23.01.2022, 22:32
Оқылды: 45

Ревакцинация  –  қажеттілік!

Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген COVID-19 инфекциясы әлі басылмай тұр. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында жасаған баяндамасында Қазақстанда «омикрон» штамы тез таралып жатқандығын мәлімдеген болатын. Жалпы, соңғы уақытта еліміздің барлық дерлік облысы «қызыл» аймаққа енген. Соның ішіне Батыс Қазақстан облысы да тіркелген. Қауіпті вирусты жұқтырғандардың саны күннен-күнге өршуде. Аты жаман індеттің алдын алу мақсатында коронавирусқа қарсы түрлі вакцина пайда болып, Қазақстанда екпе алу алу науқаны өткен болатын. Ал қазіргі таңда вакцинаның екі компонентін де алған жандарға белгілі бір уақыттан соң ревакцинация жүргізіліп жатыр. Қазіргі жағдайға байланысты вакцинация мен ревакцинацияның қажеттілігі зор. Жаңақала аудандық ауруханасы директорының эпидемиолог көмекшісі, мейірбикелер ісі жөніндегі орынбасары Қуаныш Есеновтің айтуынша, вакцинация коронавирустық инфекцияның алдын алудың ең тиімді әдісі болса, ревакцинация иммунитетті арттырады.

F6EFAAC7-8B57-4274-AEA3-085B53905E6F

«Ревакцинациялау  «QazVac», «Vero Cell» вакциналары арқылы жүргізілуде»

- Ревакцинация науқанында тек бір доза салынады. Үшінші доза екпенің қос дозасын алған соң 6-9 ай өткеннен кейін салынады. Ауданда желтоқсан айының бірінен бастап азаматтарды коронавирустық инфекцияға қарсы ревакцинациялау басталды. Ревакцинация басталғанға дейін екпе кабинеттерінің дайындығын бақылау, ревакциянация алгоритмі бойынша медицина қызметкерлеріне арналған оқыту семинарларларын өткізу, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі таңда ауданда ревакцинациялау  «QazVac», «Vero Cell» вакциналары арқылы жасалынып жатыр. Жалпы, аудан тұрғындары ревакцинация алуда белсенділік танытуда.  Жоспар бойынша қаңтар, желтоқсан айларына 2241 адамды ревакцинациялау керек. Күні бүгінге дейін 1677 адам ревакцинациядан өтті. Қаңтар айының соңына дейін белгіленген жоспарды толықтай аяқтаймыз деп ойлаймыз. Алғашында, «Спутник V» вацинасын алған жандар тоғыз айдан соң ревакцинация алу керек деген болатын. Алайда одан кейін желтоқсан айының 12-сі күні жаңа қаулы шығып, 6 ай өткен соң ревакцинациялану қажет деді.

Векторлық вакцина алған адамдар (Спутник-V) 6 айдан кейін белсенді емес вакцинамен немесе М-РНК вакцинасымен егіледі. Қалауы бойынша бірінші рет алған вакцинаны ревакцинация кезінде де егілуге болады. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясовтың 2022 жылғы 13 қаңтардағы №2 «Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекция бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық- профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу туралы» жаңа қаулысы бойынша Comirnaty (Pfizer) вакцинасын қолдана отырып, КВИ-дің ауыр көрінестерінің даму қаупі бар медицина қызметкерлерінің, 60 және одан жоғары жастағы адамдардың КВИ-ға қарсы ревакцинациясына рұқсат етілген. Ол ақылы түрде емес, яғни тегін жасалынады. 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге және емізетін аналарға Pfizer вакцинасын алуға болады. 16-37 апта аралығындағы жүкті әйелдерге вакцинамен егілуге болады. 37 аптаға толғаннан соң сәби дүниеге келіп, 42 күн өткенге дейін вакцина салғызуға болмайтын уақытша медицина қарсы көрсетілімнің болуы туралы анықтама беріледі. Мысалы, жүкті әйелдер I, II компонентке «Спутник V», «QazVac» сынды екпелер алған болса, үшінші ревакцинацияда оларға Pfizer вакцинасымен егіледі.

