24.03.2022, 9:50
Оқылды: 75

«Туған жерге ту тігуге асықтық»

Орда ауданы қайта құрылған кезде алғашқы күннен ұйымдастыру шараларының басы-қасында болған, ұзақ жыл аупарткомда қызмет атқарған еңбек ардагері, зейнеткер Болат Лұқпановпен сыр-сұхбат.
853074C7-1C6D-471F-9BED-744818DE514B

Бөке, Орда ауданын қайта құру жөніндегі Жарлық шыққанда қайда едіңіз? Қандай сезімде болдыңыз?

– «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп белгілі әнде айтылғандай,  атамекеніне бүйрегі бұрмағанның бойында патриоттық сезім де болмайды ғой. Сонау 1952 жылы аудан тарағанда мен Әжен  жетіжылдық мектебінде оқушы едім. Отбасымыз Макар, Ақкөлмек, Жиекқұм елді мекендерін жағалап келіп, кейіннен Жәнібектің Күйгенкөл ауылына табан тіреді. Аталмыш жарлық шыққанда Жәнібек аупарткомының ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы едім. Хабарды алғаш естігенде Ұлы Отан соғысында опат болған әкем тіріліп келгендей қуандым. Ал енді аупарткомның І хатшылығына ұсынылған Р. Егізбаев шақырып алып, Орда ауылдық партия комитетінің  конференциясын ұйымдастыруға баратынымды айтқанда, төбем көкке екі елі жетпей қалды. Кім туған жерге ту тігуге асықпайды дейсің?! Осылайша, 15 наурызда әріптестерім, аупартком нұсқаушылары Әбухан Карин, Асылбек Меңдіғалиев үшеуміз пойызбен Сайқынға келіп, ауданды қайта құру ісіне кірісіп кеттік.

–  Енді сол алғашқы ұйымдастыру конференциясы туралы ойыңызды аз-мұз тарқатып айтсаңыз...  

– Қайта құрылған Орда ауданы негізінен Жәнібектен енші алғаны белгілі. Бұл ауданның М.Мәметова атындағы, Орда, Бисен кеңшарлары, Казталовтың Құрманғазы атындағы, Искра кеңшарлары жаңа ауданға берілді. 28 наурызда оздырылған Орда аудандық партия комитетінің ХVІ  конференциясына осы кеңшарлар территориясындағы коммунистерден сайлаған делегаттар қатысты. М.Мәметова атындағы кеңшар бастауыш партия ұйымы берген №45  мандатпен мен де делегаттар қатарына қосылдым. Конференцияда аупарткомның құрамы, бюро мүшелері сайланды. Бірінші хатшылыққа Рахметолла Егізбаев, екінші хатшылыққа бұған дейін Жәнібек аудандық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған Жексенбай Бекенов, хатшылыққа Жәнібек аудандық комсомол комитетінің І хатшысы Сәния Хамзина отырды. Жәнібектің аупарткомында ұйымдастыру бөлімі меңгерушісі болған Жұмабай Қадыров Орда аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімі меңгерушілігіне, Орда ауылындағы орта мектеп директоры Нұрлыбай Қайырбеков насихат және үгіт бөлімі меңгерушілігіне, ал мен жалпы бөлім меңгерушілігіне бекітілдім. Нұсқаушылық қызметке Балмолда Тоқсанов, Өтежан Хасенов, Хайролла Абдолов, Ноқаш Қадимов, есепшілікке Надия Такирова, машинист-терушіге Гүлсара Бисекенова, кадр есебін жүргізуге Орынғаным Ақмурзина алынды.

- Есте қалған ескірмес естеліктер қандай?

- О-о, ондай жайлар көп қой. Алдымен істің неден, қалай басталғанын айтсам, ол кезде бізде кеңсе, баспана деген болған жоқ. Аупартком М.Мәметова атындағы кеңшар партия комитеті хатшысы Сағидолла Абдоловтың бөлмесі мен ағарту кабинетін иемденіп, қыстырыла-қымтырыла сонда қызмет істеді. Және бір есімде қалғаны Рақаң (Р. Егізбаев), Қадер Ғайсин, Қасым Досқалиев, тағы да басқа  азаматтар кеңшардың қонақүйінде жатып, асханасынан тамақ іштік. Қызмет барысында уақытпен санаспайтынымыз өз алдына, вагонмен келген құрылыс материалдарын түсіруге де жиі баратынбыз. Көңіл көктем, күш-қуат мол дегендей... Алғашқы мезгілде аудан орталығында құрылысқа ерекше қарқын берілді ғой. Біртіндеп әр мекемеге кеңсе салынып, тұрғын үйлер бой түзеді. Айтпақшы, бес кеңшардың әрқайсысына Сайқыннан бес үйден салып беру міндеттелді. Бір «ОШ-60»-ты аупарткомның жігіттері тұрғызды. Бригадиріміз М. Мәметова атындағы орта мектептің еңбек пәні мұғалімі Тарасенко болғаны, әлгі ғимараттың құрылысы аяқталуға жақындағанда өртеніп кетіп, қайта салғанымыз және бар. Ол уақытта партияның қоғамды ілгерілетуші, бастаушы күш болғаны жасырын емес. Орда аудандық партия комитеті де өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, қалың бұқараны соңынан ерте білді. Қайта құрылған аудан аз ғана жылдарда аяғынан нық тұрып, экономикалық, әлеуметтік мәселелер де кезең-кезеңмен өз шешімін тауып жатты. Біз кешеден келдік – бүгінге. Егемен еліміздің болашағы – жастар. Ендігі жерде солар өлкеміздің өткен тарихын білуге тиіс. Қай кезде де біздің бөкейліктер Тәуелсіздік тұғырын беркітуге, Қазақстанның гүлденіп, дамуына өз үлестерін қоса беретініне нық сенімдімін.

Бауыржан Махутұлы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале