Адам баласының тағдыры әрқилы. Олардың арасында өзге жанның көмегіне зәру жандар көптеп кездеседі. Үлкенге құрмет көрсетуді және мұқтаж жанға жәрдем беруді өздеріне мақсат еткен Бәйтерек колледжінің студенттері мен ұстаздары «Ардагерлерді ардақтайық» жобасына белсенді араласып келеді.
Жасы келген жандарға әрдайым қол ұшын созып, олардан өнегелі өмірі туралы біліп, өмірін еңбекке арнаған жандардың еткен еңбегін насихаттау және жастарды мейірімділікке баулу мақсатында қолға алынған акция біразден бері сәтті жүзеге асуда.
Жуырда жоғарыда айтылған Бәйтерек колледжінің 21-топ студенттері мен өндіріс шебері Асқар Жакин зейнеткер, бар өмірін аудан колледжіне арнаған Нина Сачневаның үйіне барып, қар басқан ауласын тазалап, қолғабыс етті.
Ауыл жастарының қамқорлығына разы болған әжей студенттерге ризашылығын білдіріп, ұмытпай көмекке келген жандарға ақ батасын берді.
-Өмір бойы Переметный ауылындағы білім ордасында қызмет еттім. Біздерді ұмытпай, қолғабыс еткен әр студентке, колледж ұжымына алғысым шексіз. Еліміздегі бейбітшілік мәңгі болсын,-деді Нина Сачнева.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz