5.04.2022, 11:30
Оқылды: 121

Сервистік модель дегеніміз не?

Соңғы жылдары «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» пен «Жұртқа жақын полиция» қағидатын қалыптастыру бағытында көптеген нақты жұмыстар қолға алынғаны баршаға мәлім. Ал сервистік полиция – аталмыш  саладағы мүлдем жаңа қызмет түрі. Мұндағы мақсат – тәртіп сақшылары халыққа сапалы қызмет көрсете отырып, қоғаммен серіктесе түрлі қауіпсіздік мәселелерінің алдын алуға күш салады. Қазіргі қолданыстағы модельде полиция негізінен ықтимал құқықбұзушыларға және тәртіпсіздік жасаған немесе жасауы мүмкін адамдарға назар аударады. Сәйкесінше, осындай жандарды қылмысқа итермелейтін немесе оны жасауға ықпал ететін себептерді күнілгері анықтауға тырысады. Әдістер де негізінен жазалау мен жедел әрекет ету болып табылады. 

20

Енді сервистік модель дегеніміз не, ол қалай жұмыс істейді? Мұнда қауіпсіздік мәселелері және оларды шешуге қатысу қоғаммен бірлесе жүзеге асырылады. Яғни қоршаған орта оның себептерін анықтауға әрі тиісінше шешім қабылдауға көмектеседі. Бұл ретте құқықбұзушылыққа емес, полицияға һәм билікке деген се­нім­ді қалыптастыратын белсенді азаматтарға басымдық беріледі. Онда негізінен профилактикалық іс-шараларға баса назар аударылады. Мұндай сервистік модельді енгізу  қазіргі  күннің басты талабының бірі болып отыр. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі бұл істің негізгі басым бағыттарын айқындап берді. Өйткені Президентіміз Қ. Тоқаев осы сервистік модель арқылы полиция қызметін халықаралық тәжірибе негізінде дамыту міндетін алға қойды.

Жасыратыны жоқ, полицияның халықпен жұмыс істеу тәсілдерін өзгерту, бұл әлемдік тенденция болып табылады. Жалпы, қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сервистік тәсіл – ол қылмыспен тиімді жұмыс істеу және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында­ғы басты стратегия. Еліміздің бірқатар өңірлерінде іске қосылған пилоттық жоба шеңберінде біздің облыста да қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша мобильді топ құрылып, өз қызметіне кірісіп кетті. Бұл дегенің қоғаммен бірге тиімді әдістерді қолдану арқылы қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, соған қоса, криминогендік жағдайлар төңірегіндегі кейбір түйткілдерді анықтау деген сөз.

Нақтырақ айтсақ, аталмыш  жобаның басты көздеген мақсаты – жұртшылықты және жергілікті мемлекеттік құрылым қызметкерлерін жаңа тәсілдер мен шешімдерді әзірлеуге тарту, сол арқылы құқықбұзушылық әрекеттер мен оған ықпал ететін жағдайларды жою болып табылады. Айта кетелік, статистикалық деректерді талдау және мониторинг негізінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша мобильді топқа қаладағы Абай полиция бө­лімі орналасқан орталық бөлік таңдалды. Оған осы төңіректе халықтың тығыз орналасуы да себеп болып отыр. Сонымен бірге бұл жерде сақшыларымыздың алаңсыз қызмет атқаруына барлық жағдай жасалған. Топ жұмысының қорытындысы алдағы сәуір айында шығарылады.

Иә, бүгінде жергілікті полиция қызметін сервистік модельге ауыстыра отырып, оны жетілдіре түсу жолында біраз жұмыстар атқарылуда. Мәселен, аталмыш құрылымды жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы бойынша өңірімізде азаматтардың өтініштерін жедел қабылдау үшін 19 фронт-офис құрылды. Облыс орталығы мен Ақсай қаласында бесбестен модульдік үлгідегі 10 стационарлық бекет жұмыс істейді. Осындай бекеттер келешекте Ақжайық, Бәйтерек, Теректі және Тасқала аудандарында іске қосылмақ. Мұның сыртында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы арқылы «Ковровое» жобасына сай облыс аумағында 23 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның қатарында полицияға қарасты барлық үй-жайлар мен жедел тергеуге арналған орындар бар. Бір жағынан бұл халыққа жасалған  ашық мүмкіндік десек, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен полиция қызметкерлеріне деген сенімсіздікті де азайтары хақ. Мысалы, былтыр қазан айында пайдалануға берілген жаңа камералардың арқасында бір ауданда лауазымды тұлғаның пара беру әрекеті тіркелді.

Осы ретте «Азаматтардың хабарламаларын қабылдаудың біркелкілігі» жобасына орай қала аумағындағы білім беру объектілері мен кейбір қоғамдық орындардағы «SOS» батырмалары 102 пультіне қосылғанын  ескерте кетелік. Осынау бағдарламаларды табысты іске асырудың тиімді жолы, ол – халықпен  бірлескен жұмысты одан әрі жетілдіре түсу. Заман ағымы, уақыт тынысы бұдан да іргелі әрі күрделі мәселелерді шешуді талап етері сөзсіз. Сондықтан ел-жұрттың өтініш-тілегіне және азаматтық қоғамның даму қарқынына байланысты дер кезінде оң өзгерістерге бет бұра білуіміз керек. Ол – қоғамның әрбір мүшесі мемлекеттік саясатты қалыптастыруда тең құқыққа  ие бола алатын демократия жолы. Қысқасы, Мемлекет басшысы бастап берген реформаларды сәтті іске асыруға сіз де, біз де бірдей жауаптымыз, жерлестер!

Нұрлан Бисенов,

Орал қалалық полиция басқармасының басшысы, полиция  подполковнигі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале