20.01.2022, 15:15
Оқылды: 53

Сәрсенбі сайын серуен, сенбі сайын бәйге

Сырым ауданында ат спорты ойындарының жаңа маусымы басталды. Сәрсенбі күні "Қайсар" спорт клубы Өлеңті ауылының іргесіндегі атшабарда маусымның ашылуына орай балалар мен жасөспірімдер арасында асау үйрету мен аударыспақтан сайыс өткізді.

IMG_6843

Асау үйрету - жігіттен күш пен қайраттан бөлек, ақыл мен ептілікті, рух пен тектілікті талап ететін өнер. Былай айтқанда, асауға бас білдіруді дала циркі десе болғандай. Сырымның жас сейістері кеше ол сыннан сүрінбей өтті. Атбегі Төлеби ағалары құлақтап берген құнандардың жалына бірінен кейін бірі жабысты. Тулағандарына қарамай тақымдап алды. Әсіресе Бекзат Әлтен, Диас Төлеу, Сұлтан Халық сияқты жас перілер ерекше көзге түсті. Шараға Сырым аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Ерлан Сарсенов қатысты. "Қайсар" спорт клубының директоры Ерболат Мұқановтың айтуынша, енді әр сәрсенбі сайын Өлеңті атшабарында халық үшін атпен серуен, сенбі сайын тай жарыс өтпек. Ендеше, ат ерттеп серуенге шығайық, тай баптап, бәйгеге салайық!

IMG_6871

IMG_6807

IMG_6769

 Б. Мұстафа,

Сырым ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале