Жаңа технологиялар заманы, ақпараттық технологияның дамыған уақытында өмір сүріп жатырмыз. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген нақылды ұры-қары мен алаяқтардың тез ұғып алғаны алаңдатады. Күн өткен сайын жымысқы әрекеттердің түрлі айласын тауып жатқан онлайн алаяқтар отандастарымызды сан соқтыруда. Адамды алдап, оның қалтасын қағудың 400-ден астам айла-тәсілін біледі деген шығарма кейіпкері Остап Бендердің өзін жер сипатып кете алатын жаңа заман ұрыларының құрбандары күн санап өсіп жатыр. Адамды үптеуді «мамандық» еткен кәнігі қылмыскерлерді тұсаудың да жолы табылар емес. Әзірге онлайн алаяқтардан қорғанудың жалғыз жолы сақтық пен олар туралы қажетті ақпаратты білу ғана болып отыр.
Соңғы бірнеше айдың өзінде Бәйтерек аудандық полиция бөліміне алаяқтық құрбаны болған сегіз адам жолығыпты. Ол ақпаратты бізге полиция капитаны, криминалды полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі Серік Қарлыбаев берді.
Капитанның сөзінше, ұрылар азаматтардың адалдығын өзінің жымысқы ойларын іске асыру мақсатында пайдаланады екен.
-Полицияға шағымданып келген азаматтардың көбі өздеріне банк қызметкері болып хабарласқан жандарға сеніп қалған. Бөлімге алдандым деп арызданған сегіз азаматтың алтауына онлайн несие рәсімделген. Осы ретте тұрғындарды сақ болуға шақырамын,-дейді полиция капитаны Серік Қарлыбаев.
Бүгінде алданған тұрғындар ең көбі бір миллион бір жүз, ең азы екі жүз сексен мың несие төлеуге мәжбүр. Атап көрсетер болсақ,переметныйлық «Г» есімді азаматшаның сеніміне енген онлайн ұрылар оның атына 585249 теңге рәсімдесе, банк қызметкері болып қоңырау шалған азамат Переметный ауылының тағы бір тұрғынын «Any dеsk» қосымшасын жүктеуге мәжбүрлеп, оның атына 1185344 теңге рәсімдеп жіберген. Одан бөлек, переметныйлық «А» есімді азамат сеніміне кірген алаяққа 815218 теңге рәсімдеуіне кедергі бола алмаған.
Сондай-ақ ауданға қарасты Зеленый ауылында тұратын «Г.»-ні алдаған алаяқтар ол тұрғынды 280588 теңгеге үптесе, зеленыйлық жәбірленуші «Е» 458000 теңге несиені төлеуге мәжбүр, Зеленый ауылының тағы бір тұрғыны «А» 580000 несиенің қызығын тек төлеу арқылы көріп отыр.
Сөз барысында «Any dеsk» қосымшасы туралы айттық. Шын мәнінде ол қосымшаның компьютерге де, смартфонға да ешқандай зияны жоқ. Қалаған адам оны «Рlay market» арқылы жүктеп, достарының немесе жақындарының телефонын қышықтықтан басқара алады. Ең өкініштісі, осы күні аталмыш бағдарлама алаяқтардың басты қаруының біріне айналып отыр. Мақалаға қажетті ақпаратты берген криминалды полиция бөлімшесінің аға уәкілі, полиция капитаны Серік Қарлыбаев алданған азаматтардың біразы өзін банк қызметкері ретінде таныстырған адамның нұсқауымен аталмыш қосымшаны жүктеп, алданғанын айтады.
-Өз басына аяқ астынан несие рәсімдеп алданған алты азаматтың үшеуі «Any dеsk» қосымшасын жүктегенін айтты. Сол арқылы олар жай ғана алданған жоқ, алаяққа өз басына несие рәсімдеуге тікелей көмектесті десек те болады. Өйткені өз телефонын басқаруға мүмкіндік берді,-дейді полиция капитаны Серік Қарлыбаев.
Жаңа технология заманы дейміз. Сол игіліктің кейбірі өзімізге де кесірін тигізіп жатыр. Сол себепті жаңаны қорқа қабылдап, одан бас тартуға емес, керекті нәрсені үйренуге ұмтылған абзал екеніне осындайда көз жетеді.
