14.03.2022, 16:00
Оқылды: 175

Алғашқы ашық чемпионат

Орал қаласындағы Мұз спорт сарайында конькимен мәнерлеп сырғанаудан балалар мен жасөспірімдер арасында тұңғыш рет Батыс Қазақстан облысының ашық чемпионаты өтті.

IMG-20220314-WA0081

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының қысқы спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен оздырылған сайыста спорттық дәрежесіне қарай 5-14 жас аралығындағы спортшылар өнер көрсетті. Атырау, Қостанай және Батыс Қазақстан облысының командалары бақ сынаған бұл жарыстыңашылу салтанатында облыстық спорт басқармасының бөлім басшысы Дәурен Мұқанов жас спортшыларға сәттілік тіледі.

IMG-20220314-WA0082

– Бұл чемпионатты ұйымдастырудағы басты мақсатымыз спорттың ерекше түрі конькимен мәнерлеп сырғанауды облыс көлемінде  дамытып, жаңа деңгейге көтеру. Сайысқа 65 жас спортшы қатысуда. Қысқы спорт түрлерінен облыстық балалар-жасөспірімдер мектебінің негізгі құрамында 55 спортшы және ақылы оқу-жаттығу бөлімінде 70-тен астам бала тәрбиеленуде, – деді Дәурен Ақеділұлы.

Мұз спорт сарайы базасында мәнерлеп сырғанау бөлімі 2002 жылы ашылған. Кейінгі жылдары Бекзат Хасанов, Алуа Кәрім, Айкүміс Әбутәлі, Аружан Хамитова, Нұрдәулет Әділбек, Жаниса Қуанышева сынды жас спортшыларымыз «Күзгі жарыс», «ICE TIGER», «SKATE ASTANA 2022» халықаралық және түрлі балалар мен жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирлердің жүлдегері атанып жүр.

IMG-20220314-WA0083

- Әкем 6 жасымда осы мәнерлеп сырғанауға әкелген болатын. Содан бері айналысып келемін. Бұл спорттың ерекшелігі белгілі бір әуеннің ырғағына ілесе отырып, сезіну арқылы қимылдайсың. Өтіп жатқан чемпионатта Батыс Қазақстан облысының атынан шығып өнер көрсетемін. Қатысып жатқан командаларға сәттілік тілеймін, –деді жас спортшы Алуа Кәрім.

IMG-20220314-WA0088

Жарыс нәтижесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы сыйлықтарға ие болды.

Аманжол Исламғали,

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале