Қазіргі таңда үздіксіз білім беру жас ұрпақтың білімінің тереңдігімен өлшенеді. Білімді, жан-жақты қабілетті ұрпақ - ұлтымыздың баға жетпес қазынасы. Жас ұрпақтың тәрбиесі алдымен балабақшадан басталады.
Баланы жастай жақсыға үйретіп, мектепке дайындайтын сондай орынның бірі — Пойма ауылындағы «Жұлдыз» бөбекжайы. Бөбекжай 2007 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Мұндағы тәрбиешілер 44 баланың жарқын болашағы үшін барын салуда.
-Балабақшада берілген тәрбие - барлық тәрбиенің бастамасы, әрі бұл мекен жан-жақты тәрбие мен дамыту ісінің түпкі негізін қалайтын орын. Мұнда ең бастысы, балалардың бір-бірімен араласып-құраласып, ой-өрістері мен қарым-қабілетін арттыруға баса ден қойылған, — дейді бөбекжай директоры Ләззат Бекишева.
Бөбекжайымыз шағын болғанымен, барлық оқу-әдістемелік құралдарымен қамтылған және ертегі кітаптармен, ойыншықтармен үнемі қамтамасыз етіп отыр.
Барлық жағдай жасалған бөбекжай қызметкерлері өз жұмыстарын адал атқаруда.
Жуырда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды балаларға арнау қажет екенін айта отырып, «Балалар — мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі» деген болатын. Олай болса, балаларымыздың келешегі көркем болу үшін аянбай қызмет қылу — баршамызға ортақ іс!
Светлана Исатова,
«Жұлдыз» бөбекжайының әдіскері