Сондай-ақ белгіленген уақыт алты айдан асып үшінші дозаны алмаған адамдардың «Ashyq» қосымшасындағы статусы «көк» түспен көрсетіледі, яғни вакцина толық алмаған болып есептеледі, - деді аудандық аурухана директорының эпидемиолог көмекшісі, бас мейірбике ісі жөніндегі орынбасары Қ.Серікұлы.

Әлем елдеріне таралған COVID-19 атты аждаһа қайта басын көтерді. Ұзақ уақыт жасыл аймақта болып, босаңсып, біраз сақтық шараларын ұмытқандаймыз. Ал қазіргі таңда ауданымыздағы ахуал қандай?  Қуаныш Есеновтің мәліметіне сүйенсек, 1 қаңтардан бастап бүгінгі күнге дейін 22 адам індет жұқтырған.

- Індет жұқтырғандардың төртеуі облыстық модульдық инфекциялық ауруханаға жатқызылды. Оның біреуі емделіп шықты. Үй карантинінде 18 адам, оның ішінде біреуі жүкті болса, 18 жасқа толмаған бір жасөспірім ем алуда. Жерлестерімізді қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, індеттің одан әрі өршуіне тосқауыл болуға шақырамын, - деді директордың мейірбикелер ісі жөніндегі орынбасары Қ.Есенов. Аудан тұрғындары да бұл ретте қажетті вакцинаны алып, сақтық шараларын жасауда.

«Вакцина алу – өміріңді қорғаумен тең»

- Коронавирус инфекциясы қазіргі таңда тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемді дүр сілкіндіргені барлығымызға анық. Соның ішінде соңғы кезде коронавирус инфекциясының «омикрон» штаммы қазір белең алуда. Атап айтсақ, Қазақстанға да келіп, көптеген адамдарға симптомды және симптомсыз түрде таралғаны мәлім. Осы уақытқа дейін КВИ-ға қарсы вакцинацияның екі бөлігін алып, барымызша сақтандық. Қазіргі кезде бұған қоса ревакцинация шығып жатыр. COVID-19 инфекциясының алдын алу мақсатында қайта вакцинаның үшінші дозасын қабылдауға барып, отандық «QazVak» екпесін алдым. Маусым айында ресейлік векторлы «Спутник-V» вакцинасын салдырған едім, содан алты ай толған соң барып екпе қабылдадым. Өзімді жақсы сезінемін. Ревакцинация не үшін керек деген сұрақ туындайтын болса, менің ойымша, ревакцинация коронавирустың жаңа шыққан штаммдары «омикронға» қарсы күресу, адамның денесіндегі иммуниетті қалыптастыру, антиденелердің пайда болуына үлкен көмек тигізеді. Осы кезге дейін коронавирус инфекцисына қарсы вакцинацияның екі бөлігін алған әріптестерім, туыстарым, достарым осы аурудан аман-есен, ауырған жоқ. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бұл ауруға біз бірлікпен күрескен жағдайда ғана жеңе аламыз деп ойлаймын. Барша аудан тұрғындарын коронавирусқа қарсы үшінші дозаны алуға шақырамын, - деді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Дәурен Жарасов.

P.S:

Батыс Қазақстан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері М.Арыспаевтың Батыс Қазақстан облысының тұрғындары арасында COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында «Батыс Қазақстан облысы аумағында қатаң карантиндік шектеу шараларын енгізу туралы» 2022 жылғы 14 қаңтардағы №1 қаулысы жарияланған болатын. Ендеше, карантиндік шектеу шараларын қатаң сақтап, індетке тосқауыл болуымыз шарт. Мамандар айтқандай, жаңа штамдарға ағзаның иммунитетін қалыптастыру үшін ревакцинацияның маңызы зор. Сол себепті таралып жатқан вирустардан, түрлі аурулардан қорғанып, иммунитетті қалыптастыру үшін вакцина алу денсаулығымыз үшін өте маңызды.

Жаннұр Хайрушева,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале