Атамыз қазақ: "Өмірге бір сәби келсе азаншы ма әлде қазаншы ма» деп сұрайтын. Немесе «азаны жоқ елдің мазасы жоқ» дейтін. Болмаса «Аллаға жағам десең азаншы бол, халқыма жағам десең қазаншы бол» дейтін. Әлде азан айтылып жатқанда сөйлеме, сөзін іштей қайталай бер деп те сөгетін. Тіпті кішкене нәресте өмірге келсе, азан айтып ат қойып, азанмен тірлігін бастап жататын.

Осынша азанмен өміріміздің үндесуі тегіннен тегін болмаса керек. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтін (с.а.с.) сөздеріне шүбәсіз сеніп, Алладан және ақыреттен үмітіміз болғаннан шығар.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) азанның артықшылығы туралы былай дейді: "Азаншының дауысы жеткен жерге дейінгі күнәсі кешіріледі. Оған берілетін сауап, онымен бірге намаз оқығандардың сауабымен теңеседі». [Хадисті Әбу Умамадан имам Тәбәрани жеткізеді. Джами'ус-сахих № 6519].
Осындай Пайғамбар хадистері мен қазақы қанатты сөздерін негізге ала отырып, жуырда аудандық жастар ресурстық орталығының қолдауымен, «Сенім» ҚБ-нің демеуімен, Шыңғырлау аудандық мешіті жамағат арасында азан шақырудан "Әуезді азаншы" сайысын ұйымдастырды.
Мәні терең шараға аудан орталығынан ниет білдірген бес үміткер қатысты. Қатысушылар азанды тыңдаған жұрттың жүрегіне мейлінше жеткізе білуге, хақ дініміздің талабына сай орындалуына, өзін-өзі ұстап, тіпті киім үлгілері де талап үдесінен шығуы тиіс екендіктеріне баса назар аударды. Ерекше тебіреніске толы сәттерде Алла тағаланың атына айтылған сансыз мадақтар мен шүкіршіліктер негізінде елімізді, қалың жұртымызды бейбітшілік пен мызғымас бірлікке шақырған ізгі ниет жатқанында сөз жоқ еді.
Сайыс соңында «Үздік азаншы» бас жүлдесін Асхат Исанов иеленіп, алғысхатпен марапатталды және бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Еламан Баяділ,
Шыңғырлау ауданының бас имамы