Осы күні интернет алаяқтар өміріміздің барлық санатына енген секілді. Өйткені кезкелген жерде алданып қалуға болады. Тіпті интернет арқылы бір нәрсе сатып алар кезде де сақтықты ұмытпаған жөн. Переметный ауылының тұрғыны өзінің көлігіне қажетті қозғалтқыш іздеп, интернет шарлап отырған кезде Игорь деген азамат хабарласып,«Автобис» компаниясының қызметкері екеніне сендірген. Өзіне қажетті көлік құрылғысы бар екенін айтқан Игорь қозғалтқыш Белорусь астанасында тұрғанын жеткізіпті. Содан оны беріп жіберетін айтып, алдын ала төлем сұраған. Бір жағынан қозғалтқыш тапқанына қуанған, екіншіден сенген переметныйлық қажетті сомманы Игорьдің есеп шотына салып жіберіпті. Енді 317 мыңынан айырылған жерлесіміз ақшасын қалай қайтарарын білмей әлек.
Осыдан-ақ онлайн ұрылардың кез келген саладан хабары бар екенін көре аламыз. Адамды алдаудың, оның сеніміне қалай кірудің де түрлі айласын меңгергенге ұқсайды.
Бүгінде онлайн сауданың қарқын алған шағы. «OLX» арқылы сауда жасар кезде де сақтықты ұмытпау керек. Гитара сатпақшы болған переметныйлық «Н» есімді бойжеткен жоғарыда аталған жарнама қосымшасына өз тауарын орналастырпты. Біраз уақыттан соң потенциалды сатып алушы хабарласып, «Н»-ның есеп шотындағы 20 мың теңгені үптеп кеткен. Енді ол да ақшасын қайтара алмай дал боп жүр.
Мақаланы жазар кезде алданған адамдармен хабарласып, қалайша алданғандарын білмек болдық. Біразы бас тартты. Тек Әлия есімді бойжеткен өзінің қалай алданғанын айтып беруге келісті.
-Өткен жыл желтоқсанның 11-і күні қаладан үйге келіп, демалып жатқан едім. Диляра Мұратбековна болып өзін таныстырған азаматша хабарласты. Өте сыпайы, әрі банк қызметкері секілді сөйлеген жан менің атыма Светлана Чернова атты бейтаныс біреу несие рәсімдеп жатқанын айтты. Осы кезге дейін ондай жағдайға тап болып көрмеген соң қатты шошыдым. Оның үстіне дәл сондай үлкен сомманы естігенде тезірек құтылуға тырыстым. Өйткені оны төлеп отыруға шама жетпейді. Сол себепті қоңырау шалған адамның айтқандарын жасадым,-дейді Әлия ханым.
Ең сорақысы, алаяқ Әлия ханымның телефонында қандай қосымша бар екенін, Каспий банкіндегі шотында қанша ақша қалғанына дейін айтып берген. Мұндай мәліметтерден соң Әлияның сенбеске амалы қалмапты.
Осылайша ойламаған жерден алданған Әлия есін жиып, өз-өзіне келген шақта банкке барып, мән-жайды анықтамақ болған. Бірақ барлығы кеш... Енді алданған жан несиені төлеуі керек.
-Бір қуанарлығы, маған хабарласқан жанның телефоны Қазақстаннан шығып тұр. Құқық қорғаушылар тиісті жұмысын атқарып, алаяқты табады деген сенім бар,-дейді Әлия.
Осы ретте «интернет алаяқтарына алданғаны расталған жағдайда банк жәбірленушілердің жағдайына кіріп, несиесін төлетпеуге бара алмай ма екен?» деген ой келеді.
Полиция қызметкері Серік Қарлыбаев интернет алаяқтардың ізіне түсу мүмкін емес екенін айтады. Бірнеше есепшот пайдаланатын онлайн ұрылар Переметныйда рәсімделген ақшаны Оралға, одан Павлодарға, кейін Мәскеуге аударып, ізін суытып кетеді екен. Содан болар, әлі күнге дейін жоғарыда сөз болған бір де бір қылмыс ашылмаған.
Полицейлер аталған қылмыстарды ашу қиынға соғатынын да жасырмайды. Сол себепті өз қаражатымызға мұқият болайық. Күмәнді әр қоңырауды жіті тексерген абзал-ау.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz
Суреттің дереккөзі: egemen.kz