша жедел штаб отырысында ковид жұқтырғандарды сауықтыруға барлық жағдай жасалғаны, екі айлық дәрі-дәрмек қоры бары айтылды. Қазір облыстағы індеттің өршуі 82%-ды құрайды.
Еуропа елдерінде коронавирус штамдарына байланысты лок-даун жүруде. Мысалға, Австрияда бір күнде 17 мыңнан астам адамнан індет жұқтырған. Көршілес Ресейде де жағдай мәз емес. Жаңа жылдың алдында республикамызда ковидке қатысты 500 жағдай тіркелсе, күні кешегі мәлімет бойынша 9000-нан астам адамның ауру жұқтырғаны белгілі болды. «Омикрон» штамы Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында тіркелген.
– Қазіргі жағдайға байланысты барлық облыста осы «Омикрон» штамын жұқтырушылар бар болуы ықтимал. Сондықтан екі-үш күнде науқастардың анализдерін астанаға сараптамаға жіберетін боламыз. Өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға келсек, 12 қаңтар күнгі мәлімет бойынша «сары» аймақ пен «қызыл» аймақтың шекарасында тұрмыз. Пандемия басталғалы бері 40 421 КВИ жағдайы тіркелген. Биылғы өткен мерзім ішінде 351 жағдай анықталды. Індетке шалдыққандардың көпшілігі Оралда, онда 246 (70%), Бәйтерек ауданында 42 (12%), Бөрлі ауданында 32 (9%) науқас тіркелген. Соңғы тәулікте коронавирустың 93 жағдайы тіркеліп отыр. Соңғы тәуліктегі көрсеткішті салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, облыстағы індеттің өршуі 82%-ды құрайды. Сондықтан облыстағы жағдай өте күрделі. Ауру жұқтырғандардың басым көпшілігі вахталық әдіспен жұмыс істейтін ұжымдарда анықталуда. 93 жағдайдың 43-інің ауруы вахтаға кетер алдындағы тексерістерде белгілі болған. 5 қаңтардан бері КВИ-ге шалдыққандар ішінде Қарашығанақ кен орнында жұмыс істейтін 40 адам бар болып шықты. Сондай-ақ вирустық жұқпасы бар адамдар арасынан да індет жұқтырғандар (39 адам) табылуда. Науқастармен қарым-қатынаста болған 7 адамнан КВИ анықталған. Жаңа жыл басталғалы 1700 зерттеу жүргізілді, – де-ді облыстың Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев.
Басқосуда КВИ-ге қарсы екпені алу, ревакцинация, ұжымдық иммунитетке жеткізу мәселелері көтеріліп, облыс әкімі тарапынан тиісті тапсырмалар берілді.
– Ревакцинация жұмыстары нашар жүруде. Сондықтан мемлекеттік мекеме-кәсіпорындардың, әлеуметтік сала нысандарының, құқық қорғау құрылымдарының, басқа да ұжым басшылары апта сайын өз ұжымдарындағы қызметкерлердің ревакцинация өткізу көрсеткіштерін денсаулық сақтау басқармасына мәлім етіп отырсын. Жансақтау бөлімінде жатқан науқастардың 95%-ы екпе алмағандар, – деді облыс әкімі.
Облыс әкімі «сары аймақта» тұрғанымызбен, сақтық шараларын күшейтпесек, эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлап кетуі ықтимал екендігін шегелеп айтып, тиісті құрылымдарға сақтық шараларын күшейтуді тапсырды.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz