Батыс Қазақстан облысында 504 төсектік 8 инфекциялық стационарда 154 науқас емделіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, өңірде коронавирус жұқтырғандар саны күрт көбейіп, ауруханалар 30,2 пайызға толды.
Ауырғандардың бәрі де Орал қаласындағы 4 стационарда. Соның ішінде төртеуінің жағдайы ауыр. Олардың біреуі инвазивті жасанды тыныс алу аппаратына, екеуі инвазивті емес осындай құрылғыға, тағы біреуі оттегі концентраторына қосылған.
Облыста 2184 (1309-ы инфекциялық, 875 карантиндік) резервтік төсек-орын әзірленді.
Өткен жылы 684 адам коронавирустан көз жұмса, биыл 4 науқас қайтыс болды.
Жыл басынан бері 1348 адамнан індет табылса, соның 35-і – балалар.
Басқармадан түскен мәліметке қарағанда, вакцинация басталғаннан бері 259 756 адам (егілуге жататын тұрғындардың 62,6 пайызы) бірінші, 245 777-сі (59,3 пайызы) екінші компонентпен егілді.
Қазіргі кезде өңірде 60 878 доза бірінші, 80 513 доза екінші компонент бар.
Ревакцинациядан 26 347 адам өтті. Pfizer вакцинасын 6564 адам салдырса, соның 233-і – жүкті, 2890-ы – бала емізетін әйелдер, 3441-і – жасөспірімдер.