Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырып, жансақтау бөлімшесінде жатқан 19 науқастың 18-і немесе 98 пайызы екпе алмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның ішінде біреуі бала болса, үшеуі – 65 жасқа дейінгілер. 9-ы – 65-тен, алтауы – 80 жастан асқандар.
Оның айтуынша, осылардың ішінде 17-сі ауыр, екеуі аса ауыр халде. Бесеуі инвазивті жасанды тыныс алу аппаратына, 8-і инвазивті емес осындай құрылғыға, алтауы оттегі концентраторына қосылған. Оған қоса үш науқастың созылмалы сырқаты бар.
Г.Әбдірахманованың сөзіне қарағанда, күні бүгін 465 науқас амбулаторлық ем алып жатса, соның 276-сы немесе 59,3 пайызы Орал қаласында.
Облыс бойынша 14 инфекциялық стационарда 174 адам ем қабылдауда. Ауруханалар 23,2 пайызға толған, бұл өткен аптамен салыстырғанда, 13,4 пайызға төмен.
«Облыста тұрғындарды вакцинациялау жұмысы жалғасуда. Осы кезге дейін 270 477 адам вакцинаның бірінші компонентін салдырды. Бұл – жалпы жоспардың 65,3 пайызы. Сондай-ақ 256 118-і екінші компонентпен де егілді. Pfizer компаниясының «Комирнати» вакцинасын 9 890 адам алды, соның 5 147-сі – жасөспірімдер, 357-сі – жүкті және 4 386-сы – бала емізетін әйелдер», деді Г.Әбдірахманова.