9.02.2022, 16:30
Оқылды: 48

«Балалар аударыспағы Оралда ғана бар»

Ақпан айының 5-і  күні Орал қаласы әкімдігі  дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Орал» спорт клубының ұйымдастыруымен, даңқты ұшқыш Хиуаз Доспанованың жүз жылдығына орай «Saba» этнокешенінде аударыспақ бәсекесі өтті.

0CC0D9B1-DF4A-4FB4-BF5F-EA543A12BED5

Ұлттық спортта бақ сынау үшін 30-ға тарта ойыншы жарысқа қатысуға ниет білдірді. Олардың арасында қала жастары, студенттер мен мектеп оқушылары да бар. Аударыспақ алаңын айнала жүгірген кішкентай балалардың да көзінен төл спортымызға деген шынайы ынта байқалады. Ат үстіндегі белдесуде «Орал» спорт клубындағы аударыспақ бөлімінің жетекшісі Рауан Мұқитанов төрешілік етті. Бес салмақ дәрежесі бойынша жастар мен балалар тобы болып бөлініп, білек күші мен ат үстіндегі ептілігін сынасты.

–  Атқа дұрыс отыру мен оны ерттеуді осы спорт клубында жүріп үйрендім. Ат спортының ішінде аударыспақты таңдадым. Сондықтан осы спорт түрі бойынша өзімді дамытып жүрмін. Үш-төрт ай ішінде үш рет қалалық жарысқа қатыстым. Ол жерде тәжірибелі ағаларымнан аударыспақтың көптеген техникаларын меңгердім. Алғашында ат үстінде отырып белдесу деген қорқынышты көрінгені рас. Ал қазір бұл ойыннан жаныма рахат табамын. Белгілі ақын Бекарыс Шойбековтің «...Атқа мінген кезімде мен – өз басым, Таққа мінген адамды менсінбеймін.» дегеніндей, ұлттық спортпен шұғылданатынымды мен де мақтан тұтамын,  –  дейді  спорт клубының оқушысы Нұрдәулет Мағзом. Ұлттық  ойынды бұқаралық  деңгейде дамыту мақсатында аталған спорт клубы алдағы уақытта ат спорты түрлерінен бірнеше жарыс ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде этнокешенде жамбы ату, теңге ілу, көкпар, аударыспақ сияқты ойындар өткізуге алаң дайындалып, жағдай жасалған.

BA09FA7D-8A0E-4F48-BAAD-EF141D88FC91

 «Saba» ұлттық кешені  М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетімен серіктестік орнатқан. Яғни, дене шынықтыру мамандығы  бойынша білім алатын студенттер осы жерге келіп, практикалық сабақтардан өтеді.  

–  Қазіргі таңда ұлттық спорттың кенжелеп қалғаны жасырын емес. Себебі, насихат жұмыстары аз жүргізіледі. Сол олқылықтардың орнын толтырып, төл спортымызды дамыту үшін қала жастары мен балаларды жинап, аударыспақ ойынын өткізіп отырмыз. Спорт клубы жанынан «Ат спорты» бөлімі бір жыл бұрын ғана ашылды. Соның өзінде қызығушылық танытып, балаларын атқа үйретіп жүрген ата-аналар саны артып келеді. Сенбі, жексенбі күндері этнокешен кішкентай балалардан босамайды.  Және Қазақстанда балалар аударыспағы  Оралда ғана бар екенін айтқым келеді, – дейді «Орал» спорт клубының әкімгері Ақмоншақ Жұмаева. Жеңімпаздарға медальдар мен грамоталар табысталды.  Жарыс нәтижесі төмендегідей:

Жастар арасында

Балалар арасында

(60 + кг)

І орын –  Тілек Халесов  

ІІ орын –  Дәулет Ибраемов  

ІІІ орын –  Қайрат Алабасов  

ІІІ орын –  Жасталап Талапов

(30+ кг)

І орын –  Айсұлтан       Миразат

ІІ орын –  Бекнұр Бердібекұлы

ІІІ орын –    Нұрислам Мәлік

(65 + кг)

І орын –  Мағжан Мағзом

ІІ орын –  Азат Талапов

ІІІ орын –  Бейбарыс Карипулла

(40 + кг)

І орын –  Арсен Мұратқали  

ІІ орын –  Жасұлан Файзуллин  

ІІІ орын –  Нұрдәулет Мағзом  

ІІІ орын –  Дастан Бұлтбай

(45 + кг)

І орын –  Айбарыс Миразат  

ІІ орын –  Айбатыр Миразат  

ІІІ орын –  Мейірбек Максим

 

Нұртілеу Қадырқұл,

 zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале