Кеше «Шабыт» өнер орталығында өткен әдеби іс-шараға Талап Таймасұлы, Естеміс Өтемісұлы, Орынбек Меңдіқұл және Марлен Ғилымхан секілді ақындар қатысты.
Аталмыш өнер орталығындағы «Жас ақындар» үйірмесінің тәрбиеленушілері кеш қонақтарының шығармашылығынан бірнеше өлеңді нақышына келтіре оқыды. Кешті жүргізген үйірме жетекшісі Әсет Құбаев шәкірттеріне сұрақ қоюға рұқсат бергенде, бүлдіршіндер кезекпен сауалдарын жолдап, ақын ағаларының алғашқы өлеңінің қалай жазылғанын, шабыттың қай уақытта келетінін, қандай ертегілерді оқу керектігін білді.
Өз кезегінде ақындар да өлең оқыды. Соңғы кездері ән жазумен де шұғылданып жүрген Орынбек Меңдіқұл анасына арнаған әнін орындап, арнау да айтты. Іс-шара барысында жас суретші Сырым Ноянұлы қонақтардың портретін салып, оны кеш соңында ақындардың өзіне сыйға тартты. Ал болашағын өлеңмен, жазу-сызумен байланыстырғысы келетін 1-4 сыныпта оқитын бүлдіршіндер ақындардан қолтаңба алып, суретке түсті.
Өз кезегінде қалалық мектептен тыс жұмыс орталығы директорының орынбасары Шаттық Саматқызы ақындарға алғыс білдіріп, естелік сыйлықтар табыс етті.
Әлкеш Қалқаман,
zhaikpress.kz