Жасынан еңбекке ерте араласып, ауданның қарыштап дамуына сүбелі үлес қосқан еңбек ардагері Ризуанов Нағым Ризуанұлы өткен айдың бел ортасы ауа 85 жасқа толды.
1937 жылы Фурманов ауданының Қарақоға ауылдық кеңесінде дүниеге келген Нағым ақсақал – тыл және еңбек ардагері. Он жылдық мектепті бітіргеннен кейін бозбала Нағым осы ауданға қарасты «Сталин» атындағы ұжымшарда еңбек етіп, кейін Кеңес әскері қатарында үш жыл азаматтық борышын атқарады. 1960 жылы аутокөлік жүргізушілерін даярлайтын курсты тәмамдап, «Акқөл» кеңшарында аутокөлік жүргізушісі болып 1964 жылдың тамыз айына дейін еңбек етеді.
Оқуға құштар жас білімін шыңдау мақсатында Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының зоотехниктер даярлайтын бөліміне оқуға түсіп, 1969 жылы бітіріп шығады. Жолдамамен «Ақкөл» кеңшарының №3 бөлімшесіне зоотехник болып орналасады. Жас маман Нағым Ризуанұлы кеңшар басшыларының қолдауымен малшылар үйлеріне электр желісін тартуға сеп болады. Ол еңбек еткен бөлімше аудан бойынша социалистік жарыстың жеңімпазы атанады. Осындай жетістіктерден кейін оның лауазымы өсіп, 1971 жылы «Ақкөл» кеңшарының бас зоотехнигі болып тағайындалды. Кейін 1974-1976 жылдары аралығында Нағым Ризуанұлы сияқты білікті мамандардың арқасында шаруашылық үлкен табыстарға қол жеткізді. Облыстың солтүстік аудандарынан симментал тұқымды сүтті сиырлар алынып, ауыл жастарынан «Қызғалдақ» сауыншылар бригадасы құрылады.
– Біз еңбек еткен жылдарда мектепті бітірген жастардан шопандар бригадасы құрылып, мал бордақылау жұмыстары қарқынды жүрді. Малшы-шопандардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарды. Емдеу орындарына жолдамалар алды. Осы жұмыстардың басы-қасында бас маман және кеңшар директорының орынбасары ретінде мен де жүрдім. Еңбегім бағаланып, «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталдым. 1975-1976 жылдары Алматы қаласындағы колхоз-совхоз басшыларын даярлайтын арнайы курста оқып жүрген кезімде, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Социалистік Еңбек Ері Кенжебек Меңдәлиевпен кездестім. «Сендердің оқып жатқан курстарыңда жаңадан ашылған арнаулы мал бордақылау шаруашылықтары жөнінде бөлім бар көрінеді. Сол бөлімнің сала-саласын жете меңгеруің керек» деп арнайы тапсырма берді. Кейін мені оқудан келісімен ауданда жаңадан құрылған «Сарықұдық – мал бордақылау бірлестігінің» директоры қызметіне ұсынды. Осылайша Сарықұдықта тоғыз жылға жуық бірлестік директоры болып қызмет атқардым. Шыныбай Шарафеддинов, Сина Төлегенов сияқты өмір көрген басшыларға жолығып, олардың көмегімен сырты селикатпен қапталған көптеген тұрғын үйлер тұрғызуға қол жеткіздік. Сөйтіп, екі-үш жылдың ішінде төрт көше бой түзеп, арнайы мамандар мен жұмысшылар келе бастады. Алыстан қарағанда мен мұндалап тұратын самаладай ауылдың көшелеріне арықтар тартылып, таза ауыз су уақытында жеткізілді. Еңбек көрігі қайнаған сол тұста ауылға он жылдық орта мектеп, 50 орындық балабақша, 25 оқушыға арналған мектеп-интернат, дәрігерлік-фельдшерлік пункт, шаруашылық кеңсесінің ғимараты, 200 орындық мәдениет үйі мен ауылдық кітапхана, типтік жобамен салынған 40 орындық қоғамдық монша тұрғызылып, қысқа мерзімнің ішінде пайдалануға берілді.
Шаруашылықта 3500 ірі қараға арналған мал қоралары мен нәрлендіру цехтары, 500 тонналық жем сақтайтын қоймалар салынды. Бордақылауға қойылған 500 ірі қараға су құбыр арқылы жеткізілді. Бордақылау алаңындағы барлық жұмыстар механикаландырылды. Мал азығына арпа, қара бидай, көпжылдық шөптер егіліп, қолдан суару арқылы мол өнім алуға қол жетті.
Міне, осы жұмыстардың барлығы ғылыми негізде ұйымдастырылып, шаруашылықтың әр жылды таза пайдамен аяқтауына көп септігін тигізді. Сарықұдық бірлесті-гіндегі табысты еңбегімнің арқасында Фурманов аудан дық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне тағайындалдым. Онда ауданның ауыл шаруашылығы саласын дамыту, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға бар күш-жігерімді жұмсадым.
1995-1997 жылдары зейнеткерлікке шыққанша аудандық суландыру жүйесінде еңбек еттім. 1997 жылдың маусым айынан бері зейнеткермін. Қоғамдық жұмыстан қол үзбей, ширек ғасыр бойы Жаңажол ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарып келемін. Сол уақытта ауылдың да, халықтың да тұрмыс-тіршілігі қиын болған еді. Округте 1991 жылы пайдалануға берілген 140 орындық балабақша талан-таражға түсіп, түгелдей пайдасыз болды. Орта мектеп жөндеу көрмей, төбесінен тамшы ақты, қабырғалары мүжілді. Мәдениет үйі жұмыс істемей, төрт жерінен тіреумен тұрды. Әкімдікте бір телефон ғана жұмыс істеді. Осы кедергінің бәрі елдегі орын алған ауыр кезеңге байланысты еді. Осы тұста ел болып ақылдасып, жергілікті басшылардың қолдауымен 2009 жылы балабақша күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. 2010 жылы орта мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Өзеннің суы тазартылып, халыққа тұшытатын қондырғы арқылы таза ауыз су беріле бастады. Типтік жобада 150 орындық мәдениет үйі, кәсіпкерлер есебінен мешіт пен фельдшерлік-акушерлік пункт салынды.
Оның сыртында 2016 жылдан бері ауданның ақсақалдар алқасы бірлестігінің төрағасы болғандықтан, әлі күнге дейін ауданның өмірімен тығыз байланыстамын. Қазіргі уақытта қоғамдық ұйымдарға үлкен жауапкершілік жүктеліп, халықпен тығыз байланыста жұмыс ұйымдастыру басты міндетке айналып отыр.
Ауданымыздың, ауылымыздың өркендеуіне қосып жатқан азды-көпті еңбегім ескерусіз қалған жоқ. Әр мереке сайын облыс, аудан, ауыл әкімдерінің алғысхаттары мен облыстық ардагерлер ұйымының Құрмет грамоталарымен марапатталып тұрамын. Отбасым да аман. Өмірлік жолдасым Сәуле Қажымқызы екеуміз үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдік. Олардан тоғыз немере, төрт жиен, үш шөбере, бір жиеншар сүйіп, сүйікті ата-әже бо-лып отырған жайымыз бар, – дейді ақсақал.
Салиқалы өмірін ел игілігіне арнап, еңбегінің зейнетін көріп отырған Нағым Ризуанұлының белесті жасы берекелі болсын!
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz