5.04.2022, 12:30
Оқылды: 70

Оралдағы Ұландықтар Жолдауды талқылады

Орал шаһарындағы 5517 әскери бөлімінің офицерлері мен келісімшарт бойынша қызметкерлері бірлесе Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың "Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы" атты Жолдауындағы негізгі қағидаларын талқылауға арналған ақпараттандыру сағаты өткізді.

24

Аталған шараға "Аманат" партиясының қалалық мәслихат депутаттары Камалов Алпамыс, Маратова Аида және партияның облыстық бақылау комиссиясы мүшесі Рақымжанов Нұрлан қатысып, әскерилерге Президентіміздің Жолдауын талқылап, ой бөлісіп, тереңінен түсіндіріп қойылған сұрақтарға жауап берді.

Басқосуда Мемлекет басшысының жаңа саяси реформалары туралы кеңірек айтылды. Басқарудың «суперпрезиденттік» үлгісінен ықпалды Парламенті бар Президенттік республикаға біржола көшу туралы бастама айрықша мәнге ие. Камалов Алпамыс Жолдауда айтылған осы бастама жаңару мен жаңғыру жолындағы нақты қадам екенін атап өтті.

- Ерекше әсер еткені - Ұлттық құрылтай құрылатыны. Бұл енді дала демократиясы дәстүрін жандандырудың бір көрінісі деп түсінемін. Жалпы, Құрылтай деген атының өзінде бірлік, береке деген мағына жатыр. Және бұл Ұлттық құрылтайда әр аймақтың өкілі болатындығы өте құптайтын жағдай. Сондықтан бұл құрылтай еліміздің, халқымыздың өзекті мәселелерін шешуде өзінің айрықша рөлін атқаратынына сенімдімін,-деді қалалық маслихат депутаты.

26

Өз кезегінде "Аманат" партиясының қалалық мәслихат депутаты Маратова Аида бұл Жолдауда өткенді саралай отырып, болашаққа баянды істермен қадам басу керек екендігі нақты көрсетілгенін атап өтіп, ел дамуына ерекше серпін беретін бағдарламалық құжаттың маңыздылығына тоқтала отырып, Жолдауда айтылған негізгі бағыттар мен Мемлекет басшысының Үкімет пен мемлекеттік органдардың алдына қойған тапсырмалары туралы хабарлап, кеңінен түсіндірді.

- «Жаңа Қазақстан дегеніміз – егеменді еліміздің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды. Бұған тарихтан талай мысал келтіруге болады. Біз келешегіміздің кемел боларына және жарқын болашақты өз қолымызбен жасай алатынымызға сенеміз. Әрбір азаматтың конституциялық құқығының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етеміз», - деді Президент.

Сондай-ақ Президент «Жаңа Қазақстанның» іргетасын қалай отырып, мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырамыз деді. Жолдауда айтылғандай, енді Мемлекет басшысының жақын туыстары лауазымды басшылыққа тағайындалмайды. Бұған заңмен тыйым салынатын болды. Тағы бір маңызды жаңалық - елімізде жаңа 3 облыс пайда болады. Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары. Семей Абай облысының, Жезқазған Ұлытау облысының және Талдықорған Жетісу облысының орталығы болады, – деді Аида Маратова.

Кездесу барысында  "Аманат" партиясының облыстық бақылау комиссиясы мүшесі Рақымжанов Нұрлан Жолдаудың негізгі бағыттарына тоқтала отырып, баршамыздың Жаңа Қазақстанды құруға өз үлесімізді қосуымыз қажеттігін атап өтті. Ұлттық ұлан сарбаздарына мызғымас бірлігімізді қорғаудағы, татулық пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі еңбектеріне табыс тіледі.

25

Шара соңында 5517 әскери бөлімінің командирі, подполковник Сағындық Алкайдаров ел дамуы үшін барлық жағдай жасалып отырғанын, әскердің бейбітшілік пен қауіпсіздік кепілі болып қала беретінін атап өтті. Сондай-ақ кездесуге ат терлетіп келген меймандарға жеке құрам тарапынан шексіз алғысын білдіріп, алғысхаттарды табыстады.

«Батыс» өңірлік  баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале