Бәйтерек ауданы әкімінің биылғы есептік кездесуі Егіндібұлақ округінен басталды. Осы кезге дейін атқарылған жұмыс сараланып, болашаққа жоспарланған істер айтылатын кездесуге ауылдағы ағайын түгел жиналды. Алдымен округ әкімі Ринат Ескендіров 2021 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарымен бөлісті. Өткен жылы Егіндібұлақта ауыл клубы мен кітапханасы күрделі жөнделіп, балалар ойын алаңы салынды. Бұрынғы әкімдік ғимараты күрделі жөнделіп, жас мамандарға жатақхана ретінде берілді. Ауыл көшелеріне заманауи жарықтандыру жүйесі қосылып, абаттандыру жұмыстары іске асқан. Округ әкімі биылғы жоспарына мектепті күрделі жөндеп, көше жолдарын түзеу, жаяу жүргінші жолын салу, спорттық алаң тұрғызу, Алмалы елді мекеніне газ тарту жобаларын енгізген. Аталған жобалардың құжаты жасақталып, қаржыландыру мәселесі шешімін тапқан.
Егіндібұлақ – мал шаруашылығына өте қолайлы ауыл. Есептік жиында ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Лауаз Уәлиев ауыл шаруашылық өнімін өндірушілер кооперативін құрудың маңыздылығы туралы айтып берді.
-Тұрғындар кооперативке біріксе, мал басы артып, бағу да оңайға түседі. Шаруашылыққа қажет техника мен өндірілген ет, сүт, өзге де өнімдерге мемлекеттен демеуқаржы төленеді, – деді ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Лауаз Уәлиев.
Кейін аудан әкімі Марат Тоқжанов сөз алып, өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Былтырғы жыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен айшықталғанын атап өткен аудан басшысы елге тартылған инвестициялық жобалар тиімділігінің нәтижесінде аудан 2021 жылдан бастап донор аудан деңгейіне өтіп, облысқа 1 млрд. теңге қаражат аударғанын да ерекше атап өтті.
Одан бөлек, ауданда мемлекеттік бағдарламалар аясында ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жол салу, абаттандыру, әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеу, шағын және орта кәсіпті дамыту бағытында іске асқан жұмыстар 2022 жылы да қарқынды жалғасатынын айтты.
Кейін тұрғындар ауыл көшелерін асфальттау, қаңғыбас мал иелеріне шара қолдану, қоқыс полигонын реттеу мәселелерін алға тартты. Одан бөлек мобильді интернет желісін жетілдіру мәселесін де егіндібұлақтық ағайын орынды көтерді. Сонымен қатар ауылды аудан орталығымен қосатын жолдың құрылысы қашан аяқталатыны да ағайынның қойған сауалдарының бірі болды.
Барлық сұрақты мұқият тыңдап, әрқайсысына орынды жауап берген аудан басшысы бұралқы итпен күресу мәселесі күн тәртібінен түспейтіндігін жеткізді. Ауылдағы қаңғыбас итті жою үшін тек әкімдіктің әрекетін күтіп отырмай, әр қожайын өз хайуанын есепке енгізіп, арнайы чип салуы керек. Сол кезде елді мекенді аралап, елдің мазасын алған бұралқылар анықталады. Осы кезде олармен күресу де жеңілдейтінін айтты. Ал көше кезген малға келер болсақ, биылдан бастап ауыл аралап, жол бойында келеңсіздік туғызған ірі қара иелеріне ескерту емес, бірден айыппұл салу туралы заңға өзгертулер енгізілгені айтылды. Енді әр адам өз малына ие болуы керек екен.
Сонымен қатар аудан басшысы интернет желісін жақсарту мәселесі алдағы уақытта шешілетінін айтты. Ал ауылды аудан орталығымен қосар жол құрылысы көп кешікпей басталмақ.
Аудан әкімінің өткен жылғы жұмысына ризашылығын білдірген Егіндібұлақ ауылының тұрғындары ауылда атқарылған жұмыстарға да разы екендіктерін білдірді.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz