ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай статистика келтірді.
«Қытай елінде 4-13 наурыз аралығында өткен XIII қысқы Паралимпиада ойындарында еліміздің ұлттық құрама командасы бір қола медальға қол жеткізіп, 53 мемлекеттің арасында командалық есепте 17-ші орынға тұрақтады. Ойындарда 700-ден астам спортшы парашаңғы жарысы, парабиатлон, парахоккей, тау шаңғысы, арбадағы керлинг және сноуборд сияқты спорттың 6 түрінен 78 медаль жиынтығын сарапқа салды. Оның ішінде біздің спортшылар 12 медаль жиынтығы бойынша бақ сынады», - деді комитет төрағасы.
Айтуынша, бұл жолғы паралимпиада ойындарында ел намысын 5 спортшымыз қорғаған.
Нақтырақ айтсақ, Александр Герлиц (СҚО), Ербол Хамитов (СҚО), Сергей Усольцев (СҚО), Денис Петренко (Ақмола облысы) және Юрий Березин (Қостанай облысы).
«2022 жылғы 8 наурызда Александр Герлиц пара биатлоннан 10 шақырым қашықтықта үздік үштікке еніп, қола медальге қол жеткізді. Бұл - тәуелсіздік алған жылдардан бергі Қазақстан құрама командасының қысқы Паралимпиада ойындарындағы үшінші медалі», -деді Самат Ерғалиев.
Комитеттің мәліметі бойынша, Қазақстан тарихында қысқы Паралимпиада ойындарында біздің спортшылар 1 күміс және 1 алтын медаль алған.