«Ақбота» шаруа қожалығында түйеқұс өсірілуде» дегенді естіп, аталмыш шаруашылыққа бардық. Бізді шаруашылық жетекшісі Жанболат Ақсаловтың жұбайы Нұржанат Қуанышқызы қарсылап алды.
Төрт түлікке арналған аумағы атшаптырым қора-қопсыға жақындай бергенімізде ақырған есек үні ауық-ауық маңайды жаңғыртты. Біздің аймаққа таңсық жануар ғой, «Бұл қайдан жүр екен?» десек те, түйеқұсты көруге асықтық.
Қораның есігі ашылған сәтте, қарсы алдымызда тұрған мойындары сырықтай бірнеше түйеқұсты көрдік. Бір қарағанда, түрлері біртүрлі күлкілі көрінеді екен. «Сен кімсің?» дегендей шікірейіп, шекесінен қарай ма бізге?.. Әйтеуір күлкімізді шақырды.
Шағын ғана қораның іші үшке бөлінген. Бірінде қораз бастаған тауықтар, қалған екі «бөлмеде» түйеқұстар «отбасы» тұрып жатыр... Аталығының түсі ерекше. Мөлттей қара түсті жүні етек жағы ақшыл шілтермен көмкерілген көйлек секілді сәнді көрінеді.
Өздеріне қызықтай қараған бізге олар да таң-тамаша болып тұрғандай әсер қалдырды. Себебі қарағанда кірпік қақпайды. Мойындарын созып, бастарын әнтек қисайтып қарайды. Алдарындағы астауды шұқылап, қоршаудың торлы есігін тістелеп тұрған кішілеу түйеқұс тынымсыз көрінді. Сәл жақын тұрған біздің күртешемізді де бір тістеп көрді. Нұржанат Қуанышқызының айтуынша, бұл оның тамақ сұрап тұрғаны екен.
– Бұлар негізінен сонау Африкада мекендейтін құс қой. Сіздер қашаннан бері өсіріп жатсыздар? Олар біздің жақтың 20-30 градус суығына тоңбай ма?
– Бұл құстарды өсіргенімізге сегіз жылдай болды. Бір жылда екі рет, яғни көктем мен күзде туады. Балапанын өсіру өте қиын екен. Себебі тоңғақ келеді. Табаны баланың табанындай нәзік, сыз өткізбеу керек. Өскен соң, жылы қорада тоңбай-ақ тұра береді. Қыстай жем, дәрумендер береміз. Жаз шыға шарбақтағы шөпті жейді. Сондықтан оларға кең, жайылуға қолайлы аула болғаны жөн. Қырыққабатты жақсы көреді. Жалпы біз азыққа пайдаланатын көкөніс пен жемістердің қабықтары мен қалдықтарын осылар жеп тауысады. Суды жақсы ішеді, – деді Нұржанат Ақсалова.
Өзі ұзын мойындарын созып қарап тұрған түйеқұстарды көргенде олар жөніндегі түрлі қызықты деректер еске түскен еді. Мәселен, түйеқұстың ғылыми атауы – Struthio camelus, яғни «түйе торғайы» немесе «түйе тәрізді үлкен торғай». Әлемдегі ең үлкен құс саналатын түйеқұстың биіктігі 3 метрге, ал салмағы 180 келіге жетеді. Қанаттары қысқа болғандықтан, ұша алмайды. Бірақ өте күшті аяқтарымен сағатына 70 шақырымға дейін жүгіре алады. Ал қанаттары қорғаныс қызметін атқарады. Жүгіргенде олардың тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі.
– «Түйеқұс қорықса, басын құмға тығып алады» дегенді естігенбіз, тіпті мультфильмде де көрсетеді. Сіздің түйеқұстар солай жасай ма?
– Жоқ, ондай әдеттерін байқамадық. Жалпы, мұндай түсінік өтірік шығар. Себебі олар қызықтыратын нәрсені тұмсығымен ұстау үшін басын төмендетеді. Олар өздерін бағатын кісілерді таниды. Қыстай осы қорада тұрады. Жаздай аулада жүреді. Былтыр аулаға иттер кіріп кетіп, айнала азан-қазан болды. Шошынған түйеқұстар қоршауды бұзып өтіп, карьерден жүзіп өтті. Осылайша олардың қатты жүгіретіндеріне және жүзе алатындарына куә болдық. Тек ұша алмайды. Жылтырақтарға қызығады. Түйеқұстың аналықтары жұмыртқа басар шақта жұбының көңілін аудару үшін аяқтарын көтеріп, қанаттарын жайып, балериналар сияқты билейді.
Нұржанат Қуанышқызының айтуынша, түйеқұстың еті дәмді де сөлді. Еті сондай-ақ науқас жандарға, спортпен айналысатындарға өте пайдалы дейді. Ал бір жұмыртқасымен жиырма шақты адамды тойдыруға болады екен. «Былтыр жазда Нұр-Сұлтаннан, Шымкенттен түйеқұстың жұмыртқасын сұрағандар болды. Алайда Оралдағы мейрамханалардан түйеқұстың етіне деген сұраныс түсіп жатқан жоқ. Мүмкін мұндай құстың біздің облыста өсірілетінін білмейтін шығар. Биыл жұмыртқаларын инкубаторға бастырамыз ба деген ойдамыз. Қазір түйеқұсты өзіміз пайдалану үшін өсіріп отырмыз. Еті бойға сіңімді, жеңіл әрі денсаулыққа да пайдалы. Алдағы уақытта олардың санын көбейткіміз келеді. Мүмкін сол кезде құстың еті мен жүніне сұраныс болатын шығар. Түйеқұстар жөнінде интернеттегі ақпараттармен танысып отырамыз. Шетелде бұлардың терісінен сөмке жасайды. Терісі қолтырауынның терісімен парапар саналады. Хореографтар мамықтарын кәдеге жаратады. Жұмыртқа қабығынан әшекей заттар, кәдесыйлар жасайды екен», – деді шаруа жан.
Жалпы түйеқұстың жұмыртқасы, терісі мен жүні, тырнақтары, тұмсығы, ішектері, іш майы, сүйегімен қоса аяқ терісі де пайдаға асады екен. Алайда біздің елде ғой, қойдың жүнін, малдың терісін кәдеге жаратудың өзі мұң. Десе де, «Қалауын тапса, қар жанар» дегендей, кәсіптің кілтін тапқан жан нәсіпсіз қалмасы анық. Бәйтерек ауданының Трекин ауылдық округінде орналасқан «Ақбота» шаруа қожалығының жетекшісі Жанболат Ақсаловтың өзімен жүздесудің сәті түспеді. Алайда жары Нұржанат Қуанышқызының сөзінен-ақ мұндағы біраз жайтқа қанықтық. Мал шаруашылығына мығым қожалықтың түйеқұс өсірудегі тәжірибесі де текке кетпейді деген сеніммен үйге аттандық.
Ясипа Рабаева,
zhaikpress.kz