28.01.2022, 9:10
Оқылды: 49

Халық талап етпесе, тіл түйіні тарқатылмайды

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің VI  Құрылтайында қабылданған шешімдерді орындау мақсатында БҚО тілдерді дамыту басқармасы қоғам белсенділерінің қатысуымен халықаралық «Қазақ  тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі БҚО филиалын қайта құруға байланысты кеңес өткізді. Кеңесте Халықаралық «Қазақ  тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Болат Жексенғалиев халықаралық «Қазақ  тілі» қоғамының VI Құрылтай жиналысында қоғамның жаңа жарғысы қабылданып, жұмысын соған сай жандандыру мәселесі айтылғанына тоқталды.

24

Қазіргі таңда бұл бағытта нақты жұмыстар атқарыла бастады. Құрылтайда жергілікті тұрғындармен бірлескен түрде жұмыс істеу, мемлекеттік тіл саясатын іске асыруды қуатты қоғамдық күшке айналдыру міндеті қойылды. Бүгінгі өткізілетін ұйымдастыру жиынында негізгі мәселелер бойынша ақылдасып, алдағы жұмыстың жоспарын және қай бағытта қандай жұмыстар істейміз деген мақсатпен өздеріңізбен ақылдасу үшін жиналып отырмыз. «Қазақ тілі» қоғамы 1989 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында аталмыш қоғам басқа да қоғамдық бірлестіктер сияқты ағымдағы жұмыстарды атқарумен шектелді. Бұған дейін аудандық филиалдар, бастауыш ұйымдар болған жоқ. Қазір жаңа жарғыға сәйкес «Қазақ тілі» қоғамының құрылымдық жүйесі қайтадан құрыла бастады. Дәлірек айтқанда бастауыш ұйымдар, аудандық, қалалық, облыстық филиалдар мен орталық құрылымдар құрылды. Бірінші кезекте алдымызда тұрған міндеттер жөнінде облыстық әкімдікпен ақылдаса отырып, бірлескен іс-шаралардың жоспарын айқындап алдық, – деді Болат Өтеғалиұлы өз сөзінде.

– Ұлт болудың бірегей факторы – ұлттың тілі. Тілдің қоғамдағы рөлінің өте жоғары екендігі баршамызға белгілі. «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайы әр бес жыл сайын өткізіліп келсе, соңғы он жылда өткізілмегендігі хақында Түркістан қаласында болған құрылтайда айтылды. Мемлекет басшысы кез келген атқарушы биліктің, жергілікті құрылымдардың қоғаммен тығыз байланыста болу қажеттігі жөнінде нақты тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеді. Сондықтан «Қазақ тілі» қоғамы да осы бағытта жұмыс істейтін болады. Аталған қоғамның жұмысын жандандыру, материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жергілікті атқарушы билік тарапынан қолдау көрсетіледі. Мақсат – тілдің қолданыс ауқымын кеңейту. Адам баласы қай ұлттың тілінде білім алса, сол тілде ұлтқа қызмет етеді. Мемлекеттік комиссия құрылып, қазіргі уақытта қазақ тілін үйретудің тұжырымдамасы жасақталуда. Балабақша, мектептен бастап, жоғары құрылымдарға дейін тілдің қолданыс аясын кеңейтуге байланысты жаңа талаптар қойылады. Сонымен қатар алдағы уақытта қоғамдық бірлестіктің құрамына аудандық, қалалық, облыстық мәслихаттардың депутаттары, саяси партиялардың, қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және тағы да басқа қоғам белсенділері тартылып, олар «Қазақ тілі» қоғамының алқасында өздерінің пікірлерін айтып, жұмысты жандандыру мақсатында қоян-қолтық бірлесіп, қызмет істейтін болады, – деді жиында облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Ғалиев.

Жиынға қатысқан «Қазақ тілі» қоғамының белсенділері – Алтынбек Абдулманов, Айгүл Туркина, Абат Қыдыршаев, Қазбек Құттымұратұлы, Тұрарбек Тілемісов, Нұртай Текебаев тіл елді біріктіретін басты күш екендігін, жұртшылық ынта, ықылас танытпаса, талап етпесе, тіл күрмеуі шешілмейтінін жеткізіп, осыған орай өздерінің пікір-ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ жиында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Батыс Қазақстан облыстық, Бөрлі, Жәнібек, Теректі, Бәйтерек, Тасқала аудандық филиалдарының және бастауыш ұйымдарының құрылымдары айқындалып, басқарма жиналысының қаулысы қабылданды.

Нұрым  Нұрманов,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале